Кірістіліктің тәуекелсіз қисығын құру және мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру жөнінде кеңес құру туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № 120-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 268 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.04.2022 № 268 қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес:

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Кірістіліктің тәуекелсіз қисығын құру және мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Кеңес туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2021 жылғы 9 шілдедегі
№ 120 өкіміне
қосымша

Кірістіліктің тәуекелсіз қисығын құру және мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі кеңестің құрамы

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік қарыз алу департаментінің директоры, хатшы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары (келісу бойынша)

  Қазақстан Республикасы
  Премьер-Министрінің
  2021 жылғы 9 шілдедегі
  № 120 өкімімен
  бекітілген

Кірістіліктің тәуекелсіз қисығын құру және мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі кеңес туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Кірістіліктің тәуекелсіз қисығын құру және мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

      4. Кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай жылына кемінде бір рет өткізіледі және бейнеконференцбайланыс режимінде ұйымдастырылуы мүмкін.

2-тарау. Кеңестің негізгі міндеті

      5. Кеңестің негізгі міндеті:

      1) тәуекелсіз кірістілік қисығын құру;

      2) мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу;

      3) ішкі және сыртқы нарықтарда мемлекеттік бағалы қағаздар шығару саясаты;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан трансферттер мен мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымдарын ескере отырып, республикалық бюджет шығындарының болжамы бойынша ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.

3-тарау. Кеңес жұмысының ұйымдастырылуы мен тәртібі

      6. Кеңес жұмысының ұйымдастырылуы мен тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылу туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.