Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 296 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидаларында:
6-тармақтың үшінші және төртінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
"Аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан, шаруа немесе фермер қожалықтарынан, астық қабылдау пункттері мен элеваторлардан, сауда орындарынан 4-көрсеткіш бойынша деректер жинауды жүзеге асырады және жыл сайын, жылдың қорытындысы бойынша үшінші тоқсанның соңына дейін күнтізбелік 15 күн бұрын, оларды астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына ұсынады.
Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары астанадағы, облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы негізгі азық-түлік тауарлары қорының көлемі туралы ақпаратты үшінші тоқсан аяқталғанға дейін 10 күнтізбелік күн бұрын уәкілетті органға ұсынады.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Уәкілетті орган азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг нәтижелерін жыл сайын, үшінші тоқсанның соңына дейін өзінің интернет-ресурсында орналастырады.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |