Республикалық бюджет комиссиясы туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 24 тамыздағы N 1426 Жарлығы. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2009 жылғы 1 сәуірдегі N 780 Жарлығымен.

       Ескерту. Жарлықтың күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 1 сәуірдегі N 780 Жарлығымен.

      2004 жылғы 24 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджет комиссиясы туралы ереже бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Республикалық бюджет комиссиясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 7 ақпандағы N 801 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 6, 37-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 7 ақпандағы N 801 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 15 қарашадағы N 974 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., 38, 391-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентінің      
2004 жылғы 24 тамыздағы 
N 1426 Жарлығымен    
бекітілген       

Республикалық бюджет комиссиясы туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы ереже тұрақты негізде жұмыс істейтін Республикалық бюджет комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) қызметін реттейді.
      2. Комиссия қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы , Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі , Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

2. Комиссия қызметінің мақсаты

      3. Комиссия қызметінің негізгі мақсаты тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын уақтылы және сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету және республикалық бюджетті нақтылау және атқару жөнінде ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.

3. Комиссияның міндеттері мен функциялары

      4. Комиссияның негізгі міндеттері:
      1) мыналар:
      алдағы үш жылдық кезеңге арналған орта мерзімді фискалдық саясат;
      тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының көрсеткіштерін айқындау;
      алдағы үш жылдық кезеңде және жоспарланатын қаржы жылында қаржыландыру үшін бюджеттік бағдарламаларды іріктеу, орта мерзімді фискалдық саясатқа негіздей отырып, оларды іске асыру тетігін айқындау;
      республикалық немесе жергілікті бюджеттер шығыстарының ұлғаюын немесе түсімдердің қысқаруын көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары;
      тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау;
      республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау нәтижелерін қарау жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
      2) Бюджет кодексінде және осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктер.
      5. Комиссия өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Комиссияның жұмыс органы дайындаған материалдарды қарайды және:
      алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттердің болжамды көрсеткіштерін;
      алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет түсімдерінің болжамды көрсеткіштерін;
      республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын іске асыру тәсілдерін;
      бюджет қаражатын жұмсаудың және заңды тұлғаларды субсидиялаудың басым бағыттарын;
      бюджетаралық қатынастардың даму бағыттарын;
      мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш саласындағы саясатты;
      республикалық бюджет шығыстарының лимиттерін;
      мемлекеттік, салалық (секторалдық) бағдарламалар бөлінісінде жоспарланып отырған үш жылдық кезеңге арналған басымды республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбесін;
      мемлекеттік, салалық (секторалдық) бағдарламалар бөлінісінде республикалық бюджеттен дамуға мақсатты трансферттер және кредиттер есебінен қаржыландырылатын, жоспарланып отырған үш жылдық кезеңге арналған басымды жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) тізбесін;
      заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестицияларды;
      жоспарланып отырған үшжылдық кезеңге арналған қаржыландыруды талап ететін мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың тізбесін;
      бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландыру көздері мен тетіктерін;
      республикалық бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландыруға бағытталған және республикалық бюджеттен дамуға мақсатты трансферттер мен кредиттерді көздейтін бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін айқындайды;
      2) Комиссияның жұмыс органы дайындаған материалдарды қарайды және:
      республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарын және ұлттық компаниялардың орта мерзімді даму жоспарын мақұлдау;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуын мақұлдау;
      өткен кезеңдегі бюджеттік бағдарламаларды іске асыру тиімділігін бағалау нәтижелері;
      мемлекеттік бюджеттің және республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштерін есепке ала отырып, заттай нормаларды өзгерту немесе алып тастау туралы ұсыныстар;
      алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өтінімдер және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қорытындылары;
      орталық мемлекеттік органдардың байланыстырылған гранттарды тартуға өтінімдері;
      алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасы;
      республикалық немесе жергілікті бюджеттер шығыстарының ұлғаюын немесе түсімдерінің қысқаруын көздейтін Қазақстан Республикасының заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының жобалары;
      республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қаланың және астананың бюджеттеріне берілетін мақсатты трансферттердің көлемдері бойынша ұсыныстар;
      республикалық бюджеттік бағдарламалардың паспорттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау;
      бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның арасындағы келіспеушіліктерді реттеу жөнінде шешімдер қабылдайды;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асырады.

4. Комиссияның құқықтары

      6. Комиссия өзінің міндеттеріне сәйкес:
      1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен, ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін мамандарды және сарапшыларды жұмысқа тартуға;
      2) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға және ұсыныстар енгізуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдар сұратуға және оларды алуға;
      4) Комиссияның міндеттері мен функцияларын іске асыруға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органның және ұйымның бірінші басшыларын, ал олар болмаған кезде - бірінші басшысының міндетін атқарушы тұлғаларды Комиссияның отырыстарына шақыруға және тыңдауға;
      5) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді қарау үшін тақырыптық блоктар бойынша кіші комиссиялар құруға құқығы бар.

5. Комиссияны қалыптастырудың және оның
қызметінің тәртібі

      7. Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      8. Комиссия құрамына:
      1) Комиссия төрағасы;
      2) Комиссия төрағасының орынбасарлары;
      3) Комиссия хатшысы;
      4) Комиссия мүшелері кіреді.
      9. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, Комиссия отырыстарын өткізеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуы үшін жалпы бақылауды жүзеге асырады және Комиссия жүзеге асыратын қызмет үшін жауап береді. Комиссия төрағасы болмаған кезде оның функцияларын ол тағайындаған Комиссия төрағасының орынбасары орындайды.
      10. Комиссия хатшысы Комиссияның қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді, Комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындайды.
      11. Комиссия мүшелерінің отырыстарға қатысу жөніндегі өздерінің өкілеттіктерін басқа тұлғаларға беруге құқығы жоқ.
      12. Жұмыстың жоспар-кестесін Комиссия белгілейді. Республикалық бюджет жобасын әзірлеу кезеңінде Комиссия жұмысының жоспар-кестесі Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін республикалық бюджет және төтенше мемлекеттік бюджет жобаларын әзірлеу ережелерінде айқындалған мерзімдерге сәйкес белгіленеді.
      13. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы, сондай-ақ Комиссия мүшелеріне сауал қою жолымен қабылданады және егер, олар үшін Комиссияның қатысушы мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі жақтап дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Комиссия мүшелері шешімдер қабылдау кезінде тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
      14. Комиссия отырыстарының күн тәртібі мәселелерін қараудың нәтижелері әрбір мәселе бойынша дауыс берудің қорытындысы көрсетіле отырып, тиісті хаттамаларға енгізіледі және төраға айқындайтын жағдайларда Комиссияның отырысқа қатысқан мүшелері қол қояды. Комиссия қабылдаған шешім хаттамамен ресімделіп, оған төраға мен хатшы қол қояды. Комиссия мүшелері қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде білдіруге құқығы бар, ол отырыстың хаттамасына қоса тігіледі.
      15. Комиссияға жүктелген міндеттерді орындау мақсатында ол қабылдаған шешімдерді барлық мемлекеттік органдар міндетті түрде қарауға және көрсетілген мерзімде орындауға тиіс.
      16. Комиссияның жұмыс органы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган болып табылады.
      17. Комиссия отырыстарының арасындағы кезеңде оның қызметінің ұйымдық мәселелерін Комиссияның жұмыс органы шешеді.
      18. Комиссия немесе жұмыс органы айқындайтын мерзімге және күн тәртібіне сәйкес Комиссия отырыстарына материалдар дайындау, оларды Комиссия мүшелеріне тарату, Комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындау, мемлекеттік органдардың және ұйымдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша оларға Комиссияның хаттамалық шешімдерінен үзінді көшірмелер жіберу, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерден және осы Ережеден туындайтын басқа да функциялар жұмыс органының функциялары болып табылады.

6. Комиссияның қызметін тоқтату

      19. Қазақстан Республикасы Президентінің Комиссия қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауы Комиссияның қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.
      20. Осы ереженің 19-тармағында көрсетілген, Комиссияның қызметін тоқтатуға әкеп соғатын мән-жайлар туындаған кезде Комиссия Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне жасалған жұмыс туралы есеп-хат жібереді.