Төтенше жағдай кезінде құжаттамалық қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 53-ө өкімі

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 185 Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) қабылдайтын шешімдерді орталық және жергілікті атқарушы органдар олардың құзыретіне сәйкес бір күн мерзімде, егер Мемлекеттік комиссияның тиісті хаттамалық шешімімен өзге мерзім белгіленбесе, орындауға міндетті.

      2. Мемлекеттік комиссия шешімдерінің сапалы және уақтылы орындалуы үшін жауаптылық орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.

      3. "Мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 21 наурыздағы № 52-ө өкіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген өкіммен бекітілген Мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ережеде:

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Комиссияның шұғыл мәселелерді қарауы қажет болған жағдайда, Комиссия төрағасының шешімі бойынша сырттай дауыс беру өткізілуі мүмкін.

      Комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беру мерзімі дауыс беруге арналған мәселе бойынша материалдар жіберілген кезден бастап күнтізбелік бір жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      Материалдарды жіберу Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі (бұдан әрі - ЭҚАБЖ) арқылы жүргізіледі.

      Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Комиссия мүшелері ЭҚАБЖ арқылы жұмыс органына *pdf форматындағы қол қойылған дауыс беру парағын қоса бере отырып, Комиссия мүшесінің ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хат жібереді. Дауыс беру парағын көрсетілген мерзімде ұсынбаған жағдайда, Комиссия мүшесі жақтап дауыс берді деп есептеледі. Дауыс беруді Комиссия мүшелері алмастыру құқығынсыз жүзеге асырады.".

      Премьер-министр А. Мамин