Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010.05.17 N 346 Бұйрығымен.
"Келісілген"
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
2004 жылғы 12 шілде
"Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және ғылыми және ғылыми-педагогикалық медицина және фармацевтика кадрларын даярлаудың және халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасын одан әрі жетілдіру мақсатында Бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Медицина және фармацевтика қызметкерлерін клиникалық ординатурада, магистратурада, аспирантурада және докторантурада даярлау ережесі бекітілсін.
2. Әкімшілік департаменті (Шабдарбаев А.Т.) және Медицина ғылымы, білім, медицинаны дамыту және халықаралық қатынастар департаменті (Хамзина Н.Қ.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Әкімшілік департаменті (Шабдарбаев А.Т.) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Бірінші вице-министр А. Ақановқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министрдің
міндетін атқарушы
"Медицина және фармацевтика
қызметкерлерін клиникалық
ординатурада, магистратурада,
аспирантурада және
докторантурада даярлау
ережесін бекіту туралы"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2004 жылғы 28 маусымдағы
N 509 бұйрығымен
бекітілген
Медицина және фармацевтика қызметкерлерін клиникалық ординатурада, магистратурада, аспирантурада және докторантурада даярлау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және медицина және фармацевтика қызметкерлерін, меншік нысанына қарамастан, білім беру қызметінің аталған түріне лицензиясы бар Қазақстан Республикасының білім беру және ғылыми медициналық және фармацевтикалық ұйымдарында (бұдан әрі - Білім беру және ғылыми ұйымдар) клиникалық ординатурада, магистратурада, аспирантурада және докторантурада даярлаудың тәртібін айқындайды. K090193
2. Жоғары медициналық және фармацевтикалық білімді мамандарды даярлау денсаулық сақтау саласын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
3. Кадрларды клиникалық ординатурада даярлау "Дәрігерлік лауазымдар мен мамандықтардың номенклатурасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 19 маусымдағы N 458 бұйрығына (Нормативтік құқықтық кесімдердің тізілімінде N 2391 тіркелген және Ресми газеттің 2003 жылғы 2 тамыздағы N 31 санында жарияланған) сәйкес жүзеге асырылады.
Магистратурада даярлау Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетінің 2004 жылғы 12 наурыздағы N 75 бұйрығымен бекітілген және қолданысқа енгізілген Бакалавриат және магистратура мамандықтарының жіктеушісіне сәйкес жүзеге асырылады.
Докторантурада және аспирантурада даярлау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2001 жылғы 16 наурыздағы N 174 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының ғылыми қызметкерлері мамандықтарының номенклатурасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Аспиранттарды және докторанттарды даярлауды барлық мамандықтар бойынша диссертациялық кеңестер әзірлейтін және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Жоғары аттестаттау комиссиясы бекітетін оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Клиникалық ординаторларды даярлауды барлық мамандықтар бойынша кафедралар әзірлейтін және оларды даярлауды жүзеге асыратын Білім және ғылыми ұйымдардың Ғылыми кеңестері бекітетін оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Магистранттарды даярлау Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитеті бекіткен Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Клиникалық ординатурада, магистратурада, аспирантурада және докторантурада даярлау
5. Кадрларды клиникалық ординатурада, магистратурада, аспирантурада және докторантурада даярлау медициналық немесе фармацевтикалық білім базасында жүзеге асырылады.
6. Клиникалық мамандықтар бойынша аспирантураға денсаулық сақтау жүйесінде 3 жылдан кем емес жұмыс стажы бар немесе клиникалық ординатурадан өткен адамдар қабылданады.
7. Клиникалық ординатурада оқу күндізгі нысанда жүзеге асырылады, оқу мерзімі екі жылды құрайды. Клиникалық ординатурада оқу мерзімі дәрігердің еңбек стажына есептеледі.
8. Медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша магистратурада оқу күндізгі нысанда жүзеге асырылады, оқу мерзімі екі жылды құрайды. Магистратурада оқу мерзімі ғылыми-педагогикалық жұмыс стажына есептеледі.
9. Клиникалық ординатурада, магистратурада, аспирантурада және докторантурада оқу Білім беру және ғылыми ұйымдардың клиникалық базаларында жүзеге асырылады.
10. Мамандықтардың бөлімдері бойынша оқу жүктемесі мен емдеу-алдын алу жұмысының көлемі жеке жоспармен айқындалады.
11. Магистранттарды, аспиранттарды, докторанттарды даярлауды жүзеге асыратын ұйымның ғылыми кеңесі жыл сайын оларды аттестаттауды жүргізеді.
3. Қорытынды ережелер
12. Жеке жоспарын белгіленген мерзімде орындамаған, кәсіби этиканы бұзған клиникалық ординаторлар, магистранттар, аспиранттар және докторанттар клиникалық ординатурадан, магистратурадан, аспирантурадан және докторантурадан шығарылады.
13. Уәкілетті орган, егер аспирантурада және докторантурада даярлау алдын ала қорғаумен және Диссертациялық кеңеске ұсынумен, магистратурада - магистрлік диссертация қорғаумен, клиникалық ординатурада - жеке жоспарды орындаумен аяқталған жағдайларда жоғары оқу орнының кейінгі кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты Білім беру және ғылыми ұйымда орналастырмауға құқылы.