"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 6 желтоқсандағы № 1116 Жарлығы.

      Елдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы, экономиканың орнықтылығын қамтамасыз ету және сыртқы ықтимал қолайсыз әсерлерден қорғау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Кеңес туралы ереже;

      2) Кеңестің құрамы бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықты іске асыру

      бойынша қажетті шаралар қабылдансын.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 1116 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамын басқару жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы басқаратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      Ескерту. 1-тармақта орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді – ҚР Президентінің 27.12.2018 № 816 Жарлығымен.

      2. Кеңес өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

      4. Кеңестің негізгі міндеті "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын (бұдан әрі - Қор) басқару мәселелері бойынша ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.

      5. Кеңестің функциялары:

      1) Қор қызметінің бәсекеге қабілеттілігін және тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      2) Қордың даму стратегиясын мақұлдау және оның іске асырылу барысы туралы Қордың жыл сайынғы есебін қарау, сондай-ақ Қор өз қызметін жүзеге асыратын экономиканың басым секторлары бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      3) әлеуметтік маңызы бар және индустриялық-инновациялық жобаларды, оның ішінде республикалық бюджеттен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қаражат бөле отырып іске асыруды қоса алғанда, қазақстандық экономиканы әртараптандыру және жаңғырту мемлекеттік бағдарламаларына Қордың қатысуы жөнінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсыныстарын қарау;

      4) Қордың тәуелсіз директорларын сайлау үшін кандидатураларды, сондай-ақ Қордың тәуелсіз директорларына сыйақы төлеу мөлшерін және шарттарын келісу;

      5) Қор тобына кіретін ұйымның директорлар кеңесінің немесе қадағалау кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесін немесе өзге мемлекеттік қызметшіні сайлау үшін ұсынымдар беру болып табылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 27.12.2018 № 816 Жарлығымен.

3. Кеңестің құқықтары

      6. Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте және өзінің құзыреті шегінде Қор:

      1) Қор қызметінің мәселелерін талқылауға мемлекеттік органдардың, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдерін тартуға;

      2) мемлекеттік органдардан, ведомстволардан және ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға;

      3) Кеңестің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Кеңес мүшелерінің отырыстарында мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың өкілдерін тыңдауға;

      4) Кеңеске жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

4. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

      7. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Кеңестің төрағасы болып табылады.

      Ескерту. 7-тармақта орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді – ҚР Президентінің 27.12.2018 № 816 Жарлығымен.

      8. Кеңестің төрағасы:

      1) Кеңестің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Кеңес отырысының өтетін орны мен уақытын анықтайды;

      3) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

      4) Кеңес мүшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар береді.

      9. Кеңес мүшелері:

      1) Кеңестің жұмыс жоспары, оның отырысының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) Кеңес отырыстарының материалдарын, оның шешімдерінің

      жобаларын дайындауға;

      3) Кеңес отырыстарында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.

      10. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай және жылына екі реттен кем емес, Кеңес төрағасы белгіленген мерзімдерде өткізіледі және хаттамамен рәсімделеді. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің үштен екісі бар болғанда құқылы. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды тұлғаларға беруіне жол берілмейді.

      11. Кеңестің шешімдері отырыста қатысып отырған Кеңес мүшелерінің қарапайым жалпы санының көпшілік даусымен немесе Кеңес мүшелерінің сұрау салу жолымен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген ретте төрағалық етушінің даусы шешуші болады.

      12. Қор Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 1116 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 27.12.2018 № 816 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы, Кеңес төрағасы

      кеңес мүшелері:

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      екі отандық бизнес өкілі

      шетелдік бизнес өкілі.