"1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар тура

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 13 мамырдағы № 371 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны iске асыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1453 қаулысына мынадай өзгерістер пен толықтырулар енгізілсін:

      1-тармақта:

      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі – жылжымайтын мүлікке құқықтарды, заңды тұлғаларды тіркеу, сондай-ақ әділет, азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан және нотариустардан шығатын өзге де ресми құжаттар бойынша;";

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамалар мен архивтік құжаттардың көшірмелері бойынша, сондай-ақ прокурор мен тергеу судьясының (сотының) санкциясын талап етпейтін қылмыстық істер және жедел-іздестіру іс-шаралары бойынша процестік іс-қимылдарды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша;";

      жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік архивтерінен шығатын архивтік анықтамалар мен архивтік құжаттардың көшірмелері бойынша;";

      он бірінші және он екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі (келісу бойынша) – Қазақстан Республикасы соттарының, шетел мемлекеттері соттарының тапсырмалары, азаматтық және отбасылық істер бойынша соттардың шешімдерін тану және орындау туралы қолдаухаттар бойынша;

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (келісу бойынша) – өзінің құзыретіне қатысты құжаттар бойынша, сондай-ақ прокурор мен тергеу судьясының (сотының) санкциясын талап етпейтін қылмыстық істер және жедел-іздестіру іс-шаралары бойынша процестік іс-қимылдарды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша;";

      он төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру мен балалардың құқықтарын қорғау салаларында, сондай-ақ өзінің құзыретіне кіретін өзге де құжаттар бойынша;";

      мынадай мазмұндағы он алтыншы және он жетінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі – прокурордың, тергеу судьясының (сотының) санкциясын талап етпейтін қылмыстық істер бойынша процестік іс-қимылдарды жүзеге асыруға байланысты мәселелер және өзінің құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша;

      Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі –ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру салаларындағы құжаттар, сондай-ақ өзінің құзыретіне кіретін өзге де құжаттар бойынша.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы қаулының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар Конвенцияның ережелерін орындауға уәкілетті, өзінің қарамағындағы мемлекеттік мекемелер мен аумақтық органдардың тізбелерін белгілесін.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов