Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы № 887 Жарлығы

  Республикалық баспасөзде
жариялануға тиіс

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы жарлықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 7-т. қараңыз.

      "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілсін.

      2. Мыналар:

      1) Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы;

      2) Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы;

      3) Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылсын.

      3. Алматы облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мекемелері Қонаев қаласына көшірілгенге дейін Талдықорған қаласында орналасады деп белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесімен, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) бекітсін және осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Орталық мемлекеттік органдар, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шараларды қабылдасын.

      6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      7. Осы Жарлық 2022 жылғы 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев