Қазақстан Республикасында қылмыстық-атқару жүйесi базасын материалдық-техникалық және әлеуметтiк-құқықтық жағынан нығайту жөнiндегi шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1995 жылғы 21 наурыз  N 318

      Нарықтық қатынастар жағдайында қылмыстық-атқару жүйесiн экономикалық және әлеуметтiк-құқықтық жағынан қамтамасыз ету, еңбекпен түзеу, кәсiпорындарының өнеркәсiп әлеуетiн пайдалану және сотталғандарды еңбекпен қамту тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi мен Қаржы министрлiгi 1995-1997 жылдарға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне еңбекпен түзеу мекемелерiн, туберкулез ауруханаларын және оңаша тергеу бөлмелерiн жобалау, салу және қайта жаңарту үшiн қажеттi қаражат бөлудi көздесiн.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң қылмыстық-атқару жүйесiн 1995-1996 жылдардағы қысқы кезең жұмысына дайындауды қамтамасыз ету үшiн оны республика бюджетiнде көзделген қаражат шегiнде басым тәртiппен қаржыландырсын.
      3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiндегi арнаулы құрамалары мен iшкi әскерлерiнiң қарулы күзет бөлiмдерi үшiн алдын-ала төлем жасаусыз тамақ өнiмдерiн, заттай мүлiктер, отын және дәрi-дәрмектер сатып алуға рұқсат етiлсiн.
      4. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi мен Әдiлет министрлiгi екi ай мерзiм iшiнде "Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттiк қылмыстық-атқару жүйе туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзiрлеп, мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен келiсiп, оны Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiнiң қарауына енгiзетiн болсын.
      5. Қазақстан Республикасының iшкi iстер министрлiгi мен Әдiлет министрлiгi мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрлесiп, қылмыстық-атқару жүйесiн материалдық-техникалық және әлеуметтiк-құқықтық жағынан қамтамасыз ету жөнiндегi Мемлекеттiк бағдарлама жобасын әзiрлеп, оны Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қарауына ұсынатын болсын.
      6. Облыстардың әкiмдерiне қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнiң тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету мәселелерi мен сотталғандардың еңбегiн пайдалану жағдайын тоқсан сайын қарау мiндеттелсiн.
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi