Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр қаулыларының және олардың жекелеген нормаларының күшiн жою туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1996 жылғы 15 шiлдедегi N 3059

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының сақталуын қамтамасыз ету, заңдылық пен мемлекеттiк тәртiптi нығайту мақсатында, Қазақстан Республикасы Конституциясының K951000_ 44-бабының 3)-тармақшасын басшылыққа ала отырып, қаулы етемiн:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 69-бабының 3-тармағы бұзылып қабылданған Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мына актiлерi мен олардың жекелеген нормаларының күшi жойылсын:
      1) "Алматыкiтап" акционерлiк қоғамының мемлекеттiк акциялар пакетiн сату туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 14 ақпандағы N 198 қаулысы;
      2) "Жекешелендiру объектiлерiн сату жөнiнде жабық тендерлер өткiзудiң тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 31 қаңтардағы N 128 қаулысының 2-тармағының үшiншi абзацы мен осы қаулыға қосымша - "Акцияларының мемлекеттiк пакеттерi жабық тендерлерде сатылуға жататын "Береке" Мемлекеттiк акционерлiк компаниясының құрамына енетiн акционерлiк қоғамдардың тiзбесi";
      3) "Үлбi металлургия зауыты" акционерлiк қоғамын қаржылық сауықтыру жөнiндегi кезек күттiрмейтiн шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 27 ақпандағы N 250 қаулысының 4-тармағы;
      4) "Ертiс полиметалл комбинаты" акционерлiк қоғамын қаржылық сауықтыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 27 ақпандағы N 251 қаулысының 4-тармағы;
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) мемлекеттiк органдар шешiмдерiнiң күшiн жойсын, осы Жарлықтың 1-тармағында көрсетiлген актiлерге негiзделген тендерлер мен шарттар нәтижелерiнiң күшi жойылған деп танысын;
      2) тиiстi қосымша заң актiлерiн шығару кезiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен Президентi актiлерiнiң сөзсiз сақталуы үшiн атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жауапкершiлiгiн арттыру жөнiнде кiдiрiссiз шаралар қолдансын.
      3. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi осы Жарлық күшiне енген күннен бастап екi апта мерзiмде қолданылған шаралар туралы мемлекет басшысына баяндайтын болсын.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
     Қазақстан Республикасының
           Президентi