Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң жинағында және республикалық баспасөзде жариялануға тиiс |
Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидалары бекітілсін.
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы № 912 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "мәслихатының хатшысына", "мәслихатының хатшысы", "мәслихаты хатшысының", "мәслихат хатшысы", "Мәслихат хатшысы" деген сөздер тиісінше "мәслихатының төрағасына", "мәслихатының төрағасы", "мәслихаты төрағасының", "мәслихат төрағасы", "Мәслихат төрағасы" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР Президентінің 10.04.2023 № 190 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беруі қағидалары Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабын іске асыру үшін әзірленді және облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкіміне кандидатты лауазымға тағайындауға келісім беру тәртібін айқындайды.
2. Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымына тағайындауға келісім облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының жиналысында беріледі.
3. Қазақстан Республикасының Президенті ұсыну негізінде облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына кемінде екі кандидат ұсынады.
4. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуында әкім лауазымына кандидаттардың өмірбаян деректері, еңбек қызметі, мемлекеттік наградалары туралы ақпарат және өзге де ақпарат қамтылады.
2-тарау. Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаты депутаттарының жиналысын өткізу тәртібі
5. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының төрағасына облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін тағайындауға келісім беру үшін облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттары депутаттарының жиналысын (бұдан әрі – жиналыс) өткізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
6. Жиналыс осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей өткізіледі.
Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының төрағасы осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап бір күн мерзімде тиісті аумақтың депутаттарын жиналыстың шақырылу күні мен уақыты және өткізілетін орны туралы көрсетілген ақпаратты тиісті мәслихаттың (мәслихаттардың) ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы хабардар етеді.
7. Жиналыстың күн тәртібіне:
1) облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаты төрағасының қысқаша кіріспе сөзі;
2) санақ комиссиясының мүшелерін, сондай-ақ комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлау;
3) дауыс беру тәсілін таңдау (ашық немесе жасырын);
4) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының, не Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, не Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамның Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуын жария етуі және облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімінің лауазымына кандидатураларды ұсыну;
5) тиісті аумақ әкіміне кандидаттардың өздерінің алдағы қызметінің бағдарламасы туралы тезистерін баяндауы кіреді.
8. Жиналыста депутаттар кандидаттарға сұрақтар қоюы мүмкін. Депутаттар ұсынылған кандидатураларды "жақтап" немесе "қарсы" пікірлер айтуға құқылы.
9. Облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының жиналысына облыс және тиісті облыстың аудандары (облыстық маңызы бар қалалар) мәслихаттарының депутаттары қатысады. Жиналысты облыс мәслихатының төрағасы басқарады.
Республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаты депутаттарының жиналысына тиісті мәслихаттардың депутаттары қатысады. Жиналысты тиісті мәслихаттың төрағасы басқарады.
Егер жиналысқа облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаты депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, оның құқықтық күші болады. Әрбір жиналыстың алдында қатысатын депутаттарды тіркеу жүргізіледі, оның нәтижелерін мәслихат төрағасы отырыс басталар алдында жариялайды.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.04.2023 № 190 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.10. Жиналысты облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының аппараты ұйымдастырады және техникалық мүмкіндіктер ескеріле отырып, интернет-ресурстарда онлайн-трансляция ұйымдастырылып, өткізіледі.
3-тарау. Дауыс берудің ұйымдастырылуы мен тәртібі
11. Кандидаттардың баяндамасы мен жарыссөздер (өткізілген жағдайда) аяқталғаннан кейін дауыс беру өткізіледі.
Кандидаттар үшін дауыс беру процесін ұйымдастыру және оның қорытындыларын шығару үшін қатысып отырған депутаттар қатарынан тақ саннан, кемінде 3 адамнан тұратын санақ комиссиясы құрылады.
Санақ комиссиясының мүшелері өз құрамының көпшілік даусымен санақ комиссиясының төрағасы мен хатшысын ашық дауыс беру арқылы сайлайды.
Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі лауазымына кандидатты келісу үшін қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігінің шешімі бойынша ашық не жасырын дауыс беру өткізіледі.
Ашық не жасырын дауыс беруді өткізу тәртібін санақ комиссиясы белгілейді және оны санақ комиссиясының төрағасы хабарлайды.
12. Жиналыс өз құзыретіндегі мәселелер бойынша көпшілік дауыспен шешім қабылдайды.
13. Дауыс беру:
1) дауыстарды санаудың электрондық жүйесі болған кезде, ол пайдаланыла отырып;
2) қол көтеру арқылы;
3) бюллетеньдер пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
Дауыс беруді өткізу үшін депутаттардың қажетті саны болмаған кезде, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының төрағасы кворумды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.
Дауыс беру рәсімінде тек "жақтап" және "қарсы" дауыс беруге болады.
Барлық мәселелер бойынша дауыс беру нәтижелерін облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының төрағасы дауыс беруге қатысқандардың, "жақтап", "қарсы" дауыс бергендердің санын және дауыс беру қорытындысын көрсете отырып, жариялайды. Деректер депутаттар жиналысының хаттамасына енгізіледі.
14. Ашық дауыс беру қол көтеру арқылы не дауыстарды санаудың электрондық жүйесі болған кезде, ол пайдаланыла отырып, жүзеге асырылады.
15. Жасырын дауыс беру өткізу кезінде, бюллетеньдер тікелей дауыс беру басталар алдында беріледі. Бюллетеньдер санақ комиссиясы белгілеген нысанда оның бақылауымен, саны отырысқа қатысып отырған депутаттардың санына тең болып дайындалады және оларға санақ комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды.
Мәслихат төрағасы бюллетеньдерді дайындау үшін жиналыста үзіліс жариялауы мүмкін.
Әрбір депутатқа санақ комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қойған бір бюллетень беріледі. Депутаттарға жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер олар депутат куәлігін немесе жеке куәлігін көрсеткен кезде беріледі.
Жасырын дауыс беру үшін құпиялылықты сақтау бойынша талаптар ұстана отырып, арнайы бөлінген орынға облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының мөрі басылған жәшік орнатылады.
Мәслихат депутаты өзі дауыс беретін кандидаттың тегінің оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қояды.
Белгіленбеген нысандағы бюллетеньдер санау кезінде есепке алынбайды.
Санақ комиссиясы дауыс беруге арналған жәшікті дауыс беру аяқталғаннан кейін ашуға тиіс. Жәшікті дауыс беру аяқталғанға дейін ашуға тыйым салынады.
16. Санақ комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша хаттама жасайды, оған санақ комиссиясының барлық мүшелері қол қояды және ол облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының төрағасына беріледі.
Дауыс беру кезінде болмаған мәслихат депутатының кейінірек дауыс беруге құқығы жоқ.
17. Дауыс беруге қатысқан депутаттардың дауыс санының көпшілігін алған кандидат келісім алған болып есептеледі.
Егер кандидаттар бірдей дауыс санын жинаған болса, санақ комиссиясы аталған кандидаттар арасында қайта дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды.
Қайта дауыс беру осы Қағидаларда көзделген тәртіппен облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының төрағасы айқындаған мерзімдерде өткізіледі.
18. Жиналыс облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының төрағасы дауыс беру нәтижелерін жариялағаннан кейін жабылады. Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихатының төрағасы және санақ комиссиясының төрағасы қол қойған жиналыстың хаттамасы жиналыстың өткізілуін куәландыратын құжат болып табылады, ол бір күн ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жіберіледі.