2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 136-бабы бірінші бөлігінің, 140-бабы төртінші бөлігінің, 153-бабы бірінші бөлігінің және 342-бабы бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінің Қазақстан Республикасының Кон

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 10 маусымдағы № 85-НҚ нормативтік қаулысы

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектілері А.А. Калиевтің және А.Г. Пархоменконың, олардың өкілдері – адвокаттар М.Т. Айдарбековтің және И.В. Поповтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Қоғамдық тәртіп саласындағы Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сулейменовтің,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Төрағасының бірінші орынбасары Н.Қ. Рыспаевтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Г. Жұмағалиқызының,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – басшы орынбасары Ә.Ж. Сабыровтың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – Ғылыми-консультативтік кеңес мүшесі М.Н. Налибаевтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі – Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының профессоры В.В. Ханның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 136-бабы бірінші бөлігінің, 140-бабы төртінші бөлігінің, 153-бабы бірінші бөлігінің және 342-бабы бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтініштерді қарады.

      Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары А.Қ. Ескендіровті және Қ.Т. Жақыпбаевты, отырысқа қатысушыларды және сарапшы – заң ғылымдарының кандидаты, доцент, "Bolashaq" академиясы" жекеменшік мекемесінің профессоры А.Л. Ханды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚПК-нің 136-бабы бірінші бөлігінің, 140-бабы төртінші бөлігінің, 153-бабы бірінші бөлігінің және 342-бабы бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініштер келіп түсті.

      А.А. Калиевтің өтінішінен шығатыны, ол ауыр қылмыс жасады деп айыптау бойынша басты сот талқылауы кезінде күзетпен ұстауда болған. Іс сотқа келіп түскен күннен бастап есептелетін осы бұлтартпау шарасының алты ай мерзімі 2025 жылғы 29 сәуірде өтіп кеткен және оны сот 2025 жылғы 6 мамырда ғана ұзартқан.

      А.Г. Пархоменко өз өтінішінде ауыр қылмыс жасады деп айыпталғанын көрсетеді. Қылмыстық іс бірінші сатыдағы сотқа 2024 жылғы 4 маусымда келіп түсіп, басты сот талқылауы кезінде ол күзетпен ұстауда болған. Іс сотқа келіп түскен күннен бастап күзетпен ұстауда болудың он екі ай мерзімінің өтуіне байланысты 2025 жылғы 3 маусымда бірінші сатыдағы сот осы бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстырған. Бұл ретте сот бірқатар шектеулер мен міндеттерді белгілеп, сотталушы оларды орындамаған жағдайда бұлтартпау шарасы қайтадан күзетпен ұстауға өзгертілуі мүмкін екенін түсіндірген. Апелляциялық сатыдағы сот осы сот түсіндіруімен келіспеу туралы жекеше шағымды қанағаттандырмай, бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырған.

      Өтініш субъектілері ҚПК-нің дау айтылып отырған нормалары Конституция ережелерін бұзып, сотталушыны белгіленген мерзім өткеннен кейін күзетпен ұстауға жол береді деп санайды.

      Дау айтылып отырған қылмыстық-процестік нормалардың конституциялылығын тексеріп, Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияда мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (1-баптың 1-тармағы), адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады (12-баптың 2-тармағы), әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар (13-баптың 2-тармағы), әркімнің өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар деп жария етіледі. Заңда көзделген жағдайларда ғана және тек қана соттың санкциясымен қамаққа алуға және күзетпен ұстауға болады, қамаққа алынған адамға шағым жасау құқығы беріледі. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады (16-бап).

      Негізгі Заңның 77-бабының 1-тармағына сәйкес судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

      Аталған конституциялық ережелер мемлекетті сот талқылауын қоса алғанда, қылмыстық процестің барлық сатыларында жеке бастың бостандығы құқығының сақталуына тиімді кепілдіктерді қамтамасыз етуге міндеттейді.

      2. ҚПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес адам қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынып жүр не iстi объективтi тергеп-тексеруге немесе сотта талқылауға кедергі келтіреді не қылмыстық әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.

      ҚПК-нің 140-бабының төртінші бөлігінде көзделгендей, күдікті (айыпталушы) ҚПК нормаларында көзделген шектеулер мен міндеттерді тиісті бұлтартпау шарасына қатысты бұзатын әрекеттерді жасаған жағдайда неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін, бұл туралы оған тиісті қаулының көшірмесі табыс етілген кезде жариялануға тиіс.

      ҚПК-нің 153-бабының бірінші бөлігіне сәйкес бұлтартпау шарасының қажеттігі болмай қалған кезде оның күші жойылады немесе тиісті негіздер мен мән-жайлар өзгерген кезде қатаңдығы неғұрлым жеңіл немесе неғұрлым ауыр шараға өзгертіледі.

      ҚПК-нің 342-бабында басты сот талқылауы кезінде сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы мәселені шешу регламенттеледі. Сот сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдауға, өзгертуге, оның күшiн жоюға немесе оны ұзартуға құқылы (бірінші бөлік).

      ҚПК-нің 342-бабында белгіленген жалпы ереже бойынша сотталушыны бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау мерзiмi iс сотқа келіп түскен күннен бастап және үкiм шығарылғанға дейiн алты айдан аспауға тиiс (екінші бөлік). Сонымен бірге, ауыр қылмыстар туралы iстер бойынша алты ай мерзiм өткеннен кейiн сот күзетпен ұстау мерзiмiн он екi айға дейiн ұзартуға құқылы (үшiншi бөлiк). Ауыр қылмыстар туралы iстер бойынша күзетпен ұстаудың он екi ай мерзiмi өткеннен кейiн сот сотталушыға бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе өзге де бұлтартпау шарасына ауыстыруға тиiс (төртiншi бөлiк).

      3. ҚПК-де бұлтартпау шараларын қолдану мақсаттары тікелей айқындалмаған. ҚПК-нің 136-бабында атап өтілген бұлтартпау шараларын қолдану негіздері заңды мақсаттар болып табылады, оларға қол жеткізу күдіктінің (айыпталушының, сотталушының) құқықтары мен бостандықтарын уақытша шектеудің заңдылығын негіздейді. Өзге де процестік мәжбүрлеу шараларына қатысты заң шығарушы оларды қолдану мақсаты қылмыстық істер бойынша ҚПК-де көзделген тергеп-тексеру, сот талқылауы тәртібін, үкімнің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету болып табылады (ҚПК-нің 155-бабының бірінші бөлігі) деп нақтылап көрсетіп өткен.

      Бұлтартпау шаралары институты сотқа дейінгі талқылау және сот талқылауы кезінде қылмыстық қудалау органдарының және соттың күдіктіге (айыпталушыға, сотталушыға) мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдануы арқылы қылмыстық процес міндеттерін шешуге ықпал етеді. Әрбір бұлтартпау шарасы, әсіресе олардың ең қатаң түрі – адамды күзетпен ұстау жеке адамның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері аясына қатты әсер етеді, сондықтан аталған институт қылмыстық процестің түрлі сатыларының ерекшеліктерін ескеріп, оны және оның қолданылуын заң деңгейінде түсінікті, анық және салдар болжамын регламенттеуді талап етеді.

      Бұған дейін Конституциялық Сот нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және қолдану кезінде адамның құқықтары мен бостандықтары аса маңызды мәнге ие деп атап өткен болатын (2024 жылғы 3 желтоқсандағы № 54-НҚ нормативтік қаулы).

      ҚПК-нің 64, 65 және 358-баптарының ережелеріне сәйкес сотталушының бұлтартпау шарасын таңдау және оның мерзімін ұзарту туралы өтінішхаттың және қаулының көшірмелерін алуға, тергеушінің, анықтаушының, прокурордың және соттың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым келтіруге, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қорғауға құқығы бар.

      Күдікті, айыпталушы сол бір іс бойынша, сондай-ақ бұған біріктірілген немесе одан бөлініп алынған қылмыстық іс бойынша қайтадан күзетпен ұстауда болған жағдайда, күзетпен ұстау мерзімі күзетпен ұстауда өткізілген уақыт ескеріле отырып есептеледі (ҚПК-нің 152-бабының тоғызыншы бөлігі).

      Егер күзетпен ұстаудың заңда белгіленген мерзімі өткеннен кейін күдіктіні, айыпталушыны босату туралы не оларды күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім келіп түспесе, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы оларды өзінің қаулысымен босатады (ҚПК-нің 152-бабының төртінші бөлігі).

      4. Қылмыстық сот ісін жүргізуде судья сот төрелігінің конституциялық қағидаттарын және Негізгі Заңның өзге де ережелерін, сондай-ақ олардың іске асыратын ҚПК-нің қағидаттары мен нормаларын сақтауға міндетті.

      "Қылмыстық процесс қағидаттарын бұзу оның сипаты мен елеулі болуына қарай процестік әрекетті немесе шешімді заңсыз деп тануға, осындай іс жүргізу барысында шығарылған шешімдердің күшін жоюға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдемелік күші жоқ деп тануға немесе іс бойынша болып өткен іс жүргізуді жарамсыз деп тануға әкеп соғады" (ҚПК-нің 9-бабының екінші бөлігі).

      Заңдылық қылмыстық процесінің қағидаты ретінде сот, прокурор, тергеуші, анықтау органы және анықтаушы қызметінде негізге алынады және олар Конституция, ҚПК және қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібін айқындайтын өзге де заңнама талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті. Қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде заңды бұзуға жол берілмейді және ол заңда белгіленген жауаптылыққа, заңсыз сот актілерін жарамсыз деп тануға және олардың күшін жоюға әкеп соғады. ҚПК нормаларында коллизия орын алған жағдайларда, олардың қылмыстық процесс қағидаттарына сәйкес келетіндері қолданылуға тиіс, ал нормаларда тиісті регламенттеу болмаған кезде сот ісін жүргізу мәселелері тікелей қылмыстық процесс қағидаттары негізінде шешіледі (ҚПК-нің 10-бабының бірінші, үшінші және төртінші бөліктері).

      Қылмыстық процесті жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарады, онда адамға күдік келтіріліп, ол айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көрсету және осы бұлтартпау шарасын қолдану негіздері қамтылады. Қаулының көшірмесі өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға табыс етіледі және сонымен бір мезгілде оған бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешімге шағым жасау тәртібі түсіндіріледі (ҚПК-нің 140-бабының екінші бөлігі).

      Осылайша, заң бұлтартпау шарасын қолданылғанға дейін процестік тұрғыдан ресімдеуді талап етеді. Демек, жеке бастың бостандығы құқығы кепілдігінің конституциялық-құқықтық мәні негізге алына отырып, бұлтартпау шарасын қолдану мерзімін ұзарту немесе оның күшін жою (оны өзгерту) мәселесін шешу де бұрын белгіленген мерзім өткенге дейін процестік тұрғыдан ресімделуге тиіс.

      Конституциялық Сот 2025 жылғы 18 шілдедегі № 73-НҚ нормативтік қаулысында ҚПК-нің 319-бабының бесінші бөлігін ", егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзарту" деген сөздер бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп танып, "Заңнамалық нормалар күдіктіні (айыпталушыны, сотталушыны) сот шешімінде белгіленген мерзімнен артық мерзімде күзетпен ұстайтын жағдайға алып келмеуге тиіс, бұл оның жеке басының бостандығы конституциялық құқығын бұзады. Егер сот актісімен мерзімді тиісінше ұзарту болмаса, бұлтартпау шарасын қолдану сот шешімдері арасындағы қысқа уақыт аралығында да негізсіз қолдану болып табылады" деп көрсетіп өтті.

      Осы конституциялық іс жүргізу барысында басты сот талқылауы кезінің өзінде сотталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзартуды заңнамалық реттеуге қатысты ұқсас кемшіліктер анықталды. Конституциялық Сот ҚПК-нің 342-бабының үшінші бөлігіндегі "осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін" деген сөздерді соттардың сотталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту немесе бұлтартпау шарасын өзгерту мәселесін тиісті мерзім аяқталар алдын емес, осы мерзім өтіп кеткеннен кейін ғана шешілуге тиіс деп түсінуі мүмкін деп атап өтеді.

      Сонымен қатар, ҚПК-нің 342-бабы үшінші бөлігінің сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін күзетпен ұстау мерзімін ұзартуға құқылы деген ережесі ҚПК-нің 152-бабы төртінші бөлігінің ережелерімен үйлеспейді, соңғы айтылған ережеге сәйкес заңмен белгіленген күзетпен ұстау мерзімінің өтуі (егер күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы шешім күзетпен ұстау орнына келіп түспесе) тиісті адамды шартсыз босатудың басталғанын білдіреді.

      Конституциялық Сот заң шығарушы соттың сотталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдауына мерзімді белгілей отырып, орыс тіліндегі ҚПК мәтінінде 342-баптың үшінші және 3-1-бөліктерінде "по истечении" сөз тіркесін, ал осы баптың төртінші бөлігінде "после истечения" сөз тіркесін қолданғанына да назар аударады. Ал қазақ тіліндегі ҚПК мәтінінің осы нормаларында атап өтілген сөз тіркестері "өткеннен кейін" деген бір мағыналық жүктемеде беріледі.

      Конституциялық Сот ҚПК-нің 342-бабы үшінші бөлігінің редакциясындағы "осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін" деген тұжырым Конституцияның 16-бабының 1 және 2-тармақтарымен үйлеспейтін, сотталушыны сот белгілеген мерзім өткеннен кейін күзетпен ұстауға болады деген мағына беретін түсінікке жол бере отырып, қажетті құқықтық айқындылықты қамтамасыз етпейді деп санайды.

      5. Қылмыстық процесс міндеттері – қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, оларды бейтараптықпен, тез және толық ашу, тергеп-тексеру, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, әділ сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану, адамдарды, қоғамды және мемлекетті қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғау (ҚПК-нің 8-бабының бірінші бөлігі).

      Аталған мiндеттердi iске асыру адамның құқықтары мен бостандықтарына берілетін конституциялық кепiлдiктер, ең алдымен жеке басының бостандығы құқығы сақталған кезде жүзеге асырылуға тиiс және құқықтық мемлекетте қылмыстық сот ісін жүргізудің әділ жүйесінің маңызды өлшемшарты болып табылады.

      Конституциялық Сот адамның жеке басының бостандығы етене құқығына мемлекет жеке басқа қол сұғылмау қағидатын іске асыру арқылы кепілдік беруге міндетті деп түсіндіре отырып, "заң шығарушы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мәнін бұрмаламай және Конституцияның белгілі бір нормаларына сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбей, оларды шектеудің жол берілетін конституциялық шегін сақтауға тиіс" деп көрсетті (2023 жылғы 11 сәуірдегі № 9 нормативтік қаулы).

      Қылмыстық қудалаудың заңдылығы айтарлықтай дәрежеде қылмыстық процестің түрлі сатыларында бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігімен айқындалады. Конституциялық Соттың пікірінше, басты сот талқылауы барысында соттардың ҚПК-нің Жалпы бөлігінде сотталушыны күзетпен ұстау мерзімдерінің заңнамалық регламенттелу ерекшелігін ескерместен, негізінен сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында күдіктіге (айыпталушыға) қатысты бұлтартпау шарасын қолдану реттелетін нормаларды қолдану практикасы сотталушының жеке басының бостандығы конституциялық құқығын бұзуға алып келуі мүмкін.

      Конституция ережелерінің ҚПК-де пәрменді іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында конституциялық бақылау органы өз қолданысын сақтайтын құқықтық ұстанымдарын бұған дейін айқындап берген болатын: адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, ең алдымен, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың бұзылу ықтималын болғызбауға бағытталған шаралар кешенін, оның ішінде заңнамалық сипаттағы шаралар кешенін әзірлеуді білдіреді; заңның құқықтық айқындылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету мақсатында адамды күзетпен ұстау мәселелерін регламенттейтін қылмыстық-процестік нормаларды неғұрлым нақты жазу қажет; қылмыстық сот ісін жүргізудегі заңнамалық тетіктер сот шешімінсіз адамды тіпті қысқа мерзімге күзетпен ұстауға мүмкіндік беретін процестік "аралыққа" жол бермеуге тиіс (2024 жылғы 29 мамырдағы № 45-НҚ және 2025 жылғы 18 шілдедегі № 73-НҚ нормативтік қаулылар).

      Конституцияда әркімнің жеке басының бостандығы құқығына кепілдік беріліп, заңда көзделген жағдайларда ғана қамаққа алуға және күзетпен ұстауға жол беріледі (16-баптың 2-тармағы) деп бекітіле отырып, осы құқықты шектеу шегі айқындалады. Конституциялық Сот аталған конституциялық норма заңда адамды күзетпен ұстау жағдайлары мен негіздері айқындалып қана қоймай, бостандықты осылай шектеудің шекті мерзімдері де белгіленуге міндетті дегенді білдіреді деп атап өтеді. Осыған байланысты сотталушыны бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстаудың қылмыстық-процестік заңда көзделген мерзімінен кез келген артық ұстау осы конституциялық құқықты бұзады.

      ҚПК-нің 342-бабының үшінші бөлігінде көзделген, іс сотқа келіп түскен күннен бастап және үкім шығарылғанға дейін есептелетін он екі ай мерзім ауыр қылмыс туралы істер бойынша сотталушыны күзетпен ұстауға шекті жол берілетін мерзім болып табылады. Осыған байланысты соттың ҚПК-нің Жалпы және Ерекше бөліктерінің нормаларын өзіне сотталушыны осы мерзім өткеннен кейін қайтадан күзетпен ұстауға мүмкіндік береді деп түсінуі Конституцияның 16-бабының 2-тармағына және 39-бабының 1-тармағына қайшы келеді және құқықтық айқындылық қағидатына сәйкес келмейді.

      Сонымен қатар, қолданыстағы құқықтық реттеуге жүргізілген талдау сотталушыны күзетпен ұстаудың шекті жол берілетін мерзімі өтіп кеткен жағдайларда сотталушыға қатысты үйқамақты немесе өзге де бұлтартпау шарасын қолдану ерекшеліктері жеткілікті регламенттелмегенін көрсетеді.

      Конституциялық Сот сотталушы бұлтартпау шарасының үйқамаққа немесе өзге де бұлтартпау шарасына өзгертілуіне байланысты сот белгілеген шектеулер мен міндеттерді бұзатын әрекеттерді жасағаны үшін процестік жауаптылық сотталушыны ҚПК-де көзделген шекті жол берілетін мерзімнен артық мерзімге күзетпен ұстауға негіз болмайды деп есептейді. Сондықтан сотталушыға бұлтартпау шарасы неғұрлым жеңіл түрге өзгертілуге байланысты өзіне жүктелген шектеулерді (міндеттерді) бұзу салдары түсіндірілген кезде сот сотталушыны күзетпен ұстаудың заңда көзделген шекті жол берілетін мерзімінің толық қолданылу факторын ескеруге міндетті. Сот практикасында қылмыстық-процестік заңды осындай жағдайларда соттың сотталушыны қайтадан күзетпен ұстау туралы шешім қабылдауына жол береді деп интерпретациялау құқық нормаларын кеңінен түсіндіруге алып келеді, бұл Негізгі Заңға қайшы келеді.

      Жеке басының бостандығы құқығына берілетін конституциялық кепілдіктердің толық және тиімді сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық Сот сотталушының жеке басының бостандығы конституциялық құқығына кепілдік беру тетігін барынша егжей-тегжейлі әрі нақты заңнамалық реттеу талап етіледі деп есептейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558 және 6265-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 342-бабының үшінші бөлігі "осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн" деген сөздер бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 136-бабының бірінші бөлігі, 140-бабының төртінші бөлігі, 153-бабының бірінші бөлігі және 342-бабының бірінші, екінші және төртінші бөліктері төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      сотталушының үйқамаққа немесе өзге де бұлтартпау шарасына байланысты сот жүктеген шектеулер мен міндеттерді бұзатын әрекеттерді жасауы оны сол бір қылмыстық іс бойынша, сондай-ақ бұған біріктірілген немесе одан бөлініп алынған қылмыстық іс бойынша қылмыстық-процестік заңда көзделген шекті жол берілетін мерзімнен артық мерзімге он екі ай мерзім өткеннен кейін қайтадан күзетпен ұстауға негіз болмайды.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан күннен бастап алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасын осы нормативтік қаулыда жазылған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасына бастамашылық жасасын.

      Қолданылған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берілсін.

      4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты