ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ӨНIМДI СЕРТИФИКАТТАУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӨНIНДЕГI ШАРАЛАР ТУРАЛЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТIНIҢ ҚАУЛЫСЫ 4 сәуiр 1994 ж. N 320.
Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы N 124 қаулысымен

      Өнiмдi сертификаттау жөнiндегi жұмысты тиiмдi жүргiзу, Қазақстанның нарығына импорттық және республикада өндiрiлген, адамдардың денсаулығы мен айналадағы ортаға қауiптi сапасыз өнiмдердiң берiлiп тұруынан тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi комитет: 
      1994-1995 жылдардың iшiнде Қазақстан Республикасына импортталатын және ол экспортқа шығаратын өнiмдердiң сертификаттары сәйкестiгiн өзара мойындау үшiн беделдi шетелдiк сертификаттау ұйымдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сертификаттау жүйесiнде тiркелуiн, сондай-ақ республиканың сертификаттау жөнiндегi органдары мен сынақ орталықтары шет елде тiркелуiн қамтамасыз етсiн; 
      бiр тектес өнiмдердi сертификаттау жөнiндегi органдар мен сынақ орталықтары "Қазақстан Республикасында өнiмдердi (жұмыстарды, қызметтердi) мiндеттi түрде сертификаттауды кезең-кезеңiмен енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 20 мамырдағы  N 411  қаулысымен бекiтiлген Тiзбеге сәйкес тiркелуiн қамтамасыз етсiн; 
      мүдделi ұйымдармен бiрлесiп, Қазақстан Республикасында тiркелген шет елдердiң сауда өкiлдiктерi мен шетелдiк фирмаларға тауарларды республика аумағына әкелу кезiнде олардың қауiпсiздiгiне бақылау енгiзгенi туралы мәлiметтердi табыс етiп отыратын болсын; 
      1994 жылы республика халық шаруашылығының барлық салаларына өнiмдердi (жұмыстарды, қызметтердi) сертификаттау саласында мамандар даярлау мен қайта даярлау жөнiнде тұрақты жұмыс iстейтiн курстар ұйымдастырсын. 
      2. Республиканың барлық шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi Қазақстан Республикасына өнiм берiп тұруға арнап шетелдiк фирмалармен контракт жасасқанда Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген нормативтi-техникалық құжаттамаға сәйкес олардың қауiпсiздiк көрсеткiштерiне қойылатын талаптарды да қосатын болсын. 
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас кеден басқармасы мiндеттi түрде сертификаттауға жататын импорттық өнiмдердiң еркiн айналымы үшiн Қазақстан Республикасында сәйкестiгi мойындалған сертификатты ұсынғанда ғана республика аймағына шығарылуын қамтамасыз етсiн. 
      4. Министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар, кәсiпорындар, ұйымдар және басқа шаруашылық жүргiзушi субъектiлер облыс, Алматы мен Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп, республикада өндiрiлген және мiндеттi түрде сертификаттауға жататын өнiмдердiң бүкiл номенклатурасын сертификаттау үшiн органдар мен сынақ бөлiмшелерiн тiркеуге әзiрлiктi 1994-1995 жылдардың iшiнде аяқтайтын болсын. 

    Қазақстан Республикасының
    Премьер-министрi