Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы N 194 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 12 қарашадағы N 688 Жарлығы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау мен олардың айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау мен олардың айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2008 жылғы 13 қарашадағы
N 1053 қаулысымен   
мақұлданған      

Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау мен олардың айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау және олардың айналымы ауқымының артуына байланысты алаңдаушылық білдіре отырып,
      атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғылар қылмыс жасау үшін жиі пайдаланылатынын атап өте отырып,
      атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау және олардың айналымы трансұлттық сипатқа ие болғанын және оларға қарсы күрес халықаралық қоғамдастық шеңберінде өзара іс-қимыл мен күш-жігерді үйлестіруді қажет ететінін мойындай отырып,
      атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау және олардың айналымына қарсы тиімді күрес жүргізудің бірлескен талпынысын ескере отырып,
      Тараптар қатысушысы болып табылатын осы саладағы халықаралық шарттарды, сондай-ақ ұлттық заңнаманы басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін төменде санамаланған ұғымдар мынаны білдіреді:
      "оқ-дәрілер" - нысананы зақымдауға арналған және жарылатын, лақтырылатын, пиротехникалық немесе сындырғыш зарядтардан тұратын қару-жарақ заттары және лақтырылатын жарақ не олардың тіркесі;
      "жарылғыш зат" - үлкен көлемде жылу және газ тәріздес өнімдер бөле отырып, сыртқы әсерлердің ықпалынан өз бетінше жылдам таралуға қабілетті химиялық құбылысқа (жарылысқа) конденсациялаған химиялық зат немесе заттардың қоспасы;
      "жарғыш құрылғы" - жарылғыш зат пен жарылыс жасауға арналған құрылғыны функционалды біріктіретін өнеркәсіптік немесе қолдан жасалған бұйым;
      "бақыланатын жеткізілім" - атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды Тараптардың бір немесе бірнеше мемлекеттерінің аумағы арқылы тасымалдауға байланысты құзыретті органдардың білуімен және бақылауымен жүзеге асырылатын жедел-іздестіру іс-шарасы;
      "құзыретті органдар" - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау және олардың айналымын ескерту және қарсы күресу міндеттері жүктелген Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік билік органдары;
      "қаруды заңсыз дайындау" - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес атыс қаруын, атыс қаруының негізгі бөліктерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды санкцияланбаған дайындау;
      "қарудың заңсыз айналымы" - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын атыс қаруының, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғылардың айналымы;
      "атыс қаруы" - оқ-дәрі немесе өзге де заряд қуаты есебінен бағытты қозғалыс алатын снарядпен нысананы қашықтықтан механикалық зақымдауға арналған қару, сондай-ақ оның негізгі бөліктері;
      "атыс қаруының негізгі бөліктері" - ұңғы, бекітпе, барабан, рамка, ұңғы қорапшасы.

2-бап

      1. Тараптар қаруды заңсыз дайындауға және оның айналымына байланысты қылмыстарды ескертудегі, анықтаудағы, жолын кесудегі және ашудағы ынтымақтастықты өз мемлекеттерінің құзыретті органдары арқылы жүзеге асырады.
      2. Құзыретті органдардың тізбесін әрбір Тарап анықтайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы хабарламаны тапсырған кезде депозитарийге беріледі.
      Тараптардың әрқайсысы құзыретті органдар тізбесіндегі өзгерістер туралы 30 күн ішінде депозитарийге жазбаша хабарлайды.

3-бап

      1. Тараптар ынтымақтастықты мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
      Тараптар ынтымақтастығының шарттық-құқықтық базасын жетілдіру және қаруды заңсыз дайындауға және оның айналымына қарсы күрес саласында Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын үйлестіруге жәрдем көрсету;
      қаруды заңсыз дайындауға және оның айналымына қарсы күрестің келісілген стратегиясы мен бірлескен шараларын әзірлеу;
      қаруды заңсыз дайындауға және оның айналымына қарсы іс-қимыл саласында құзыретті органдардың өзара іс-қимыл жасасу тетіктерін үйлестіру және жетілдіру;
      қаруды заңсыз дайындауға және оның айналымына қатысы бар трансұлттық қылмыстық топтар, олардың көшбасшылары мен қатысушылары туралы бірлескен деректер банкін құру;
      халықаралық ұйымдар мен халықаралық форумдарда қаруды заңсыз дайындауға және оның айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасу;
      қаруды заңсыз дайындаудың және оның айналымының жолын кесу бойынша бірлескен және/немесе келісілген іс-шаралар өткізу.
      2. Нақты бағыттар бойынша құзыретті органдар ынтымақтастығының тәртібі, сондай-ақ Тараптардың өзара уағдаластықтары негізінде анықталуы мүмкін.

4-бап

      1. Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда:
      а) мыналар:
      қаруды заңсыз дайындау мен оның айналымына байланысты дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар және оларға қатысы бар адамдар мен ұйымдар;
      атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды криминалдық қолданудың анықталған жаңа әдістері;
      атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындайтын жерлер;
      атыс қаруын және оқ-дәрілерді олардың зақымдағыш қасиеттерін арттыру үшін қайта жасаудың анықталған жаңа заңсыз тәсілдері;
      қаруды заңсыз дайындау және оның айналымы саласында қылмыстар жасауға ықпал ететін анықталған құқық бұзушылықтар;
      атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды алу практикасы;
      қаруды заңсыз дайындау және оның айналымы фактілерін ескертудің, анықтаудың, жолын кесудің және ашудың жаңа әдістері туралы ақпаратпен алмасуды;
      б) жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу туралы сұрауларды орындау;
      в) бірлескен және/немесе үйлестірілген алдын алу және жедел-іздестіру, оның ішінде бақыланатын жеткізілім әдісін пайдалана отырып, іс-шараларды жоспарлауды және жүзеге асыруды;
      г) жұмыс тәжірибесімен алмасу, жұмыс кездесулерін, консультациялар, кеңестер, практикалық конференциялар және семинарлар өткізуді;
      д) кадрларды даярлауға және мамандардың біліктілігін арттыруға жәрдемдесуді;
      е) өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді;
      ж) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен, ғылыми зерттеулердің және әдістемелік ұсынымдардың нәтижелерімен алмасуды жүзеге асырады.
      2. Осы Келісім қылмыстық істер бойынша ұстап беру және құқықтық көмек көрсету мәселелерін қозғамайды.

5-бап

      Тараптар өзара уағдаластықтар негізінде қаруды заңсыз дайындау мен оның айналымына байланысты қылмыстардың жолын кесу және ашу, сондай-ақ оларға қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында бақыланатын жеткізілім әдісін пайдаланады.

6-бап

      Осы Келісім Тараптарға ынтымақтастықтың өзге де өзара қолайлы бағыттары мен нысандарын анықтауға және дамытуға кедергі келтірмейді.

7-бап

      1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық жәрдем көрсету туралы сұрау салу негізінде, сондай-ақ ақпарат беру жолымен жүзеге асырылады.
      Сұрау немесе ақпарат жазбаша нысанда жолданады.
      Осы бапта белгіленген ережелерге сәйкес ресімделген сұрау немесе ақпарат кейінге қалдыруға жатпайтын жағдайларда факсимильді байланыс арқылы, сондай-ақ коммуникацияның өзге де құралдарын пайдалана отырып жіберілуі мүмкін. Бір уақытта сұраудың немесе ақпараттың түпнұсқасы почта немесе курьер арқылы жіберілуі тиіс.
      Сұрау немесе ақпарат шұғыл жағдайларда ауызша берілуі де мүмкін, бірақ 72 сағаттан кешіктірмей, қажет болған кезде мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалана отырып, жазбаша қайталанып берілуі тиіс.
      2. Сұрау:
      сұрау салатын және сұрау салынатын Тараптардың мемлекеттері құзыретті органдарының атауларын;
      сұраудың мақсаты мен негіздемесін;
      сұрау салынып отырған жәрдемдесу мазмұнының сипаттауын;
      сұраудың уақтылы және тиісінше орындалуы үшін қажетті немесе пайдасы болуы мүмкін басқа да ақпаратты;
      егер қажет болса, ақпаратқа рұқсатты шектеу дәрежесін көрсетуді қамтуы тиіс.
      3. Жазбаша нысанда берілетін сұрауға немесе ақпаратқа сұрау салатын Тараптың мемлекеті құзыретті органының басшысы немесе оның орынбасарлары қол қояды және осы құзыретті органның елтаңбалы мөрімен куәландырылады.
      4. Сұраудың немесе ақпараттың түпнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туындаған жағдайда оларды растау не түсінік беру сұралуы мүмкін.

8-бап

      1. Егер Тараптар арасында өзгеше ескертілмесе, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы тек жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу туралы сұраулардың орындалуын қоспағанда, сұрауды, мүмкіндігінше қысқа, бірақ ол келіп түскен күннен бастап 30 күннен аспайтын мерзімде орындайды және бұл туралы сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органын хабарландырады.
      2. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы оның орындалуына кедергі келтіретін немесе оның орындалуын елеулі кешіктіретін жағдайлар туралы сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органын дереу хабарландырады.
      3. Егер сұраудың орындалуы сұрауды алған органның құзыретіне жатпаса, онда ол сұрауды өз мемлекетінің оны орындауға құзыретті басқа органына береді және бұл туралы сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органына дереу хабарлайды.
      4. Сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органынан, оның пікірінше, сұраудың орындалуы үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуы мүмкін.
      5. Сұрауды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы қолданылады. Егер бұл сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмейтін болса, сұрау салатын Тарап мемлекеті құзыретті органының өтініші бойынша сұрау салатын Тарап мемлекетінің заңнамасы қолданылуы мүмкін.
      6. Егер осы мемлекеттің заңнамасына қайшы келмейтін болса, сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органының өкілдеріне өз мемлекетінің аумағында сұрауды орындау кезінде қатысуға рұқсат етуі мүмкін.
      7. Егер сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы сұрауды орындау оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін деп не сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, сұрауды орындау кейінге қалдырылуы немесе оны орындаудан толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
      8. Ол жасаған іс-әрекет сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмайтын болса, сұрауды орындаудан бас тартылуы мүмкін.
      9. Сұрауды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылғаны немесе оны орындау кешіктірілетіні туралы сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органы бас тарту немесе кешіктіру себебін көрсете отырып, сұрау салатын Тарап мемлекетінің құзыретті органына хабарлайды.

9-бап

      1. Әрбір Тарап осы Келісімге сәйкес алынған ақпарат пен құжаттарды қорғауды және сақтауды қамтамасыз етеді. Ақпарат пен құжаттарға рұқсатты шектеу дәрежесін сұрау салатын Тарап белгілейді.
      2. Осы Келісімнің негізінде алынған ақпарат немесе сұрауды орындау нәтижелері оларды ұсынған Тараптың жазбаша келісімінсіз оларды сұраған немесе берген мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдаланылмайды.
      3. Осы Келісімнің негізінде бір Тарап басқа Тараптан алған ақпарат пен құжаттар оларды берген Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа беруге жатпайды.
      4. Тараптардың алынған ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері осы Келісімнің әрекеті тоқтатылғаннан не одан шыққаннан кейін де күшінде қалады.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты даулар Тараптардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

11-бап

      Тараптар қажеттілігіне қарай осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықтың нәтижелерін талдау және бағалау, сондай-ақ оны жетілдіру жолдарын әзірлеу үшін консультациялар мен кеңестер өткізеді.

12-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындаған шығыстарды дербес көтереді.

13-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың әрқайсысының сол Тараптың мемлекеті оның қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

14-бап

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілі ретінде орыс тілін пайдаланады.

15-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
      Қажетті рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап күшіне енеді.

16-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

      Тараптардың әрқайсысы депозитарийге одан шығатын уақытқа дейін кемінде алты ай бұрын бұл туралы жазбаша хабарлап, осы Келісімнен шыға алады.

18-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оған қол қоймаған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы болып табылмайтын мемлекеттердің осындай қосылу туралы құжатты депозитарийге беруі жолымен қосылуы үшін ашық.
      Қосылып жатқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап үш ай өткен соң күшіне енеді.
      Депозитарий Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы болып табылмайтын мемлекеттен осы Келісімге қосылу туралы хабарлама алған жағдайда депозитарий Тараптарға бұл туралы дереу хабарлайды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы болып табылмайтын қосылып жатқан мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап үш ай өткен соң күшіне енеді.
      200__ жылғы _________________ _______________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

       Әзірбайжан Республикасының       Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін
 
      Армения Республикасының          Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін
 
      Беларусь Республикасының         Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін
 
      Грузия Үкіметі үшін              Түрікменстан Үкіметі үшін
 
      Қазақстан Республикасының        Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін
 
      Қырғыз Республикасының           Украина Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін