"Тұрғын үйдi ұстау жөнiндегi жұмсалған шығынның мөлшерiн белгiлеу туралы"

Алматы қаласы әкімінің 2001 жылғы 14 тамыздағы N 1/129 қаулысы. Алматы қалалық Әділет басқармасында 2001 жылғы 29 тамызда N 386 тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 7 қарашадағы № 4/910 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы әкімдігінің 2011.11.07 № 4/910 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңын, Коммуналдық қызмет көрсету Ережесiн, Алматы қаласының аумағын көрiктендiру, санитарлық тазалықта ұстау және тазалықты ұйымдастыру Ережесiн және басқа нормалық құқықтық актiлердi басшылыққа ала отырып, Алматы қалалық әкiмшiлiгi қаулы етеді:
      1. Мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорындар қызмет көрсететiн мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы үйлерде, сондай-ақ жеке жай (пәтер) иелерiнiң үйлерiнде тұрғын үйдi ұстау төлемi айына үйдiң пайдалы алаңынан 1 шаршы метрiне 11 теңге 38 тиын болып белгiленсiн, сондай-ақ айына әрбiр газ қондырғысына үйдiң iшiндегi газ қондырғысына қызмет көрсетiлгенi үшiн әрбiр газ қондырғысынан 15 теңге мөлшерiнде қосымша төлем белгiленсiн. <*>
       Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - Алматы қалалық Әкімшілігінің 2002 жылғы 22 қарашадағы N 5/749 қаулысымен; Алматы қалалық Әкімшілігінің 2004 жылғы 29 маусымдағы N 3/523 қаулысымен.
       2. Жоғарыда аталған тұрғын үй қорында, сондай-ақ тұрғын үй жайлар жеке меншiктегi азаматтардың үйлерiнде және меншiк иелерi кооперативтерi меншiгiндегi үйлерiнде жылу жүйелерiне, элеваторлық тетiктерге, ыстық және суық су құбырларына, электрмен жабдықтау жұмысына техникалық қызмет түрлерiн тиянақты өткiзудi тiкелей коммуналдық қызмет көрсетушiлер заңда белгiленген шарттарда және тәртiпте өткiзедi.
       3. Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Табиғи монополияны реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау агенттiгiнiң департаментi (Н.Ш.Алдабергенов) тарифтен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарудағы контейнерлердi шығару мен иелену, контейнерлер мен контейнерлiк алаңдарды тазалауға арналған шығындарды алып тастасын.
       4. Жай (пәтер) иелерi кооперативтерiне жеке тұрғын үй қорында тұрғын үйдi ұстауға төлемдердi бекiткенде осы қаулыдағы белгiленген мөлшердi ұстану ұсынылады, төлем алу жай (пәтер) тұрғындарының жалпы жиналысының шешiмi болса ғана рұқсат берiледi.
       5. Алматы қалалық Қаржы басқармасы (Қ.Қ.Тәжiбаев), Алматы қалалық Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтiк қорғау департаментi (А.Ж.Нұрланов) тұрғын үйдi ұстауда белгiленген тәртiпте, төлем жайлы осы қаулыдағы 1 тармағында көзделгенiндей тұрғын үй көмегiн көрсетудегi қаржыландыруды және төлем берудi қамтамасыз етсiн.
       6. Төлем мөлшерi 2001 жылдың 1 қыркүйегiнен бастап енгiзiлсiн.
       7. Алматы қаласы Әкiмiнiң 1997 жылғы 25 тамыздағы N 442  "Тұрғын үйдi ұстау жөнiндегi төлем мөлшерiн белгiлеу туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы N 307, 2001 жылғы 8 мамырдағы N 307, 2001 жылғы 4 қаңтардағы N 02 "Алматы қаласы Әкiмiнiң 1997 жылғы 25 тамыздағы N 442 "Тұрғын үйдi ұстау жөнiндегi төлем мөлшерiн белгiлеу туралы шешiмiне өзгерiстер енгiзу туралы" шешiмiнiң күшi жойылды деп есептелсiн.
       8. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы Әкiмiнiң орынбасары М.Т.Дұлқайыровқа жүктелсiн.

      Алматы қаласының Әкiмi

      Әкiмшiлiк хатшысы

Алматы қаласы Әкiмiнiң
2001 ж. 14 тамыздағы
      N 1/129 қаулысына
      N 1 қосымша

       Ескерту. 1-қосымшаға өзгерістер енгізілді - Алматы қалалық Әкімшілігінің 2002 жылғы 22 қарашадағы N 5/749 қаулысымен; Алматы қалалық Әкімшілігінің 2004 жылғы 29 маусымдағы N 3/523 қаулысымен.
      Кестедегі 11, 12 - жолдары алынып тасталды - Алматы қалалық Әкімдігінің 2006 жылғы 08 шілдедегі N 3/887 қаулысымен.

Тұрғын үйдi ұстау жөнiндегi тұрғын үйге
көмек беру кезiндегi ескерiлетiн жұмыс тiзбесi

N  
р/с

Аталуы

Айына 1 ш.м. пайдалы алаңға жұмсалатын шығын(теңге)

1.

Күрделi жөндеу: 
- үйдiң тұтас инженерлiк жүйелерi мен элеватор тетiктерiн алмастыру;
- шатырды жаңалау;
- үйдiң қабырғасын жөндеу;
- сыртқы есiк пен топшаларды алмастыру.

1-20

2.

Ағымдағы жөндеу жұмысы:
1) үйдi толығымен ұстау:
    - үйдiң қабырғаларындағы үңгiлердi жабу;
    - түскен сызықтарды, саңылауларды сылау;
    - суынған қабырғаларды жылы қаптау;
    - үйдiң қабырғаларын сылау;
    - шатырдың су аққан жерлерiн қалпына келтiру (толығымен алмастырмай);
    - үйдiң сыртын сылау және сырлау;
    - пәтерлердiң кiрмелерiндегi
баспалдақтарды темiр тiреуiштердi алмастыру.
2) тұрғын үйдi күзгi-қысқы және жазғы мезгiлде даярлау жұмыстары:
    - сынған терезелердi қою және кiрмелердегi есiктердi жөндеу;
    - құбырларды орау;
    - шатырды тазалау;
    - жылына 2 рет жертөлелердi тазалау.

1-00

3.

Көрiктендiру, контейнерлер мен контейнерлік алаңдарды дәрілеу:
    - ұраларды тегiстеу;
    - үйдiң ауласында жасыл желектердi отырғызу;
    - шағын сән беретiн сәулет үлгiлерiн отырғызу.

0-55

4.

<*>

5.

Ауланы сыпыру, қар күреу, гүлзарларды қарау, жасыл желектердi отау, қыста жолдарға құм шашу, сыпырушыларға ақша төлеу, әлеуметтiк сақтандыру, мүкәммал мен арнайы киiмдер алғызу, контейнерлер тұрған алаңды және тұрғын үйлердiң жертөлелерiн тазалау.                           

1-80

6.

Кезектi жарықтандыру (1 қабаттардағы электр лампыларын алмастыру).                         

0-60

7.

Лифтiлерге жарық беру (1-2 қабаттан басқа).                 

1-37

8.

ӘБҚ ұстау (жалақы, әлеуметтiк сақтандыру, әкiмшiлiк шаруашылық шығындар)

1-00

9.

Жылу беру жүйелерi мен элеватор тетiктерiне техникалық қызмет көрсету:
1) жылу жүйелерiне қызмет көрсету:
    - жылу жүйелерiн қарау;
    - жылу жүйелерiн қосу және ажырату (күзде, жазда, апаттық қалыпта);
    - жылу жүйелерiн сақтауға қою (көктемде), жылу жүйелерiнiң жағдайын 10 күнде бiр рет тексеру;
    - жылу жүйелерiн оны қосқанда тексерiп, ретке келтiру;
    - жылу жүйелерiндегi ақауды жөндеу (су шүмектерiн тексеру, құбырларды жылыту, орау, ауа өткiзгiш мұржаларды тазалау,
таттанған тетiктердi жөндеу, құбыр тiреуiштерiн нығайту);
    - жылу мерзiмi алдында құбырларда қалған суды алмастыру;
    - жылу мерзiмi алдында құбырларды үрлеу;
    - бақылау-өлшеу приборлары және автоматиканы ретке келтiру жұмыстары;
2) элеватор тетiктерiне қызмет көрсету (жеке жылу пункті):
    - жеке жылу пункті айына 2 рет, жылу қысымын өлшеп анықтайды;
    - жылу беру мен тоқтату кезiндегi қалыпты жұмыс;
    - жұмыс тетiктерiне қажеттi бөлшектердi алмастыру;
    - тат басудан барлық құбыр тетiктерiн тазалау;
    - құбыр бұрандаларын алмастыру;
    - құбырдан аққан суды тоқтату;
    - бос тiреуiштердi нығайту;
    - барлық тетiктердi қалпына келтiру.

1-72 

10.

Ыстық және суық су құбырларына қызмет көрсету:
1) сантехникалық:
    - су құбырлары тiректерiн тазалау;
    - жер төлелердегi жуынды құбырларын тазалау, оның құдықтарын тазалау;
    - 1 қабаттағы құбырлардың түйiндерiн тазалау;
    - су толған құдықтарды тазалау;
    - барлық материалдарды қосқандағы қажеттi бұрандаларды алмастыру;
    - пәтер иесiнiң материалынан (апат жағдайындағы пәтердегi барлық қолданыстағы құбыр бөлшектерiн алмастыру);
    - су ағатын жабдықтарды реттеу;
    - су шүмегiнен аққан суды тоқтату;
    - бұрандаларды кендiрмен орау;
    - сызаттарды дәнекерлеу;
    - суық және ыстық су ағатын қабаттардағы су құбырларын алмастыру, үңгiлеулердi қосқанда;
    - суық және ыстық су құбырларының тат басқан жерлерiн алмастыру, 1 метрден аспаса;
    - шойын жуынды құбырларын 2 метрден аспаса, бұрандаларымен қоса алмастыру (материалдың құнын қоспағанда);
    - жертөлелерде, қабаттарда шүмектерден аққан суларды тоқтату;
    - жуынды ағатын құбырлардағы ақауларды ретке келтiру;
    - жер төлелердегi жиналған суды тартып алу;
    - жертөлелердегi жөндеу жұмыстары.
2) электротехникалық:
    - электрмен жабдықтау жұмыстарын орындау;
    - негізгі бөлу щитіндегі күйiп кеткен ток өткiзгiштердi алмастыру;
    - кiре берiстегi және қабаттардағы жанып кеткен ток беретiн негізгі бөлу щитіндегі жабдықтарды қалпына келтiру;
    - кезектi кернеуге қосымша қуат беру;
    - кезектi кернеудегi ток ажырататындарды алмастыру.

1-62

11.

Алынып тасталды
(V06R708)

0-41

12.

Алынып тасталды
(V06R708)

0-11


Жиынтығы: 

11-30

13.

Үйдегi газ жабдықтарына қызмет көрсету:
1) сыртқы көрiнiсiн тексеру:
    - газ жабдығының "Газ шаруашылығындағы қауiпсiздiк ережесiне" сай орнатылғандығын тексеру;
    - газ жабдығының жұмыс жағдайы;
    - газ бар бөлменiң желдеткiштерiнiң қалыпты болуын тексеру
2) газды ашып-жабатын тетiктен газдың шықпауын тексеру;
3) үйдiң сыртындағы және бөлмелердегi газды ашып-жабатын тетiктердi тексерiп, майлап, қатайту;
4) газ құбырының және оның ажыратқыш тетiктерiнiң тығыздығын тексеру;
5) тетiктердi тазалап, қайта майлау:
    - газ алдындағы ашып-жабылатын тетiктердi;
    - газдың өзiнде орналасқан тетiктердi;
6) газ тетiктерiн жалынның берiлуiне қарай реттеу;
7) тұрмыстағы газ аппаратын, автоматты қондырғыны тексерiп, тазалау және қалпына келтiру;
8) барлық ақауларды түзеу, газ аппаратындағы iстен шыққан бөлшектердi алмастыру.

15-00 теңге (әрбір газқондырғысынан кейін)

       Әкiмшiлiк хатшысы