"Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2015-2016 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 957 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 тамыздағы № 81 Жарлығы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2015-2016 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 957 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1-тармақта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2015-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетке 870 (сегіз жүз жетпіс) миллиард теңге мөлшерінде нысаналы трансферттер, оның ішінде:»;
      1) тармақшада:
      алтыншы абзац алып тасталсын;
      он бірінші және он екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «техникалық стандарттар мен регламенттерді бақылау үшін зертханалық базаны нығайтуға - 1 (бір) миллиард 300 (үш жүз) миллион теңге;
      жер қойнауының перспективалы учаскелерінде геологиялық барлау жұмыстарының көлемін ұлғайтуға - 5 (бес) миллиард теңге;»;
      мынадай мазмұндағы он төртінші абзацпен толықтырылсын:
      «жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға айналым қаражатын толықтыруға арналған қарыздары бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша қосымша қаржыландыруға облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттер бөлуге - 7 (жеті) миллиард 200 (екі жүз) миллион теңге;»;
      он сегізінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобаларды республикалық бюджеттен қоса қаржыландыруға - 8 (сегіз) миллиард теңге;»;
      мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервін ұлғайтуға - 18 (он сегіз) миллиард 700 (жеті жүз) миллион теңге;»;
      2) тармақшаның оныншы абзацындағы «41 (қырық бір) миллиард 300 (үш жүз) миллион теңге бөлінсін.» деген сөздер «41 (қырық бір) миллиард 300 (үш жүз) миллион теңге;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы резервін ұлғайтуға - 120 (бір жүз жиырма) миллиард теңге бөлінсін.».
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев