Қазақстан Республикасының Фосфор өнеркәсiбi кәсiпорындарының жұмысын тұрақтандыру жөнiндегi шұғыл шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1993 жылғы 5 қаңтар N 10. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998.08.26. N 807 қаулысымен. ~P980807

      Фосфор өнеркәсiбi кәсiпорындары жұмысының экономикалық тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. "Қаратау" акционерлiк холдинг компаниясы Қазақстан Республикасының фосфор өнеркәсiбi кәсiпорындарының жұмысын тұрақтандыру және олардың бағытын өзгерту бағдарламасын жасап, оны Қазақстан Республикасының Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен келiскенi және Өнеркәсiп министрлiгi бекiткенi еске алынсын.
      Үкiмет комиссиясының сары фосфор өндiру жөнiндегi қуатты жылына 250 мың тоннаға дейiн шектеу туралы ұсынысы қабылдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Өнеркәсiп министрлiгi, Сыртқы экономикалық байланыстар министрлiгi "Қаратау" өндiрiс бiрлестiгiнiң кен базасын дамыту үшiн "Қаратау" акционерлiк холдинг компаниясының қатысуымен инвестициялар, оның iшiнде шетелдiк инвестициялар тарту мәселесiн пысықтайтын болсын.
      3. Қазақстан Республикасының Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетi 1993 және одан кейiнгi жылдары "Қаратау" акционерлiк холдинг компаниясының кәсiпорындарын қайтарымды негiзде инвестиция қорынан қаржыландыруды көздейтiн болсын.
      4. Жамбыл облысының әкiмiне Қаратау және Жаңатас қалаларын ұстауды облыс балансына қабылдау ұсынылсын.
      5. "Қаратау" өндiрiс бiрлестiгiне 1993 жылғы 1 қаңтардан бастап Жамбыл облысы Сарысу ауданының селолық шаруашылығына өтем жасау шараларын орындаған сондай-ақ Қазақстан Республикасының Су ресурстары жөнiндегi мемлекеттiк комитетi ұсынған шараларды жүзеге асырған жағдайда, оның Байқадам суалғыштарын салу аяқталғанға дейiнгi кезеңде Шабақты-2 және Қыр-Шабақты суалғыштарын пайдаланылуына рұқсат етiлсiн.
      Жамбыл облысының әкiмi, "Қаратау" өндiрiс бiрлестiгi 1993 жылғы 1 тоқсанда Байқадам суалғышын (Ақжар су көзi) жобалау мен салу жөнiнде қабылданған шешiмдердi жүзеге асырсын.
      6. Жамбыл және Оңтүстiк Қазақстан облыстарының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Өнеркәсiп министрлiгi, "Қаратау" акционерлiк холдинг компаниясы 1993 жылдың 15 қаңтарына дейiн "Көксу" фосфорит кен орынын табиғат пайдалану және ауылшаруашылық өнiмiнiң шығасысынан келген шығындарды өтеу туралы барлық ережелердiң талаптарын ескере отырып, жайғастыру мен оны iске қосу үшiн Оңтүстiк Қазақстан облысы Созақ ауданының жерiнен "Қаратау" өндiрiс бiрлестiгiнiң пайдалануына жер беру жөнiндегi материалдарды қолданылып жүрген заңдарға сәйкес әзiрлейтiн болсын.
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi