2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 489-бабы бірінші бөлігі 6) тармағының, 490-бабы бірінші бөлігі 2) тармағының, екінші бөлігінің және 491-бабы бесінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестіг

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 489-бабы бірінші бөлігі 6) тармағының, 490-бабы бірінші бөлігі 2) тармағының, екінші бөлігінің және 491-бабы бесінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі – В.Е. Порожняктің,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – басшының орынбасары А.С. Мусралиновтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Вячеслав Евгеньевич Порожняктің өтініші бойынша 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 489-бабы бірінші бөлігі 6) тармағының, 490-бабы бірінші бөлігі 2) тармағының, екінші бөлігінің және 491-бабы бесінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ж. Сәрсембаевтың хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына В.Е. Порожняктің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларының заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарауына байланысты ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігі 6) тармағының, 490-бабы бірінші бөлігі 2) тармағының, екінші, төртінші бөліктерінің және 491-бабы бесінші бөлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 13, 14, 75 және 77-баптарына сәйкестігін қарау туралы өтініші келіп түсті.

      Өтініш субъектісі ҚПК-нің көрсетілген нормаларын олардың бұрынғы редакциясымен салыстыра отырып, сот үкіміне шағым жасаған кезде сот төрелігіне қол жеткізуге өзінің конституциялық құқығына нұқсан келтіру деп ойлайды. Атап айтқанда мыналарға сілтеме жасайды:

      1) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – 2015 жылғы 31 қазандағы Заң), мұнда ҚПК-нің 490-бабынан өтінішхатты қараған кезде қылмыстық істі талап етіп алдыру міндеттілігі (бірінші бөлік), сондай-ақ соттың үш судья құрамында ашық сот отырысында өтінішхатты алдын ала қарауы туралы норма (екінші бөлік) алып тасталды;

      2) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аясының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді ендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Заң), мұнда өтінішхаттарды алдын ала қарау кезінде судья саны біреуден үшке дейін ұлғайтылды, бұл ретте соңғысы бұрын (2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі) өтінішхаттарын судья жеке-дара қабылдамаған адамдарға қолданылмайды (ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 6) тармағы). Сондай-ақ, аталған Заңда наразылықты енгізу құқығы Бас Прокурорға ғана қалдырылып, Жоғарғы Сот Төрағасының кассациялық сатыдағы сотқа ұсыну енгізу құқығы қысқартылды (ҚПК-нің 490-бабының төртінші бөлігі).

      ҚПК-нің көрсетілген нормаларының конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы).

      Конституцияда әркімге өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығы беріле отырып, әркімнің сот арқылы қорғалу құқығы бекітіледі. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне әркімнің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады (13-баптың 1 және 2-тармақтары, 76-баптың 1 және 3-тармақтары).

      Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерінде құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бiр түрiн конституциялық деңгейге дейін жеткiзу және Конституцияда олардың кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын қамтамасыз етуді өз міндетіне алатындығын білдіреді деп атап көрсетілді (1999 жылғы 12 наурыздағы № 3/2, 2004 жылғы 20 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулылар және басқалар).

      Аталған құқықтық ұстанымдар Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (1966 жылғы 16 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдады және 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланды) ережелеріне сәйкес келеді, онда әркімнің қылмыстық немесе азаматтық істі құзыреттi, тәуелсіз және әдiл соттың әдiлеттi және жария талқылауына құқығы жарияланған (14-баптың 1-тармағы).

      Конституциялық маңызды құндылықтарды сот төрелігі арқылы тиімді қорғауға мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетіктер Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі. Конституцияда Парламентке аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығару құқығы беріледі (61-баптың 3-тармағының 6) тармақшасы, 75-баптың 2-тармағы).

      Бұл жағдайда заңдар Конституцияның, оның ішінде сот арқылы қорғалу құқығына (13-баптың 2-тармағы), заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең (14-баптың 1-тармағы), қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір ұсталған, тұтқындалған адамның адвокат көмегін пайдалану (16-баптың 3-тармағы), сотта әркім өз сөзін тыңдату құқықтарына (77-баптың 3-тармағының 4) тармақшасы) және басқа да кепілдіктермен байланысты нормаларының негізінде және оларды дамыту үшін қабылданады.

      2. Қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібі Конституцияда, конституциялық заңдарда, сондай-ақ сот билігін жетілдіру және дамыту мақсаттары негізге алынып, ережелері жаңартылып отыратын ҚПК-де айқындалады.

      2015 жылғы 31 қазандағы Заңмен (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) сот сатыларының жүйесін үш буынды модельге айналдыра отырып, сот құрылысы және сот төрелігін іске асыру тәртібі бөлігінде ҚПК-ге өзгерістер енгізілді.

      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап облыстық және оларға теңестірілген соттардың кассациялық сот алқалары таратылып, облыстық және оған теңестірілген соттар апелляциялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді. Жоғарғы Соттың бұрынғы қадағалау сот алқалары енді кассациялық саты ретінде әрекет етеді.

      Өтініш субъектісі дау айтып отырған ҚПК-нің 490-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағында алдын ала қарау кезеңінде сот актісін қайта қарау туралы өтінішхатты кассациялық сатының судьясы зерделеп, істі талап етіп алдыруға негіздердің бар-жоғы туралы мәселені шешеді деп белгіленген.

      Осы норманың алдыңғы редакциясына сәйкес баяндамашы судья (қадағалау алқасының) өтінішті қараусыз қайтаруға негіздер болмаған кезде қылмыстық істі міндетті түрде талап етіп алдыра отырып, өтінішхатты алдын ала зерделеген.

      ҚПК-нің 490-бабы бірінші бөлігі 2) тармағының қолданыстағы редакциясының сот ісін талап етіп алдыруға негіздердің бар-жоғы туралы ережелері, күшін жоғалтқан редакциядан айырмасы, императивтік емес, дискрециялық нысанда жазылған. Кассациялық сатының судьясына ҚПК-нің 52-тарауының сот актілерін қайта қарауға баланысты өзге де ережелерін жинақтай келгенде, келіп түскен қайта қарау туралы өтінішхатты істі талап етіп алдыра отырып, алдын ала қарауға (қайтаруға негіздер болмаған кезде) енгізу жүктеледі.

      Алдын ала қарау қорытындысы бойынша Жоғарғы Соттың үш судьясы тараптарды шақыра отырып, шешім қабылдайды, олардың келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі келтірмейді. Нәтижелері бойынша өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беру не беруден бас тарту немесе өтінішхатты қайтару туралы қаулы шығарылады (ҚПК-нің 490, 491-баптары).

      ҚПК-нің 491494-баптарының нормаларына жасалған құқықтық талдау келіп түскен кассациялық өтінішхат бойынша қылмыстық істі талап етіп алдыру (қайтаруға негіздер болмаған кезде) және осы саты судьяларына қылмыстық іс материалдарына толық қолжетімділік беру қажеттігін растайды.

      ҚПК-нің 491-бабының үшінші бөлігіне сәйкес "сот актілерін қайта қарауға негіздер болған кезде қаулы, өтінішхат және оған қоса берілген құжаттар іспен бірге кассациялық сатыдағы сотқа ... беріледі". ҚПК-нің 492-бабының бірінші бөлігінде "кассациялық сатыдағы сот судьяның қаулысы, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бар істі алғаннан кейін үш тәулік ішінде тараптарға көрсетілген құжаттардың көшірмелерін ... жiбередi" делінген. Осыған ұқсас талап КПК-нің 493 және 494-баптарында бар.

      Ұқсас жағдайда қылмыстық істі талап етіп алдыру міндеттілігі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарауды регламенттейтін заңнаманы қолдану туралы" 2022 жылғы 10 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 13-тармағында да қамтылады.

      Негізгі Заңда әркімге құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік беріле отырып және сот төрелігінің конституциялық қағидаттары айқындала отырып, сот сатыларының саны және олардың жұмыс істеу тәртібі тікелей бекітілмейді. Бұл мәселелер Республика Парламенті қабылдайтын процестік заңдар деңгейінде регламенттеуге жатады, ол өз құзыреті шеңберінде аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы (Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 6) тармақшасы).

      Осы жазылғандарды ескере отырып, Конституциялық Сот ҚПК-нің 490-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағында және екінші бөлігінде Конституцияға сәйкессіздік бар деп есептемейді, алайда тиісті шешім қабылдау үшін көрсетілген нормаларда құқықтық нұсқамалар жеткілікті түрде анық емес деп атап өтеді.

      Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығымен, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең дегенмен, сот төрелігін соттың ғана жүзеге асыруымен (Конституцияның 13, 14, 75 және 77-баптары) өзара байланысты сот төрелігінің конституциялық қағидаттары соттың істі дұрыс шешу үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануын көздейді.

      Конституцияда кепілдік берілген әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы мемлекеттің заңды күшіне енбеген сот актілерін апелляциялық тәртіппен қайта қарау шеңберінде істі мәні бойынша қайтадан қарау мүмкіндігімен бірінші сатыдағы сотта әділ талқылау үшін жағдайларды қамтамасыз етуін көздейді.

      Заңды күшіне енген сот актісін жергілікті соттардың қызметін тиісінше ұйымдастырған кезде кассациялық тәртіппен өзгерту айрықша жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс. Осыған орай, оны қайта қарау негіздері құқықтық мемлекет негізінде жатқан құқықтық айқындылықты және әділдікті қамтамасыз етуге тиіс.

      ҚПК-нің 485-бабы (жазылған конституциялық ережелерді дамыту үшін) кінәсізді соттауға; негізсіз ақтау үкімін шығаруға немесе істі тоқтатуға; жәбірленушіні сот арқылы қорғалу құқығынан айыруға және басқаларға алып келетін, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс емес қолданылуын заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау негіздері ретінде айқындайды.

      Жоғарғы Соттың бірінші және екінші сатының сот актілерін қайта қарауына мұндай негіздер жалпы жұрт қабылдаған құқықтық мемлекет табиғатын түсінуден туындайды, мұнда адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын елеулі бұзуға әкеп соғатын сот қателіктерін түзетудің пәрменді тетігінің болмауына жол берілмейді.

      Заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау мүмкіндігі сот төрелігін іске асырудың қосымша кепілдігі болып табылады, бұл ретте қылмыстық процестің осы сатысындағы негіздер мен рәсімдерді айқындау заң шығарушының құзыретіне кіреді.

      Конституциялық Сот кассациялық саты судьяларының заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттарды қылмыстық іс материалдарын талап етіп алдырмай, ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 4) және 7) тармақтарында көзделген негіздер бойынша алдын ала қарауы сот төрелігінің конституциялық қағидаттарын бұзуға алып келуі мүмкін, бұған жол беруге болмайды деп есептейді.

      Осыған байланысты, заңды біркелкі қолдануды қамтамасыз ету қажеттігі негізге алына отырып, процестік нормалар заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келу және салдары болжаулы болу тұрғысынан түзетуді қажет етеді, яғни олар жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулысы).

      3. 2015 жылғы 31 қазандағы Заңмен ҚПК-нің 490-бабынан соттың үш судья құрамында ашық сот отырысында кассациялық өтінішхатты алдына қарауы туралы ереже алып тасталды. Өтініш авторының пікірінше, аталған ереже әркімнің сотта өз сөзін тыңдату құқығы туралы конституциялық қағидатты бұзды.

      2021 жылғы 27 желтоқсандағы Заңмен ҚПК-нің 490-бабының редакциясы 2022 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа бөлікпен толықтырылды, оған сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарауды Жоғарғы Соттың үш судьясы тараптарды шақыра отырып, ашық сот отырысында жүргізеді, олардың келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі келтірмейді.

      Заң шығарушы үш судья құрамында кассациялық өтінішхаттарды алдын ала қараудың бұрынғы алқалы тәртібіне орала отырып, мақсатты өзгертпей, осы кассациялық іс жүргізу кезеңінде шешім қабылдаудың жеке-дара емес, алқалы тәртібіне артықшылық берді.

      ҚПК-нің 490-бабының осы толықтыруы ҚПК-нің өзге баптарын жинақтай келгенде, әркімнің сотта өз сөзін тыңдату құқығы туралы конституциялық қағидатқа сәйкес келеді.

      Аталған жағдайда заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, сондай-ақ тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдайлар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды деген конституциялық ережелердің де бұзылуы көрініс таппайды.

      Конституциялық Сот адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін нақты шарттар мен мән-жайлар нақ осы заңдарда айқындалады деп атап өтті (2023 жылғы 27 наурыздағы № 6 нормативтік қаулысы).

      2021 жылғы 27 желтоқсандағы Заңмен ҚПК-нің 490-бабына толықтыру түзетуге кері күш берместен, кейінге қалдыру мерзімімен (2022 жығы 1 шілдеден бастап) енгізілді және аталған жағдайға қатысты оның кері күші болмайды. Парламент қабылдаған заңдардың, егер бұл жөнінде шешім заңның немесе оны қолданысқа енгізу туралы актінің өзінде бекітілген болса, кері күші болуы мүмкін (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2 нормативтік қаулысы).

      Құқықтық қатынастардың алуан түрін құқықтық реттеудің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл салалы заңдарда Негізгі Заңға сәйкес келетін, осы ережелерді дамытатын және толықтыратын, олардың қолданысқа енгізілу тәртібін айқындайтын құқықтық нормаларды белгілеу мүмкіндігін ғана емес, қажеттігін де көздейді.

      Осыған байланысты қылмыстық сот iсiн жүргiзудің ерекшелігі оның процестік әрекетті орындау, процестік шешiмді қабылдау кезіне қолданысқа енгізілген қылмыстық-процестік заңға сәйкес жүзеге асырылуында болады (ҚПК-нің 5-бабы) және бұл Конституцияға қайшы келмейді.

      Сонымен қатар, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына конституциялық танылған құқықты одан әрі күшейту шеңберінде заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарау рәсімін қысқарта отырып, оны кассациялық сатыға тікелей енгізу мүмкіндігін қарастыру орынды болар еді (ҚПК-нің 490, 491-баптары).

      4. 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Заңмен ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 6) тармағы "судьяның" деген сөзден кейін "(судьялардың)" деген сөзбен толықтырылды.

      Аталған редакцияға өтінішін бұған дейін Жоғарғы Соттың судьясы жеке-дара қабылдамаған өтініш субъектісі дау айтып отыр, өйткені өзіне нақ сол бір негіздер бойынша өтінішхатпен қайта жүгінуге мүмкіндік бермейді және өзін басқа адамдармен тең емес жағдайда қалдырып отыр.

      Алдын ала қарау кезеңі өтінішхатты кассациялық сатының қарауына беруге не, егер сот актілерін қайта қарауға белгіленген процестік негіздер болмаса, одан бас тартуға бағытталады (ҚПК-нің 491-бабының бірінші бөлігі). Бұл аталған кезеңнің және кінәсізді соттауға; негізсіз ақтау үкімін шығаруға немесе істі тоқтауға және ҚПК-нің 485-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзге де жағдайларға алып келген, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс емес қолданылу мәселесін тікелей шешетін кассациялық сатының аржігін ажыратуға мүмкіндік береді.

      ҚПК-нің 489-бабында регламенттелген өтінішхаттарды, оның ішінде бұрын судьяның (судьялардың) өтінішхатты іспен бірге нақ сол негіздер бойынша кассациялық сатының қарауына беруден бас тарту туралы қаулысы шығарылған жағдайда қайтару негіздері осы мәселені орындауға бағытталады.

      Қылмыстық сот ісін жүргізу, жоғарыда атап өтілгендей, процестік әрекетті орындау, процестік шешiмді қабылдау кезіне қолданысқа енгізілген қылмыстық-процестік заңға сәйкес жүзеге асырылады (ҚПК-нің 5-бабы).

      Осылайша, ҚПК-нің қаралып отырған нормасының қолданыстағы редакциясы өзінің конституциялық-құқықтық мағынасы бойынша қолданыстағы құқықтық реттеу жүйесінде Конституцияға қайшы келмейді, өйткені өтінішхатты алдын ала қарауды Жоғарғы Сот судьясы ҚПК-нің сол кезге қолданыста болған ережелеріне қарай жеке-дара сол мақсаттарда жүргізді.

      5. 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Заңмен ҚПК-нің 490-бабының төртінші бөлігінен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының кассациялық сатыдағы сотқа ұсыну енгізу құқығы алып тасталды. Өтініш субъектісі Заңның осы өзгерісін сот төрелігіне қол жеткізуді шектеу деп қарайды.

      Конституциялық Сот тек қана құқық мәселелерін шешеді және азаматтардың өздерінің Республика Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі туралы өтініштерін қарайды.

      ҚПК-нің 490-бабының төртінші бөлігінен Жоғарғы Сот Төрағасының кассациялық сатыдағы сотқа ұсыну енгізу құқығын алып тастау өтініш субъектісінің құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғамайды. ҚПК-ден алып тасталған ереже қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында қолданыстағы құқық болып табылмайды және тиісті құқық қатынастарына қолданылмайды, осыған байланысты Конституциялық Сот бұл бөлікке құқықтық баға бермейді.

      Бұдан басқа, Конституциялық Сот отырысы барысында В.Е. Порожняк өз өтінішінің ауқымын кеңейтіп, ҚПК-нің 491-бабы бесінші бөлігінің конституциялылығын тексеру туралы өтінішхатын мәлімдеді.

      ҚПК-нің 491-бабының бесінші бөлігінде өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы шағым жасалуға жатпайды, алайда ол нақ сол адамның немесе ҚПК-нің 486-бабында көрсетілген басқа адамдардың, бірақ басқа негіздер бойынша қайтадан өтінішхат беруіне кедергі болмайды деп көзделеді.

      Жоғарғы Сот азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды (Конституцияның 81-бабы).

      Конституция сот төрелігін іске асыру тәртібін құқықтық регламенттеу, оның ішінде жоғары сот сатысы ретінде Жоғарғы Соттың соттылығына істердің жатуы заңның реттеу нысанасы болып табылады, оның нормалары көрсетілген конституциялық кепілдіктерді ескеруге тиіс деп көрсетеді.

      ҚПК-нің дау айтылып отырған баптарында регламенттелген, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты кассациялық тәртіппен сот актілерін қайта қарауы шектеуге емес, керісінше, қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде адамның және азаматтың конституциялық танылған құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған. Өзгеше түсіну Қазақстан Республикасы өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады деген ережені, сол сияқты әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын конституциялық-құқықтық мәнінен айырады.

      Кассациялық саты, осы нормативтік қаулыда атап өтілгендей, сот төрелігін іске асырудың қосымша кепілдігі деп танылады, сонымен қатар, процестік нормалар заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау бойынша сот талқылауын негізсіз қайта бастауға жол бермеуге тиіс.

      Осыған байланысты процестік заңда белгіленген Жоғарғы Сот судьяларының сот актісін қайта қарауға негіздердің бар-жоғы туралы мәселені алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулыға шағым жасауға мүмкіндіктің болмауы, басқа негіздер бойынша қайтадан өтініш беру мүмкіндігі сақталған кезде әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу конституциялық құқығына қайшы келмейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, өтініш нысанасына қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 6265-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 489-бабы бірінші бөлігінің 6) тармағы, 490-бабының екінші бөлігі және 491-бабының бесінші бөлігі Қазақстан Республикасы Конституциясының 13, 14, 75 және 77-баптарына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 490-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағы Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Қазақстан Республикасы Конституциясының 13, 14, 75 және 77-баптарына сәйкес келеді деп танылсын:

      заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 485-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 4) және 7) тармақтарында көзделген негіздер бойынша алдын ала қарау қылмыстық іс материалдарын міндетті түрде талап етіп алдыра отырып жүзеге асырылады.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты