Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 17 мамырдағы № 873 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 15, 157-құжат; 2004 ж., № 33, 438-құжат; 2006 ж., № 8, 63-құжат; 2007 ж., № 34, 372-құжат) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу ережелерінде:
2-тармақта:
бірінші бөлігіндегі бірінші сөйлем «15 қарашасына дейін және жоспарланған жылдың алдындағы 31 желтоқсанынан кешіктірмей бекітіледі» деген сөздермен толықтырылсын;
екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Үкімет қабылданып қойылған заң жобалары жұмыстарының жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен (немесе) толықтырулар Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының болмаса оның орнындағы адамның қолы қойылып Президент Әкімшілігіне келісуге ұсынылады. Актінің жобасына заң жобалары жұмыстарының жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен (немесе) толықтырулар негізделген тиісті түсіндірме жазба міндетті тәртіпте қоса беріледі.»;
3-тармақта «Жоспар жобасы» деген сөздерден кейін «немесе Үкіметтің заң жобалары жұмыстарының жоспарына өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізу жобасы» деген сөздермен толықтырылсын;
4-тармақтың үшінші бөлігіндегі «әрі қарап» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Үкіметтің заң жобалары жұмыстарының жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жобасына сараптамадан және тиісті қорытынды дайындалғаннан кейін Әкімшілік Басшысына ұсынылады.
Үкіметтің заң жобалары жұмыстарының жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жобасын сараптамадан өткізу мерзімі ол Әкімшілікке келіп түскен күннен 10 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Әкімшілік Басшысымен Үкіметтің заң жобалары жұмыстарының жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жобасын келісу Әкімшілік Басшысының тиісті бұрыштама қоюы арқылы жүзеге асырылады.»;
6-тармақтың бірінші бөлігіндегі:
бірінші сөйлемде:
«оның сұратуы бойынша» деген сөздер алып тасталсын;
«Қазақстан Республикасының Парламентіне заң жобасын ұсыну үшін Үкіметтің заң жобалары жұмыстарының жоспарымен бекітілген мерзімінің басталуына дейін 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
«Президент Әкімшілігіне келісуге заң жобаларын ұсыну мерзімі бойынша талап Бюджет кодексін іске асыруға жыл сайын әзірленетін заң жобаларына қолданылмайды.»;
7-тармақтың екінші бөлігіндегі «кодекстер» деген сөзден кейін «және кодекстерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді қарастыратын заң жобалары» деген сөздермен толықтырылсын;
8-тармақтың бірінші бөлігі мынадай сөйлеммен толықтырылсын:
«Аталған қорытындылар олардың көшірмелерін жіберу арқылы Президенттің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілдігіне жеткізіледі.».
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев