Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.04.2022 № 268 қаулысымен.
Жер қойнауын пайдаланушылар ғылым мен технологияларды қолдау мен дамытуды қаржыландыруға жіберетін аударымдардың орталықтандырылуын, ашықтығының арттырылуын, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіруге жұмсалатын шығындардың 1 %-і мөлшеріндегі қаражаттың жалпыұлттық ғылыми басымдықтарды негізге ала отырып бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында:
1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамында Ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жер қойнауын пайдаланушылар шеккен, өндіруге жұмсалған шығындардың 1 % мөлшерінде қаржыландыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Ведомствоаралық комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Ведомствоаралық комиссия туралы ереже бекітілсін.
Премьер-Министр | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 20 қарашадағы № 145-ө өкімімен бекітілген |
Ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жер қойнауын пайдаланушылар шеккен, өндіруге жұмсалған шығындардың 1 % мөлшерінде қаржыландыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жер қойнауын пайдаланушылар шеккен, өндіруге жұмсалған шығындардың 1 % мөлшерінде қаржыландыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Ведомствоаралық комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі № 413 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 79-тармағын іске асыру мақсатында құрылды.
2. Ведомствоаралық комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
3. Ведомствоаралық комиссияның мақсаты жер қойнауын пайдаланушылар ғылым мен технологияларды қолдау мен дамытуды қаржыландыруға жіберетін аударымдардың орталықтандырылуын, ашықтығының арттырылуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету тетігін әзірлеу болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ведомствоаралық комиссияның жұмыс органы болып табылады.
5. Ведомствоаралық комиссияның отырыстары қажетіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет өткізіледі.
2-тарау. Ведомствоаралық комиссияның негiзгi мiндетi
6. Ведомствоаралық комиссияның негізгі міндеті:
1) жер қойнауын пайдаланушылар ғылым мен технологияларды қолдау мен дамытуды қаржыландыруға жіберетін қаражатты орталықтандыруды, ашықтығын арттыруды, жалпыұлттық ғылыми басымдықтарды негізге ала отырып, бөлуді қамтамасыз ету;
2) жер қойнауын пайдаланушылар ғылым мен технологияларды қолдау мен дамытуды қаржыландыруға жіберетін қаражатты жалпыұлттық ғылыми басымдықтарды негізге ала отырып, бөлу жөніндегі нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау болып табылады.
3-тарау. Ведомствоаралық комиссияның жұмысын ұйымдастыру
7. Ведомствоаралық комиссияның жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 20 қарашадағы № 145-ө өкіміне қосымша |
Ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жер қойнауын пайдаланушылар шеккен, өндіруге жұмсалған шығындардың 1 % мөлшерінде қаржыландыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төраға
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі, төрағаның орынбасары
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы, хатшы
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторингтеу бөлімінің консультанты (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі
Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі
Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі
"Атамекен" Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті (келісу бойынша)
"Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорының бас директоры (келісу бойынша)
"Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі атқарушы директорының орынбасары (келісу бойынша)
"Kazenergy" қауымдастығының атқарушы директоры (келісу бойынша)
"Satbayev University" коммерциялық емес акционерлік қоғамының инновациялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры (келісу бойынша)
"Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы" акционерлік қоғамының президенті (келісу бойынша)
"Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымының инновациялар жөніндегі вице-президенті (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі "Ядролық физика институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Астана филиалының директоры (келісу бойынша)
"Қазақстан-Британ техникалық университеті" акционерлік қоғамының бірінші проректоры (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Төралқа мүшесі (келісу бойынша)
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің "Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы" акционерлік қоғамының Жергілікті қамту департаментінің директоры (келісу бойынша).