Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру және Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 6 мамырдағы № 473 Жарлығы.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру жəне Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жария лан ған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 6 мамырдағы
№ 473 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру және Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну ҚАҒИДАЛАРЫ

      1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру және Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынудың осы қағидалары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 7-4) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 21-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндаманы (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) қалыптастыру және Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну тәртібін айқындайды.

      2. Ұлттық баяндаманы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, оларға ведомстволық бағынысты ұйымдар ұсынған ақпарат, уәкілетті орган жұмысының нәтижелері, мемлекеттік қызметтегі кадр жағдайын талдау және бағалау, мемлекеттік қызметті қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру, осы саладағы жұмысты одан әрі дамыту және жақсарту жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстар негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) қалыптастырады.

      3. Ұлттық баяндаманың құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) кіріспе;

      2) негізгі бөлім;

      3) қорытынды.

      Кіріспеде Ұлттық баяндаманы ұсынудың негіздемесі мен мақсаты және оның қысқаша мазмұны қамтылады.

      Ұлттық баяндаманың негізгі бөлімі мемлекеттік қызмет саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың мәнін, жағдайы мен негізгі нәтижелерін көрсететін деректерді және:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінің кадр жағдайы туралы мәліметтерді;

      2) кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыс туралы ақпаратты;

      3) есепті жылдағы уәкілетті органның қызметін талдау, сондай-ақ іске асырылып жатқан саясаттың елдегі мемлекеттік қызметтің жағдайына әсерін бағалауды қамтиды.

      Қорытындыда мемлекеттік қызметтегі кадр жағдайын талдау және бағалау, мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстар, сондай-ақ келесі есепті жылға арналған оларды іске асырудың міндеттері қамтылады.

      4. Қажет болған жағдайда Ұлттық баяндаманы мәтінде сілтемелер жасалған тәртіппен орналастырылған қосымшалармен толықтыруға жол беріледі.

      5. Уәкілетті орган Ұлттық баяндаманы қалыптастыру үшін қажетті ақпаратты ұсыну туралы сұратуды есепті жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірмей орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, оларға ведомстволық бағынысты ұйымдарға жолдайды.

      6. Уәкілетті органның сұратуы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, оларға ведомстволық бағынысты ұйымдар тиісті ақпаратты есепті жылдан кейінгі жылдың 10 қаңтарынан кешіктірмей ұсынады.

      Ақпаратқа мемлекеттік органның аппарат басшысы қол қояды.

      Уәкілетті орган Ұлттық баяндаманы сапалы дайындауға қажетті қосымша ақпаратты сұратуға құқылы.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      7. Ұлттық баяндаманы:

      1) уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметі Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне есепті жылдан кейінгі жылдың 5 наурызынан кешіктірмей;

      3) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Қазақстан Республикасының Президентіне есепті жылдан кейінгі жылдың 25 наурызынан кешіктірмей ұсынады