Ұйым басшылары мен ұйымдардағы қауiпсiздiгi мен еңбектiң қорғалуы үшiн жауапты адамдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі білімін тексеруді жүргізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2004 жылғы 27 желтоқсандағы N 312-ө бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 26 қаңтарда тіркелді. Тіркеу N 3394. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 23 тамыздағы N 205-ө Бұйрығымен.

     Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007.08.23 N 205-ө Бұйрығымен.

      "Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 28 ақпандағы  Заңының 10-бабы 4) тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН :
     1. Қоса берiлген Ұйым басшылары мен ұйымдардағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектiң қорғалуы үшiн жауапты адамдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi жөнiндегi бiлiмiн тексерудi жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.
     2. "Басшылар мен мамандардың еңбектi қорғау бойынша бiлiмiн тексерудiң тәртiбi туралы үлгiлiк ереже" Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгi алқасының 1995 жылғы 3 сәуiрдегi N 4-2  қаулысының (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 60 тiркелген) күшi жойылды деп танылсын.
     3. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.

     Министр

Қазақстан Республикасы      
Еңбек және халықты        
әлеуметтік қорғау министрінің  
2004 жылғы 27 желтоқсандағы   
N 312-ө бұйрығымен бекітілген  

  Басшылар мен ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі
мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты
адамдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
мәселелері жөніндегі білімін тексеруді
жүргізу ережесі

     Осы Ереже "Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  10-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің ұйым басшыларының және ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға жауапты адамдардың білімін тексеруінің тәртібін белгілейді.

  1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегі білімді тексерудің тәртібі

     1. Ұйым басшыларының және ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға жауапты адамдардың (бұдан әрі - жауапты адам) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімін тексеру еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің комиссияларында өткізіледі.

     2. Жауапты адамдардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімін тексеру үш жылда кемінде бір рет өткізіледі.

     3. Жұмысқа қабылданған жауапты адамдар еңбек шартына қол қойған күннен кейін бір айдан кешіктірмей еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімін тексеруден өтуі тиіс.

     4. Білімін тексеру алдында өндірістік ұйымдардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдар тиісті жоғары оқу орындарындағы біліктілікті жоғарылату курстарында оқып шығады.

     5. Білімді тексеру жұмыс беруші бекіткен және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісілген кесте бойынша жүргізіледі.

     6. Жауапты адамның білімін тексеру үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің емтихан комиссиясы тестілеу әдісін немесе емтихан билеттерін пайдалана алады. Емтихан билеттері немесе тестілер өндірістің ерекшеліктерін, мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын ескере отырып әзірленеді және оларда:
     Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексі (47-тарау) бойынша;
     "Қазақстан Республикасындағы  еңбек туралы", "Еңбек қауіпсіздігі және  еңбекті қорғау туралы", " Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы " Қазақстан Республикасының Заңдары бойынша;
     еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер бойынша мәселелер көзделуі тиіс.

     7. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің емтихан комиссиясы жауапты адамдардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімін тексергеннен кейін төмендегі шешімдердің біреуін қабылдайды:
     еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімін тексеруден өтті;
     еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімін қайта тексеруге жатады.

     8. Емтихан комиссиясының шешімі ашық түрде дауыс беру арқылы қабылданады.

     9. Білімдерін тексеру нәтижелері осы Ережеге 1-қосымшадағы нысанға сәйкес хаттамамен ресімделеді. Хаттамаға емтихан комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қояды.

     10. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша білімін тексеруден өткен жауапты адамдарға хаттамадан көшірме беріледі.

     11. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімін тексеруден өтпеген жауапты адам білімін қайта тексеруден өткенше атқаратын лауазымында қалады. Білімін қайта тексеру білімін тексеру өткізілген күннен бастап үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде жүргізіледі.

     12. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімін қайта тексеруден өтпеген жағдайда жауапты адам Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жұмыстан шеттетіледі.

     13. Жауапты адамдар төмендегідей жағдайларда:
     жаңа жабдық іске қосылғанда немесе жаңа технологиялық процестер енгізілгенде;
     жауапты адамның еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі қосымша білімінің болуын талап ететін өзге жұмыс орнына ауыстырылғаны немесе өзге лауазымға тағайындалғаны жағдайда;
     топтық, өліммен немесе ауыр салдармен (мүгедектікке әкеп соққан) жазатайым оқиғаларға жол берілген кезде, сондай-ақ, апат, жарылыс, өрт немесе улану туындаған кезде;
     еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің талабы бойынша;
     жұмыста бір жылдан астам үзіліс болғанда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімін осы Ереженің 2-тармағында көрсетілген мерзімнен тыс уақытта қайта тексеруден өтеді.

     14. Ұйымдардың емтихан комиссияларының шешімдеріне байланысты даулар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органда немесе сотта қаралады.

  2. Емтихан комиссиясын құру және оның қызметін
ұйымдастырудың тәртібі

     15. Емтихан комиссиясы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі басшысының бұйрығымен кемінде 3 адамнан құрылады.

     16. Комиссия Төрағадан және комиссия мүшелерінен тұрады. Емтихан комиссиясының құрамына еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.

     17. Емтихан комиссиясының жұмысы тұрақты негізде жүзеге асырылады.

     18. Емтихан комиссиясының жұмыс тәртібін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің басшысы белгілейді.

     19. Жұмыс беруші осы Ережеге сәйкес ұйым басшыларының және ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбектің қорғалуына жауапты адамдардың білімін тексеруді ұйымдастырады.

     20. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі білімдерін тексеруге жататын жауапты адамдар тексерісті өткізу басталғанша кемінде 30 күн бұрын хабарландырылуы тиіс.

                                      Басшылары мен ұйымдардағы
                                    еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті
                                      қорғауды қамтамасыз етуге
                                      жауапты адамдардың еңбек
                                      қауіпсіздігі және еңбекті
                                     қорғау мәселелері жөніндегі
                                       білімін тексеруді жүргізу
                                        ережесін бекіту туралы
                                          ережесіне 1-қосымша

    ___________________________________________________________ 
    (еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі аумақтық
                      уәкілетті мемлекеттік орган)

       Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша
  білімін тексеру жөніндегі емтихан комиссиясы отырысының
                            хаттамасы

200___ ж. "____" ________________

Комиссия құрамы:

Төраға ____________________________________________________________
                            лауазымы, Т.А.Ә.
комиссия мүшелері _________________________________________________
                                лауазымы, Т.А.Ә. 

200___ ж. "___" ___________ N ____ бұйрық негізінде
_________________________________________________ емтихан қабылдады

     білімді тексеру түрі (мерзімді, екінші рет) және белгіледі:

Тегі, аты,
әкесінің аты 

Ұйым
атауы

Лауазымы

Білімін тексеру
туралы белгі
(тапсырды,
тапсырмады)

Ескерту






        Комиссия төрағасы                    ______________________
                                                 (Т.А.Ә.)

     Комиссия мүшелері                    ______________________
                                                 (Т.А.Ә.)