Сәйкестік туралы декларацияны қабылдау және оны тіркеу Ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитеті Мемстандарт төрағасының 2003 жылғы 20 қаңтардағы N 8 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 19 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2179. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрінің 2010 жылғы 12 шілдедегі № 153 Бұйрығымен

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрінің 2010.07.12 № 153 Бұйрығымен.

      "Сертификаттау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан рыногында сатылатын өнімнің қауіптілігі қаупін арттырылмайтындай өнімге сертификаттау жүргізу барысында шығындарды төмендету жолымен отандық өндірушілерге дем беру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берілген сәйкестік туралы декларацияны қабылдау және оны тіркеу Ережелері бекітілсін.
      2. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енгізілсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

      Төраға

"Сәйкестігі туралы декларацияны  
қабылдау және оны тіркеу     
Ережелерін бекіту туралы"    
Қазақстан Республикасы Индустрия 
және сауда министрлігінің    
Стандарттау, метрология және  
сертификаттау жөніндегі     
комитетінің           
2003 жылғы 20 қаңтардағы    
N 8 бұйрығымен          
БЕКІТІЛДІ             

Сәйкестік туралы декларацияны қабылдау және оны тіркеу Ережелері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы ережелер Қазақстан Республикасының "Сертификаттау туралы" Заңына сәйкес әзірленді, жеткізіп берушімен (дайындаушымен, сатушымен) сәйкестік туралы декларацияны қабылдау, оның Қазақстан Республикасының мемлекеттік сертификаттау жүйесі (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының МСЖ) тізілімінде тіркелу тәртібіне қойылатын талаптарды және де қауіпсіздігі сәйкестік туралы декларациямен расталған өнімге бақылауды белгілейді.

      2. Сәйкестік туралы декларация - жеткізіп берушінің (дайындаушының, сатушының) өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін куәландыратын, мемлекеттік сертификаттау жүйесі белгілеген нысандағы құжаты.

      3. Сәйкестік туралы декларация сәйкестігі сәйкестік туралы декларациямен расталатын, Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген, өнім тізбесіне кіретін, міндетті сертификаттауға жататын өнім жайында дайындаушымен қабылданады.

      4. Сәйкестік туралы декларацияны қарау және тіркеу жөніндегі жұмыстар ақысын төлеу жеткізіп берушімен (дайындаушымен, сатушымен) шарт негізінде жүзеге асырылады.

      5. Сәйкестік туралы декларацияны қабылдаған және осы Ережелермен ескерілген ережелерді орындамаған жағдайда жеткізіп беруші Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жауапкершілікте болады.

2. Сәйкестік туралы декларацияны қабылдау тәртібі

      6. Сәйкестік туралы декларацияны жеке және заңды тұлғалардың қабылдауға құқығы бар.
      Жеткізіп беруші (дайындаушы, сатушы) сәйкестік туралы декларацияны өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар негізінде қабылдайды.

      7. Жеткізіп беруші (дайындаушы, сатушы) сәйкестік туралы декларацияны қабылдау үшін негіз болып табылатын құжаттар ретінде төмендегілер пайдалануы мүмкін:
      1) жеткізіп беруші және/немесе бөтен құзыретті сынау зертханалары жүргізген, өнімді қабылдау, қабылдау-тапсыру және басқа бақылау сынауларының хаттамалары;
      2) өнімнің бұрын алынған қолданыстағы сәйкестік сертификаттары немесе шикізатқа, материалға, жинақтама бұйымдарға сынау хаттамалары;
      3) стандарттарды сақтауға мемлекеттік қадағалау актілері (стандарттар талаптары бұзылмаса);
      4) барлық деңгейлерде өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін тікелей немесе жанама растайтын басқа құжаттар (шикізат жеткізу, өндірістік процесс, жинау, дайын өнім, буып-түю, таңбалау).

      8. Сәйкестік туралы декларация растауға жататын бірыңғай талаптары белгіленген нақты өнімге немесе бір текті өнім топтамасы жайында қабылдануы мүмкін.

      9. Сәйкестік туралы декларация жоспарланған осы өнім шығару мерзіміне және өнім топтамасын іске асыру мерзімін негізге алып, жеткізіп берушімен белгіленген мерзімде қабылданады, бірақ 1,5 жылдан көп емес.
      Сәйкестік туралы декларацияның қолдану мерзімі аяқталған соң өтінуші осы Ережелермен белгіленген тәртіпте жаңа декларацияны қабылдауы мүмкін.

      10. Сәйкестік туралы декларация Қазақстан Республикасының "Сертификаттау туралы" Заңына сәйкес стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органымен белгіленген нысан бойынша толтырылады және жеткізіп беруші-мекеме (дайындаушы, сатушы) басшысымен қол қойылады.

3. Сәйкестік туралы декларацияны тіркеу тәртібі

      11. Жеткізіп берушімен (дайындаушымен, сатушымен) қабылданған сәйкестік туралы декларация Қазақстан Республикасының МСЖ белгіленген тәртіпте тіркелген және тіркеу саласына сәйкес осы өнім түріне міндетті сертификаттау жұмыстарын жүргізуге құқығы бар сертификаттау жөніндегі органда тіркеуге жатады.

      12. Тіркеуге жіберілетін сәйкестік декларациясымен қоса:
      1) еркін нысандағы тіркеу туралы өтініш;
      2) осы Ережелердің 7 тармағында атап өтілген, өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжат көшірмелері;
      3) өнім өндірісі тұрақтылығын растайтын құжат көшірмелері (стандарттар мен басқа нормативтік құжаттар талаптарын сақтау туралы мемлекеттік бақылау актілерінің көшірмелері, өндіріс тұрақтылығын ішкі бақылау актілерінің көшірмелері);
      4) дайындаушының сынау зертханаларының техникалық құзыреттілігін растайтын құжаттар көшірмелері (тіркеу куәліктері немесе аттестаттау туралы куәлігі) немесе өнімді дайындаудың технологиялық процесімен және нормативтік құжатымен ескерілген сынау жүргізуге зертханалармен тіркелген шарт көшірмелері болу тиіс.
      Қажетті құжаттары бар сәйкестік мағлұмдамасы дайындаушымен таңдалған тек бір сертификаттау органына жіберілу тиіс.

      13. Сертификаттау органы 10 күн ішінде қарауға және:
      1) сәйкестігі сәйкестік декларациясымен расталған өнім тізімінде осы өнім түрінің барлығын;
      2) жеткізіп беруші (дайындаушы, сатушы) осы Ереженің 7 тармағына сәйкес сәйкестік декларациясын қабылдау құқықтылығын;
      3) осы өнімнің сәйкестігін растау үшін ескерілген нормативтік құжаттар нұсқауларының толықтығы және дұрыстығын;
      4) Қазақстан Республикасының заңымен осы өнім үшін және оны дайындауға құқығы ескерілген барлық құжаттардың барлығын;
      5) сәйкестік декларациясын толтыру дұрыстылығы тексеруге міндетті.

      14. Тексеру және қарау нәтижесі бойынша сертификаттау жөніндегі орган сәйкестік декларациясын Қазақстан Республикасының МСЖ-нің арнайы бөлімінде тіркейді немесе дайындаушыға белгіленген тәртіпте табылған сәйкессіздіктерді жою қажеттілігі туралы хабарлайды.

      15. Тіркеу сәйкестік декларациясына сертификаттау органының сәйкестендіру белгісі (коды) бар тіркеу нөмірін және Қазақстан Республикасының МСЖ нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес сертификаттау органы жүргізетін тізілімге сәйкестік декларациясын енгізудің реттік нөмірін беру жолымен жүзеге асырылады.
      Тізілімге сәйкестік декларациясын қабылдайтын мекеме атауы, оның мекен-жайы, сәйкестік декларациясының тіркеу нөмірі және сәйкестігі расталған өнім, сәйкестік декларациясының күшінің мерзімі кіргізіледі.

      16. Сәйкестік декларациясында сертификаттау органы тіркеу мәліметін көрсетеді (сәйкестік декларациясын тіркеген сертификаттау органының атауы мен мекен-жайын, оның тіркелген күнін, сәйкестік декларациясының тіркеу нөмірін) және сертификаттау органының мөрімен және басшысының қолымен расталады.

      17. Тіркелген сәйкестік декларациясы өзі ресімделген құжаттармен бірге ол күшінің мерзімі аяқталғаннан кейін үш жылдан кем емес сақталады.
      Сол мерзім ішінде сертификаттау органында тіркелген сәйкестік декларациясының көшірмесі және тіркеуге арналған қоса жіберілетін құжаттар сақталады.

      18. Сәйкестік туралы декларация оның күші таралатын нақты өнім тізбесі бар көшірмелер мен қосымшаларға ие болуы мүмкін. Сәйкестік туралы декларацияның көшірмелері мен қосымшаларын беру нысаны мен тәртібі Қазақстан Республикасының МСЖ нормативтік құжаттарымен белгіленеді.

      19. Сәйкестік туралы декларацияда көрсетілген нормативтік құжаттардың талаптары өзгерген, сондай-ақ заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда жеткізіп беруші (дайындаушы, сатушы) жаңа сәйкестік туралы декларацияны ресімдейді және осы Ережемен белгіленген тәртіпте сол сертификаттау жөніндегі органға ұсынады.