Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабы 4) тармақшасына ресми түсіндірме беру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 1999 жылғы 17 наурыз N 4/2 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі құрамында Кеңес төрағасы Ю.А.Ким және Кеңес мүшелері О.Қ.Ықсанов, В.В.Мамонов, С.Ғ.Темірболатов және В.Д.Шопин қатысқан, өтінім субъектісінің өкілі - Республика Премьер-Министрі Кеңсесінің құқықтық сараптама бөлімінің сектор меңгерушісі Ж.К.Сүтемгенованың қатысуымен өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Н.Балғымбаевтың Республика Конституциясының 66-бабы 4) тармақшасына ресми түсіндірме беру туралы өтінімін қарап, мынаны анықтады: 
      1999 жылғы 24 ақпанда Конституциялық Кеңеске келіп түскен өзінің өтінімін Республика Премьер-Министрі былай негіздеген. Меншіктің құқықтық режимінің ережелерін көздеген заң шығарушы мемлекеттік меншік құқығы субъектісін анықтамаған. Үкіметтің мемлекеттік меншік объектілеріне билік ету жөніндегі бірқатар нормативтік құқықтық актілерінің заңдылығы туралы мәселенің шешілуі өтінімде аталған Конституция нормасына ресми түсіндірме беруге байланысты болып отыр. Баяндалған және басқа да жағдаяттарды ескере отырып, Республика Премьер-Министрі Республика Конституциясының 66-бабы 4) тармақшасына ресми түсіндірме берілуін, онда "мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады" деген конституциялық норманың заңдық мазмұны Үкіметке мемлекеттік меншік құқығы субъектісі өкіметтігін беруді білдіре ме деген сұраққа жауап болуын өтінген. 
      Баяндамашы - Кеңес мүшесі С.Ғ.Темірболатовтың хабарламасын тыңдап және конституциялық өндіріс материалдарын, оның ішінде маманның - Қазақ мемлекеттік Заң университеті Жеке құқық ғылыми-зерттеу Орталығының директоры, Ұлттық Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, заң ғылымдарының докторы, профессор М.К.Сүлейменовтың қорытындысын қарап, көрсетілген конституциялық нормаға ресми түсіндірме бергенде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады: 
      Меншік мәселелері жөнінде Республика Конституциясында мынадай нормалар бар: 6-баптың 2-тармағы "Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді", 61-баптың 3-тармағының 2) тармақшасы "Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, 2) меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға қатысты негіз қалаушы принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы", 66-баптың 4) тармақшасы "Қазақстан Республикасының Үкіметі: 4) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады". 
      Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 192-баптың 1 және 2 тармақтарында: "1. Мемлекеттік меншік республикалық және коммуналдық меншік түрінде көрінеді. 2. Республикалық меншік республикалық қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады" деп белгіленген. 
      Республика Конституциясының 3-бабы 3-тармағына сәйкес "Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде ғана мемлекет атынан билік жүргізеді". 
      Азаматтық-құқықтық қатынастарға қолданыста көрсетілген конституциялық норма Республиканың Азаматтық кодексінің 111-бабында өрбітіліп, оның 2-тармағында: "Қазақстан Республикасының мемлекеттік өкімет билігі мен басқару органдары өздерінің осы органдардың мәртебесін айқындайтын заң құжаттарында, ережелерде және өзге де құжаттарда белгіленетін құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының атынан өз әрекеттері арқылы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді алып, оларды жүзеге асырады" деп белгіленген. 
      Үкіметтің мәртебесін анықтайтын акт Қазақстан Республикасы Президентінің  "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы"   конституциялық заң күші бар Жарлығы болып табылады. Аталған Жарлықтың 9-бабының 8) тармақшасы Үкімет "мемлекет меншігін басқаруды ұйымдастырады, оны пайдалану жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы аумағында мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді" деп белгіленген. Бұл ретте Үкіметтің құзыретіне жататын "мемлекет меншігін басқару" ұғымын мемлекеттік мүлік меншік иесінің заңдылығын Қазақстан Республикасының атынан заң шеңберінде жүзеге асыру деп түсіну қажет. Үкіметке бұл заңды құқықтар Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығы қабылданған сәттен бастап берілген. 
      Маманның - профессор М.К.Сүлейменовтың қорытындысында көрсетілгеніндей, Қазақстан Республикасы Президентінің  "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы"  Жарлығының 9-бабының 8) тармақшасы белгілеген мемлекеттік меншікті пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыруға Республика заң актілері белгілеген шегінде мемлекеттік меншікті иелену де, пайдалану да, билік ету де жатады. 
      Сөйтіп, Қазақстан Республикасының өзі мемлекеттік меншік иесі болып табылады, ол заң актісінде Үкіметтің өкілеттігін анықтай отырып, мемлекеттік мүліктің меншік иесі ретінде оған иелену, пайдалану және билік ету құқығын береді. 
      Баяндалғанның негізінде және Республика Конституциясының 72-бабының 4) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Республика Конституциясының 66-бабы 4) тармақшасына ресми түсіндірме беру ретінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабы 4) тармақшасының "мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады" деген нормасының заңдық мазмұны Республика Үкіметіне заң актілері белгілеген шегінде мемлекеттік меншікті иелену, пайдалану және жұмсау өкіметтіктері беріледі деп түсіну қажет. 
      2. Қазақстан Республикасының Президентінің  "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы"  конституциялық заң күші бар Жарлығының 38-бабының 1-тармағына сәйкес осы заң қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің  "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы"  конституциялық заң күші бар Жарлығының 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес осы қаулы ресми республикалық баспасөз басылымдарында жарияланады. 

       Қазақстан Республикасы 
      Конституциялық Кеңесінің 
      Төрағасы