Қазақстанның су кеңесін құру туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 9 наурыздағы № 47-ө өкімі.

      Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру мақсатында:

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстанның су кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Кеңес туралы ереже бекітілсін.

      3. "Қазақстанның су ресурстарын басқару мәселелері жөнінде ведомствоаралық кеңес құру туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы 18 желтоқсандағы № 141-ө өкімінің күші жойылды деп танылсын.

      Премьер-Министр Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2022 жылғы 9 наурыздағы
№ 47-ө өкімімен
бекітілген

Қазақстанның су кеңесінің құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің 04.10.2022 № 158-ө өкімімен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі, хатшы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

      Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы

      Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісу бойынша)

      Еркін Нұрланұлы Тәжғалиев – "Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры
(келісу бойынша)

      Саят Құрбанбайұлы Әлімқұлов – "География және су қауіпсіздігі институты" акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      Нұрлан Бақытжанұлы Атшабаров – Қазақстан Республикасы су шаруашылығы кәсіпорындары және ұйымдары қауымдастығының президенті (келісу бойынша)

      Әмірхан Қадырбекұлы Кеншімов – Қазақстан Республикасында Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы бөлімінің басшысы (келісу бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2022 жылғы 9 наурыздағы
№ 47-ө өкімімен
бекітілген

Қазақстанның су кеңесі туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстанның су кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру мақсатында құрылды.

      3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

      5. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда бір реттен сиретпей өткізіледі.

2. Кеңестің міндеттері

      6. Кеңестің міндеті:

      1) су шаруашылығы саласындағы саясаттың ұлттық басымдықтары;

      2) өзендер бассейндері мен бассейндер ішінде, сондай-ақ секторлар бойынша (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік және коммуналдық секторлардың басымдықтарын біріктіру) сумен жабдықтау саласында ұлттық басымдықтарды айқындау;

      3) өңірлер мен тұтынушылар арасында су ресурстарын қайта бөлу, қажет болса, квоталар белгілеу;

      4) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі стандарттарды айқындау;

      5) сала үшін қаржыландыру қағидалары (мемлекеттік/жеке қаржыландыруға қол жеткізу және тұтынушылардан алынатын жалпы төлемдер);

      6) су шаруашылығы секторының ұйымдастырушылық саясатын айқындау мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар тұжырымдау;

      7) трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану бойынша шекаралас елдермен өзара іс-қимыл жасау мәселелері жөнінде ұстанымдар мен тәсілдер тұжырымдау болып табылады.

3. Кеңес жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі

      7. Кеңес жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.