Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы N 2126 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы № 333-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 25.05.2020 № 333-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Актiнiң нысаны және тақырыбы өзгерді, мәтiнде "Жарлықты", "Жарлықпен", "Жарлықтың", "Жарлық" деген сөздер тиiсiнше "Заңды", "Заңмен", "Заңның", "Заң" деген сөздермен ауыстырылсын; мәтiнде "жергiлiктi атқарушы органға", "жергiлiктi атқарушы органда", "Жергiлiктi атқарушы орган", "жергiлiктi атқарушы органдардың" деген сөздер тиiсiнше "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органына", "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органында", "Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы", "республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдарының" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.21. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн белгiлейдi.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

1-бап. Заңдарда жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар деп аталатын қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен қарсылық бiлдiрудiң нысандары ретiнде, сонымен қатар қоғамдық орындарда аштық жариялауды, киiз үйлер, шатырлар, өзге де құрылыстар тұрғызуды және пикет қоюды түсiну керек.

2-бап. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткiзу туралы республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органға өтiнiш берiледi.

      Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткiзу туралы өтiнiштердi еңбек ұжымдарының, қоғамдық бiрлестiктердiң немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген топтарының он сегiз жасқа толған уәкiлдерi бередi.

3-бап. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткiзу туралы өтiнiш оны өткiзудiң белгiленген датасынан кемiнде он күн бұрын жазбаша нысанда берiледi. Өтiнiште шараны өткiзу мақсаты, нысаны, өткiзiлетiн жерi немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкiлдердiң (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртiптiң сақталуына жауапты адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, олардың тұратын және жұмыс iстейтiн (оқитын) жерi, өтiнiштiң берiлген датасы көрсетiледi. Өтiнiштiң берiлген мерзiмi оның республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органда тiркелген күнiнен бастап есептеледi.

4-бап. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы өтiнiштi қарайды және өтiнiште көрсетiлген шараның өткiзiлетiн уақытынан кемiнде бес күн бұрын уәкiлдерге (ұйымдастырушыларға) қабылданған шешiм туралы хабарлайды. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы орган басқа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық қауiпсiздiктi, сондай-ақ көлiктiң, өзге де инфрақұрылым объектiлерiнiң қалыпты жұмыс iстеуiн, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, қажет болған жағдайда, өтiнiш жасағандарға шараны өткiзудiң өзге уақыты мен жерiн ұсынады. Шешiмге қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiп бойынша жоғары тұрған атқарушы органға шағым жасауға болады.

5-бап. Жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар, сондай-ақ оларға қатысушылардың сөз сөйлеуi өтiнiште көрсетiлген мақсатқа сәйкес, белгiленген мерзiмде және келiсiлген жерде өткiзiледi.

      Жиналыстарды, митингiлерде, шерулердi, пикеттердi, демонстрацияларды өткiзу кезiнде уәкiлдер (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртiптi сақтауға мiндеттi.

      Шараларды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың:

      - көлiктiң және жаяу жүргiншiлердiң қозғалысына бөгет жасауына;

      - елдi мекеннiң инфрақұрылым объектiлерiнiң үздiксiз жұмыс iстеуiне кедергi келтiруiне;

      - республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдардың рұқсатынсыз киiз үйлер, шатырлар, өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына;

      - жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтiруiне;

      - өзiмен бiрге суық қаруды, атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарсы азаматтарға, және заңды тұлғалардың меншiгiне материалдық залал келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн арнайы жасалған немесе бейiмделген заттарды алып жүруiне;

      - шараны өткiзу кезiнде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етушi мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң қызметiне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.

      Уәкiлдер (ұйымдастырушылар) осы бапта көзделген нормаларды бұзғаны үшiн заңда белгiленген тәртiп бойынша жауап бередi.

6-бап. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, сондай-ақ азаматтар осы Заңмен белгiленген тәртiптi сақтап өткiзiлетiн жиналыстарға, митингiлерге, шерулерге, пикеттерге және демонстрацияларға кедергi жасауға құқылы емес.

7-бап. Егер жиналысты, митингiнi, шерудi, пикет қоюды немесе демонстрацияны өткiзудiң мақсаты нәсiлдiк, ұлттық, әлеуметтiк араздықты, дiни төзiмсiздiктi, тектiк астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтiк актiлерiнiң басқа қағидаларын бұзу болса, немесе оларды өткiзу қоғамдық тәртiп пен азаматтардың қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн болса, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы орган бұларды өткiзуге тыйым салады.

      Бұқаралық шараларды темiр жол су және әуе көлiгiнiң объектiлерiнде, сондай-ақ мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн, қауiпсiздiгiн және халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн ұйымдардың (қалалық қоғамдық көлiк, сумен, электр қуатымен, жылумен және басқа энергия көздерiмен жабдықтау) жанында, денсаулық сақтау мен бiлiм беру мекемелерiнiң жанында өткiзуге жол берiлмейдi.

8-бап. Егер: өтiнiш берiлмеген болса, тыйым салу туралы шешiм шығарылса, өткiзу кезiнде осы Заңның 4, 5 және 7-баптарында көзделген тәртiп бұзылған жағдайда, сондай-ақ азаматтарында өмiрi мен денсаулығына қауiп төнетiн, қоғамдық тәртiп бұзылатын жағдайда жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы орган өкiлiнiң талап етуi бойынша сөзсiз тоқтатылуға тиiс.

      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы орган өкiлiнiң талабын орындаудан бас тартылған жағдайда оның нұсқауы бойынша iшкi iстер органдары жиналысты, митингiнi, шерудi, пикет қоюды және демонстрацияны тоқтату жөнiнде қажеттi шаралар қолданады.

9-бап. Жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзудiң белгiленген тәртiбiн бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.

      Жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды өткiзу кезiнде оларға қатысушылардың азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекетке келтiрген материалдық залалы үшiн заңда белгiленген тәртiп бойынша өтем жасалуға тиiс.

      Жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация өткiзiлетiн жерде қоғамдық тәртiптi сақтау, үй-жайлар беру, санитарлық тазарту, жарық беру және радиоландыру жөнiндегi туындаған барлық қосымша шығындарды оларды ұйымдастырушылар өтейдi.

10-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдар жергiлiктi жердегi жағдайларды ескерiп және осы Заңның талаптарына сәйкес жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткiзу тәртiбiн қосымша реттей алады.

11-бап. Жиналыстар мен митингiлердi ұйымдастырудың және өткiзудiң осы Заңмен белгiленген тәртiбi еңбек ұжымдарының және қоғамдық бiрлестiктердiң заңдарға, өздерiнiң жарғылары мен ережелерiне сәйкес жабық үй-жайларда өткiзiлетiн жиналыстарына қолданылмайды.

12-бап. Осы Заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының
Президентi