"Байқоңыр" ғарыш айлағындағы Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы Өкiлi туралы ереже туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1996 жылғы 18 сәуiрдегi N 2955. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.07.25. N 155 жарлығымен.

      "Байқоңыр" ғарыш айлағында Қазақстан Республикасының юрисдикциясын және Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын сақтау мақсатында қаулы етемiн: 

      1. "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы Өкiлi туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр). 

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. 

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң 1996 жылғы
18 сәуiрдегi N 2955 
Жарлығымен бекiтiлген 

  "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы Қазақстан Республикасы
Президентiнiң арнайы Өкiлi туралы
Ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы Өкiлi (бұдан әрi - Өкiл) оны жалға беру жағдайында Қазақстан Республикасының юрисдикциясын және Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты Қазақстан-Ресей уағдаластықтарында айқындалған мәселелер бойынша "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы Қазақстан Республикасы Президентiнiң уәкiлдi адамы болып табылады. 

      2. Өкiл өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде "Байқоңыр" ғарыш айлағы жөнiндегi Қазақстан-Ресей Үкiметаралық комиссиясымен, "Байқоңыр" кешенiнiң Үйлестiру кеңесiмен, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен, ұйымдарымен және лауазымды адамдарымен, сондай-ақ Байқоңыр қаласының әкiмiмен, Ресей Федерациясының, органдарымен, ұйымдарымен және "Байқоңыр" ғарыш айлағында өз қызметiн жүзеге асыратын ТМД-ға қатысушы басқа да мемлекеттермен өзара iс-қимыл жасайды. 

      3. Өкiл өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, нормативтiк құқықтық актiлерiн, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен осы Ереженi басшылыққа алады.

      4. Өкiлдi Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады.

      5. Өкiл "Байқоңыр" ғарыш айлағы Үйлестiру кеңесiнiң мүшесi болып табылады.

  2. Өкiлдiң негiзгi мiндеттерi

      6. Өкiл: 
      1) "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негiзгi принциптерi мен шарттары туралы 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Келiсiмдi (бұдан әрi - Келiсiм), 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" кешенiн жалға беру Шартын (бұдан әрi - Шарт) және Қазақстан Республикасының юрисдикциясы мен Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету бөлiгiнде оған қосымша Келiсiмдердi iске асыруға; 
      2) "Байқоңыр" ғарыш айлағында тұратын азаматтардың қалыпты тыныс-тiршiгi мақсатында "Байқоңыр" кешенi инфрақұрылымының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету iсiнде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасында өзара түсiнiстiктi нығайтуға, ынтымақтастықты дамытуға бағытталған шаралардың қолданылуына ықпал жасайды. 

      7. Өкiл Қазақстан Республикасының Президентiн "Байқоңыр" ғарыш айдағындағы жағдай туралы хабардар етiп отырады. 

  3. Өкiлдiң өкiлеттiктерi

      8. Өкiлдiң: 
      1) Қазақстан Республикасының юрисдикциясын және Байқоңыр қаласында тұратын, сондай-ақ жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету бөлiгiнде Қазақстан Республикасының министрлiктерiнен, мемлекеттiк комитеттерiнен, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдарынан, сондай-ақ "Байқоңыр" ғарыш айлағында өз қызметiн жүзеге асыратын ұйымдардан ақпаратты сұратып алуға; 
      2) Қазақстан Республикасының мүдделi министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдары мен ұйымдары өкiлдерiнiң қатысуымен кеңестер өткiзуге, сондай-ақ өзiнiң "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы қызметiне байланысты iс-шараларға қатысуға; 
      3) "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы аэроғарыштық қызмет жөнiндегi қазақстандық мемлекеттiк және мемлекетаралық бағдарламалар мен жобалардың орындалу барысымен танысуға; 
      4) өз функцияларын атқармағаны және Қазақстан Республикасының юрисдикциясы мен Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолданбағаны үшiн Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарын жауапкершiлiкке тарту туралы ұсыныстар енгiзуге; 
      5) қажет болған жағдайларда жаңа нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен қабылдау, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттiк органдарының қолданылып жүрген актiлерiнiң күшiн жою немесе өзгерту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге; 
      6) "Байқоңыр" ғарыш айлағы жөнiндегi Қазақстан-Ресей Үкiметаралық комиссиясының қарауына ұсыныстар енгiзуге; 
      7) "Байқоңыр" ғарыш айлағы жөнiндегi Қазақстан-Ресей Үкiметаралық комиссиясы мен Үйлестiру кеңесiнiң отырыстарының құжаттарын, сондай-ақ Байқоңыр қаласы әкiмiнiң қажеттi актiлерiн сұратып алуға; 
      8) режим және қауiпсiздiк талаптарын сақтай отырып, "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы объектiлер мен алаңдарда болуға құқығы бар. 

  4. Қорытынды ережелер

      9. Өкiл өзiнiң "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы қызметiн қамтамасыз ету үшiн құрылатын жұмыс аппаратын жасақтайды. 

      10. Өкiл мен оның жұмыс аппаратын қызметтiк үй-жайлармен, көлiкпен, байланыс құралдарымен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады. 

      11. Өкiл мен оның жұмыс аппаратын ұйымдық, құқықтық, ақпараттық және өзгедей қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады. 

      12. Өкiлдiң қызметiн Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы үйлестiрiп отырады.