Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін нығайту және барлау қызметін одан әpi жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 17 ақпандағы N 739 Жарлығы

      2007-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі ережелерін icкe асыру, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін нығайту және арнайы қызметтерінің құрылымын оңтайландыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 17-1-бабының 2-тармағы 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Сыртқы барлау саласындағы өкілетті орган функцияларын жүктей отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының "Сырбар" Сыртқы барлау қызметі құрылсын (бұдан әpі - "Сырбар" қызметі).
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Барлау" қызметі таратылсын.
      3. "Сырбар" қызметі:
      1) бip ай мерзімде "Сырбар" қызметі туралы ереженің жобасын, оның құрылымын және жалпы штат санын Қазақстан Республикасының Президентіне бекіту үшін ұсынсын;
      2) үш ай мерзімде ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтіру туралы ұсыныстар енгізсін;
      3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдасын.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп екі ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша "Сырбар" қызметіне оның міндеттері мен функцияларының көлеміне сәйкес штат санын, ғимараттарды, құжаттарды, қаржылық, материалдық-техникалық құралдар мен өзге де мүлікті, сонымен катар барлау кадрларын дайындау жөніндегі арнайы оқу орнын беруді қамтамасыз етсін;
      2) үш ай мерзімде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе және осы Жарлық ережелерін ескере отырып, "Сыртқы барлау туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларын әзірлеп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін;
      3) "Сырбар" қызметімен бірлесіп Үкіметтің актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін;
      4) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдасын.
      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                               Н. Назарбаев