Астана қаласының арнайы экономикалық аймағын тарату туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2000 жылғы 28 шілде N 421

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" 1996 жылғы 26 қаңтардағы N 2823 заң күші бар Жарлығына сәйкес қаулы етемін:
      1. Астана қаласының арнайы экономикалық аймағы таратылсын және салық салу мен кедендік реттеудің ерекше құқықтық режимінің күші жойылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Астана қаласының әкімі заңдарда белгіленген тәртіппен:
      1) бұрын қабылданған шешімдерді 2001 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мерзімде осы Жарлыққа сәйкес келтірсін;
      2) 2000 жылғы 1 қарашаға дейінгі мерзімде:
      2000 жылға арналып бекітілген бюджеттің көлемінен кем емес деңгейде Астана қаласын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ететін оның бюджетін қалыптастыру тетігін;
      Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған заңды тұлғаларды қоспағанда, Астана қаласының жергілікті атқарушы органының Астана қаласының аумағында тіркелген акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін иеленуге, пайдалануға және билік етуге арналған құқығын бекітетін тиісті нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлесін.
      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің "Астана қаласының арнайы экономикалық аймағын құру туралы" 1996 жылғы 9 қазандағы N 3127 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 41, 383-құжат);
      2) "Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы N 3700 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 19 наурыздағы N 3872   Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., N 8, 46-құжат);
      3) Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтардың кейбір мәселелері туралы" 1999 жылғы 31 наурыздағы N 104 Жарлығының 4 және 5-тармақтары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 10, 81-құжат).
      4. Осы Жарлық, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 2-тармақты қоспағанда, 2001 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
              Президенті

     

      Оқығандар: Қасымбеков Б.А.
                 Икебаева Ә.Ж.