"Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 шiлдедегi № 600 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарда:

      2-тармақта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) бейнебақылау жүйесі – бейнебақылау камераларының, деректерді беру желілерінің, бағдарламалық және техникалық құралдардың және бейнежазбаларды сақтау құралдарының, сондай-ақ өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыратын бағдарламалық және (немесе) техникалық басқару құралдарының жиынтығы;";

      23) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "23) құлақтандыру жүйесі – террористік тұрғыдан осал объектідегі адамдарды төтенше оқиғалар (авария, өрт, дүлей апат, шабуыл жасау, терроризм актісі) кезіндегі дабыл және қалыптасқан жағдайда әрекет ету туралы жедел хабардар етуге (жарықпен және (немесе) дыбыспен берілетін құлақтандыру) арналған техникалық құралдар жиынтығы.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов