Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Қазақ мемлекеттiк заң институтын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 14 наурыз 1994 ж. N 1591. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Құқық реформасын жүзеге асыру және республиканың заң кадрлары жөнiндегi қажетiн қанағаттандыру, заң бiлiмiн дамыту мен оның сапасын арттыру мақсатында қаулы етемiн: 
      1. Алматы мемлекеттiк университетiнiң заң факультетi мен Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетiнiң заң факультетiнiң бiр бөлiгi негiзiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Қазақ мемлекеттiк заң институты құрылсын. 
      2. Қазақ мемлекеттiк заң институты мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарына, сот және құқық қорғау органдарына, шаруашылық жүргiзушi объектiлерге заңгерлер даярлауға арналып мамандандырылады деп анықталсын. Осыған байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетi заң факультетiн ғылыми және оқу мекемелерiне мамандар даярлауға арнап қайта бағыттап, үстiмiздегi жылдан бастап студенттер қабылдау санын қысқартатын болсын. 
      3. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетi штаттың, оқу, ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк әдебиеттiң, материалдық және техникалық базаның, өздерiнiң заң факультеттерiне тиесiлi жатақханалардағы орынның бiр бөлiгiн, ал Алматы мемлекеттiк университетi оларды түгелiмен Әдiлет министрлiгiне өткiзсiн. 
      4. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi бiр ай мерзiм iшiнде Қазақ мемлекеттiк заң институтының материалдық-техникалық базасын жасау мен нығайту, оның қызметiнiң басқа да мәселелерi жөнiнде шаралар қолдансын.
      5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Алматы қаласының әкiмi Қазақ мемлекеттiк заң институтына оқу корпусы мен жатақханаға арнап үй бөлетiн болсын. 

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

      Алматы қаласы, 1994 жылғы 14 наурыз
                  N 1591