"Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 11 қарашадағы № 203 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 12 тамыздағы № 296 Жарлығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы жарлықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 11 қарашадағы № 203 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі туралы ережеде:

      14-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсат беру талаптары мен тәртібін белгілеу, мемлекеттің, ұлттық әл-ауқат қорының және (немесе) уәкілетті органның қатысуымен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргізу ерекшеліктерін айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "12-1) Агенттікті цифрлық трансформациялауды жүргізу;";

      мынадай мазмұндағы 51-4), 51-5) және 51-6) тармақшалармен толықтырылсын:

      "51-4) сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу шарты көзделетін сақтандыру шартын жасасу тәртібі мен ерекшеліктерін, сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысу шарты көзделетін сақтандыру шартының мазмұнына қойылатын талаптарды айқындау;

      51-5) сақтандыру ұйымының сақтанушының инвестицияларға қатысу шарты көзделетін сақтандыру шарттары бойынша инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған (шеккен) кірістер (шығыстар) есебінен қалыптастырылған активтерді сақтандыру ұйымы болып табылмайтын инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беру шарттары мен тәртібін айқындау;

      51-6) Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған (шеккен) кірістер (шығыстар) есебінен қалыптастырылған активтерді Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымына инвестициялық басқаруға беру шарттары мен тәртібін айқындау;";

      76) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "76) зейнетақы жинақтарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, сондай-ақ бір ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына аудару қағидаларын әзірлеу және бекіту, зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға байланысты сатып алу сомаларын бір сақтандыру ұйымынан басқа сақтандыру ұйымына, зейнетақы аннуитетінің шарты бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ауыстыру тәртібін айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 76-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "76-1) қосылатын ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін қайта ұйымдастырылған ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына беру тәртібін белгілеу;";

      мынадай мазмұндағы 78-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "78-1) зейнетақы активтері есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфелінің құрылымы туралы мәліметтерді бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының интернет-ресурсында жариялау тәртібін және мерзімдерін, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушылар туралы ақпаратты, оның ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттар жасасқан инвестициялық портфельді басқарушылардың тізбесін ашу тәртібін және көлемін белгілеу;";

      79) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "79) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 37-бабына сәйкес зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыларға қойылатын талаптарды, сондай-ақ осы зейнетақы активтерінің есебінен алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін әзірлеу және бекіту;";

      82) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "82) зейнетақы аннуитетінің үлгілік шартын бекіту, зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымынан төленетін сақтандыру сыйлықақысын және сақтандыру төлемін есептеу әдістемесін, сақтандыру ұйымының жасалатын зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейін, сондай-ақ сақтандыру төлемін индекстеу мөлшерлемесін белгілеу;";

      мынадай мазмұндағы 84-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "84-3) сақтандыру ұйымының сақтандыру бойынша дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйыммен жасалған зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша деректер алмасуды жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдерін айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 100-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "100-1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына шектеулі ықпал ету шараларын қолданудың тәртібі мен шарттарын айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 102-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "102-1) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын ерікті түрде немесе мәжбүрлеп таратуды жүргізу, ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияны ерікті түрде қайтару, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін беру қағидаларын айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 150-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "150-1) қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және (немесе) сауықтыру үшін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылатын екінші деңгейдегі банктің пайданы бөлу, қарапайым және (немесе) артықшылықты акциялар және (немесе) мерзімсіз қаржы құралдары бойынша дивидендтерді есепке жазу, сондай-ақ өз акцияларын кері сатып алуды жүргізу талаптарын айқындау;";

      мынадай мазмұндағы 197-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "197-1) коллекторлық қызметті жүзеге асыратын салық төлеушіге қатысты құқықтың (талап етудің) өту жағдайларын қамтитын шарттар жөніндегі мәліметтерді салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға Агенттікпен келісу арқылы салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тоқсаннан кейінгі айдың жиырма бесінен кешіктірмей ұсыну;";

      мынадай мазмұндағы 234-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "234-1) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу жөніндегі әдістемеге сәйкес қызметке функционалдық талдау жүргізу;";

      18-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Агенттіктің құрылымы негізінде Агенттік бөлімшелерінің атаулары көрсетілген тізбесін және бөлімшелерінің құрылымын бекітеді;";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құрылымы осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы Жарлық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Жарлықтың 1-тармағының жиырма екінші, жиырма үшінші абзацтарын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 12 тамыздағы
№ 296 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 11 қарашадағы
№ 203 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ҚҰРЫЛЫМЫ

      1. Департаменттер.

      2. Басқармалар.