"Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 сәуірдегі № 350 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша), сондай-ақ өзге де ұйымдар (келісу бойынша) осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 4 және 61-тармақтарының қолданысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтата тұру кезеңінде аталған тармақтар мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары жаһандық пайымды, елдің орнықты дамуының ұзақ мерзімді бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын мақсат қою құжаттарына негізделеді.

      Мақсат қою құжаттарына "Қазақстан – 2050" пайымы және Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы жатады.";

      "61. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бесжылдық кезеңге әзірлейді және ол облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органының шешімімен бекітіледі.".

      4. Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 40, 41, 42, 43, 44, 45-тармақтарын қоспағанда, осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 29 сәуірдегі
№ 350 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 29 қарашадағы
№ 790 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) – бұл ұзақмерзімді (5 жылдан астам) және ортамерзімді (бір жылдан қоса алғанда 5 жылға дейін) кезеңдерге арналған құжаттардан, қатысушылардан, процестер мен деректерді басқару қағидаттары мен элементтерінен тұратын өзара байланысқан құрамдастар кешені.

      Мемлекеттік жоспарлау әлеуметтік-экономикалық даму, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайту және ресурстарды оңтайлы бөлу жөніндегі шараларды, нәтижелерге қол жеткізу тәсілдерін қалыптастыру және міндеттерді шешу жөніндегі қызметті қамтиды.

      2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

      1) адамға бағдарлану – мақсаттардың, міндеттер мен нәтижелер индикаторларының халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға бағытталуы;

      2) айқындық – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобаларын жеке кәсіпкерлік субъектілерімен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, сарапшылық кеңестермен, азаматтық қоғаммен талқылау, сондай-ақ қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қамтитын ережелерді қоспағанда, оларды іске асыру қорытындыларын жариялау;

      3) нәтижелілік (мәннің нысаннан басымдығы) – нақты және өлшемді нәтиженің оған қол жеткізу жөніндегі жұмыс нысанынан үстем болуы;

      4) тиімділік – мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге және нәтижелер көрсеткіштеріне ресурстарды мейлінше аз жұмсап, заманауи технологиялық шешімдер негізінде қол жеткізу;

      5) келісімділік – жүйеге қатысушылардың нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін үйлестірілген қызметі;

      6) шынайылық – мақсаттар мен міндеттерді оларға белгіленген мерзімдерде қол жеткізу мүмкіндіктерін негізге алып, орта мерзімді кезеңдегі тәуекелдер мен ресурстық шектеулерді ескере отырып айқындау;

      7) басқарушылық жауапкершілік – нақты басшының құзыреттер саласына кіретін шешімдерді қабылдау мен мәселелерді келісуді жоғары тұрған деңгейге және алқалы органдарға, оның ішінде нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізбеу тәуекелі болған кезде беруге жол берілмейтіні;

      8) сабақтастық – бұрын қабылданған мемлекеттік жоспарлау құжаттарын іске асыру нәтижелерін және ұзақ мерзімді кезеңге арналған мемлекеттік жоспарлау құжаттарын іске асыру кезеңдерін ескере отырып, мемлекеттік жоспарлауға қатысушылардың стратегиялық жоспарлау құжаттарын әзірлеудегі және іске асырудағы дәйектілігі;

      9) басқарушылық икемділік – қатысушылардың мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу тәсілдерін таңдау мен қайта қараудағы дербестігі.

2-тарау. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары

      3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы және мемлекеттік органдардың даму жоспарлары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарлары, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың (бұдан әрі – ұлттық компаниялар) даму жоспарлары жатады.

      4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары жаһандық пайымды, елдің орнықты дамуының ұзақ мерзімді бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын мақсат қою құжаттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес әзірленетін Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамына негізделеді.

      Мақсат қою құжаттарына "Қазақстан – 2050" пайымы және Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылғы дейінгі стратегиясы жатады.

3-тарау. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің элементтері

      5. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде деректерді және оның процестерін басқару элементтері көзделеді.

      6. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің элементтері мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін өзара байланысты болып табылады.

1-параграф. Деректерді басқару

      7. Деректерді басқару жөніндегі белгіленген заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын деректерді басқару деректерді айқындауды, құруды, жинауды, жинақтауды, сақтауды, таратуды, жоюды, қолдауды, сондай-ақ олардың талдануын, сапасын, қолжетімділігін, қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді.

      8. Деректерді басқару олардың өмірлік циклі процесінде деректердің сапасын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды, оның ішінде мемлекеттік жоспарлау саласында жүзеге асыру кезінде деректерді бір мәрте беру және бірнеше мәрте пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.

      9. Деректердің сапасы деп олардың деректерді басқару жөніндегі уәкілетті орган бекіткен деректерді басқарудың белгіленген талаптарына сәйкестік дәрежесі түсініледі.

      10. Әкімшілік деректердің сапасын айқындауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      11. Деректерді басқару жөніндегі уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен деректерді басқару бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады.

3-параграф. Процестерді басқару

      12. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу, іске асыру, мониторингтеу, сондай-ақ түзету оның процестері болып табылады.

      13. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процестерін басқару оның құжаттарын әзірлеу, іске асыру, мониторингтеу және түзету процестері кезіндегі мемлекеттік органдар қызметінің кешені болып табылады.

      14. Тиісті есептілікті айқындауды және оның мазмұнын, есептік ақпаратты беру мерзімдерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын, мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторинг жүргізу және түзету әдіснамасын стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеу, іске асыру, мониторингтеу және түзету әдіснамасын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      Ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторингтеу және түзету әдіснамасын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      15. Әзірлеу процесі құжатқа бастама жасаудан, ағымдағы жағдайды талдаудан, модельдеуден, жобалаудан, пайым қалыптастырудан, басымдықтарды, мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін, оларға қол жеткізу жолдарын, ресурстық қамтамасыз етілуін айқындаудан, сондай-ақ коммуникация түзуден, оның ішінде оны заңнамада белгіленген тәртіппен жария талқылау, келісу, бекіту және жариялау кезінде, тұрады.

      16. Қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қамтитын құжаттарды қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжатын әзірлеген кезде мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері, азаматтық қоғамның, бизнестің өкілдері, сарапшылар талқылауға тартылады.

      17. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеген кезде қажетті анық және дұрыс деректерге қол жеткізу, қоғаммен коммуникацияны жүзеге асыру (олардың жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастыру, жобалардың негізгі ережелері/мемлекеттік органдар қызметінің бағыттары бойынша аңдатпа беру және оларды түсіндіру, құжаттардың жобалары жөнінде оларды орналастыру қорытындысы бойынша алынған қоғамдық пікірді зерделеу, заңнамада белгіленген жағдайларда жобаларды жария талқылау) бойынша жұмыс жүргізу көзделеді.

      18. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің әзірленетін құжаттары мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

      1) жеке құжат әзірлеудің негізділігі, таңдалған мақсаттардың, нысаналы индикаторлардың, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерінің шындыққа сыйымдылығы;

      2) тұрақты жұмыс орындарына басымдық беріп, оларды құру, инвестициялар тарту, адами капиталды дамыту және өзгелері сияқты халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын және әлеуметтік хал-ахуалын арттыруға бағытталған нысаналы индикаторларды, нәтижелер көрсеткіштерін, іс-шараларды қосу;

      3) ұсынылатын іс-шаралардың құжаттың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталуы;

      4) нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің шынайы мерзімдерін белгілеу;

      5) құжатты іске асыру үшін қаржы-экономикалық (оның ішінде бюджеттен тыс), материалдық-техникалық, еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі.

      19. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленген мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу процесі іске асыру болып табылады.

      20. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру процесін басқару жобалауды, жобалық басқаруды, коммуникация түзуді, құжаттарды уақтылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді басқару жүйесін және ден қою тетіктерін іске асыруға бағытталған шараларды қабылдай отырып, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуына мониторингті жүзеге асыруды көздейді.

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырған кезде заңнамада белгіленген тәртіппен жобалық басқару әдістері мен тәсілдері қолданылуы мүмкін.

      21. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында айқындалатын стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді басқару үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар түйінді ұлттық индикаторлардың, нысаналы индикаторлардың және нәтижелер көрсеткіштерінің декомпозициясын жүзеге асырады.

      22. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру процесінде:

      1) ведомствоаралық өзара іс-қимылдағы келісімділік;

      2) межеленген нәтижелерге ресурстарды мейлінше аз жұмсай отырып қол жеткізуге бағдарлану;

      3) қаржы, еңбек ресурстары мен басқа ресурстардың теңгерімділігі қамтамасыз етілуге тиіс.

      23. Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінің деректерін, сондай-ақ жобалық басқару туралы заңнамада белгіленген тәртіппен қалыптастырылатын ақпаратты ескере отырып, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылу барысы туралы есептерді және басқа ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және қорыту процесі мониторинг болып табылады.

      24. Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі – бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық даму жоспарын декомпозициялау бойынша өзекті және анық ақпаратты жасау, сақтау, өңдеу, беру үшін пайдаланылатын, жобалық басқаруды қолдану мүмкіндігімен Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асыру және мониторингтеу кезінде барлық процестерге қатысушылардың қызметін қамтамасыз ететін және басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін мүдделі тараптарға ақпаратқа қолжетімділік беретін бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған платформа.

      25. Мониторингтеу процесін басқару Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру бойынша қажетті анық және дұрыс деректерді алу/қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізуді көздейді.

      26. Құжаттарды мониторингтеу:

      1) жыл сайынғы негізде құжаттың іске асырылу барысы туралы ақпарат алудың жүйелілігін;

      2) құжаттың іске асырылу барысын бағалау, оның тиімсіз іске асырылу тәуекелдерін анықтау және басқарушылық шешімдерді оңтайландыру үшін мүмкіндіктерді айқындау мақсатында келіп түсетін ақпаратқа жедел талдауды жүзеге асыру мүмкіндігін;

      3) тиісті құжатты іске асыруда мемлекеттік органдар іс-қимылдарының келісімділігін;

      4) құжатты іске асыру шарттары айтарлықтай өзгерген жағдайда оны түзету бойынша ұсыныстарды уақтылы тұжырымдау мүмкіндігін;

      5) құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін оны іске асыру қорытындысын шығаруды қамтамасыз етеді.

      27. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын мониторингтеу осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен және мемлекеттік аудит туралы заңнамамен уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар жүргізетін Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қамтитын құжаттарды қоспағанда) іске асырылу барысын бағалауды көздейді.

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын мониторингтеу кезінде қоғамдық бақылау туралы заңнамаға сәйкес тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар жүргізетін қоғамдық мониторинг нәтижелері пайдаланылуы мүмкін.

      28. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мониторинг жүргізу үшін есептілік пен мониторинг нәтижелерін берудің толықтығы, сапасы, анықтығы мен уақтылығы үшін жауапкершілік әзірлеуші мемлекеттік органдарға, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарға және тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктеледі.

      29. Іске асыру процесінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары түзетілуі мүмкін.

      Жүргізілген мониторингтің қорытындылары бойынша Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы түзету жүргізіледі.

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының әрбір түрін түзету осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 46, 54, 59, 76-тармақтарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

      30. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырылатын соңғы жылы мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін түзетуге жол берілмейді.

      31. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын сапасыз жоспарлағаны және іске асырғаны, қойылған мақсаттар мен міндеттерге, олардың түйінді ұлттық индикаторларына, нысаналы индикаторларына және нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жауапкершілік заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың бірінші басшыларына жүктеледі.

3-тарау. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары

      32. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары тиісті жоспарлы кезеңде елді дамытудың ұзақ мерзімді бағдарларына қол жеткізуге бағытталған, мақсатты, негізгі бағыттарды, даму басымдықтарын, оларды қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді және ел дамуының түйінді ұлттық индикаторларын көздейтін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаты болып табылады.

      33. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді, ол мүдделі органдармен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен (бұдан әрі – Үкімет) келісіледі, Қазақстан Республикасының Президенті (бұдан әрі – Президент) бекітеді.

      34. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары мынадай талаптарға сәйкес болуға тиіс:

      1) "Қазақстан – 2050" пайымы мен Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясынан туындайтын ел дамуының басым бағыттарын қамту;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Сайлауалды бағдарламасының ережелеріне бағдарлану;

      3) елдің алдағы жоспарлы кезеңге арналған даму бағыттары арасындағы логикалық өзара байланысты қамтамасыз ету;

      4) басымдықтардың шектеулі тізбесін назарға ала отырып, стратегиялық маңызы бар мақсаттар мен міндеттерді (оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарына сәйкес келетін) көздеу.

      35. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары іске асырудың әрбір жылы бойынша аралық мәндерге бөле отырып, тиісті стратегиялық бағыттар бойынша Түйінді ұлттық индикаторлар картасын қамтиды. Түйінді ұлттық индикаторлар мәндері, жылдары, қол жеткізу мерзімдері бойынша теңгерімделген және өзара байланысқан болуға тиіс.

      Түйінді ұлттық индикаторлар мақсат қою құжаттарында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудегі жалпы елдік прогресті өлшеуге мүмкіндік береді.

      Қолданылатын дереккөздер және (немесе) Түйінді ұлттық индикаторлар картасы индикаторларының тиісті есеп-қисаптарының әдістемелері мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдардың бірлескен бұйрығымен бекітіледі.

      36. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асыру декомпозицияланған түйінді ұлттық индикаторларды көздейтін мемлекеттік органдардың даму жоспарларын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларын, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асыру қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайтуды, оны іске асыруға қатысушылардың әлеуметтік жауапкершілікті сақтауын, сондай-ақ оны іске асыруды басқару сапасын қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.

      37. Қазақстан Республикасы Ұлттық даму жоспарының түйінді ұлттық индикаторларын егжей-тегжейлендіру, нақты міндеттер мен іс-шараларға айналдыру процесі ретінде оларды декомпозициялауды ол бекітілгеннен кейін ақпараттық платформа шеңберінде осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 14-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес оларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырады.

      38. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын декомпозициялау кезінде мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді.

      39. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын мониторингтеу қол жеткізілген нәтижелер мен алынған әсерлерді, оны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық дамуға және игілік алушыларға ықпалын жыл сайын бағалауды, оны іске асыру кезіндегі кедергілер мен тәуекелдерді анықтауды көздейді.

      40. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын мониторингтеуді мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 14-тармағында мониторинг жүргізу үшін белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырады.

      41. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын іске асыру туралы есептердің негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асыру туралы есептің жобасын қалыптастырып, оны Үкіметке ұсынады.

      42. Қазақстан Республикасы Ұлттық даму жоспарының іске асырылуы туралы есепті Үкімет стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      43. Стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасы Ұлттық даму жоспарының іске асырылуы туралы есебі, қоғамдық мониторингтің қорытынды ақпараты (бар болса) негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының іске асырылу барысын бағалай отырып және ұсынымдар беру құқығымен қорытындыны қалыптастырады және оны Үкіметке жібереді.

      44. Ұлттық даму жоспарының іске асырылуы туралы түпкілікті қорытындыны Үкімет есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 шілдесіне дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне (бұдан әрі – Президент Әкімшілігі) жібереді.

      45. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын мониторингтеудің негізгі қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жұртшылыққа қолжетімді нысанда жарияланады.

      46. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын түзету Президенттің жолдаулары мен тапсырмаларының ережелері негізінде жүзеге асырылады.

4-тарау. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы

      47. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы пайымды айқындайды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы негізгі проблемалар мен қауіп-қатерлерді, стратегиялық мақсаттар мен нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өлшемшарттарын қамтиды.

      48. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жоспарлы қолданылу кезеңі кемінде бес жылды құрайды.

      49. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрылымын, базалық тәсілдерін және негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдайды.

      50. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және оны Президент бекітеді.

      51. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

      Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және ол Президент Әкімшілігімен келісу бойынша Үкімет қаулысымен бекітіледі.

      52. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын мониторингтеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарының іске асырылуын талдау арқылы жүргізеді.

      53. Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарының іске асырылу қорытындыларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізеді.

      54. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмалары негізінде мониторингтеу, оның ішінде тәуекелдерді талдау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

5-тарау. Мемлекеттік органның даму жоспары

      55. Мемлекеттік органның даму жоспары орталық мемлекеттік органның орта мерзімді кезеңдегі қызметін айқындайтын, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарын, Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған функцияларын, өкілеттіктері мен құзыреттерін іске асыруға бағытталған әрі бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз ететін құжат болып табылады.

      56. Мемлекеттік органның даму жоспары әр үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзірленеді және оны мемлекеттік жоспарлау мен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша мемлекеттік органның басшысы бекітеді.

      57. Мемлекеттік органдар даму жоспарларының іске асырылуын мониторингтеуді әзірлеуші мемлекеттік орган оларды мониторингтеу қорытындыларын ескере отырып, даму жоспарларының іске асырылуы туралы есептерді қалыптастыру арқылы жүзеге асырады.

      58. Мемлекеттік органның даму жоспары мен оның іске асырылуы туралы есеп бюджет заңнамасына сәйкес жариялануға тиіс.

      59. Мемлекеттік органның даму жоспарына:

      1) республикалық бюджет туралы заңдарды және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жаңа заңдары қабылданған не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

      2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құжаттары қабылданған не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

      3) мемлекеттік органның функциялары, құрылымы өзгерген;

      4) Президенттің және (немесе) Үкіметтің тапсырмаларын іске асыру қажет болған жағдайларда өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

6-тарау. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары

      60. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарына сәйкес тиісті аумақтың дамуын оның ерекшелігі мен өңірдің даму әлеуетін ескере отырып айқындайды.

      61. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы әрбір үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзірлейді және ол облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органының шешімімен бекітіледі.

      62. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының нысаналы индикаторлары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарының декомпозицияланған Түйінді ұлттық индикаторларына және нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

      63. Жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асырудың нысаналы индикаторлары ретінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында өңірге бекітілген индикаторлардың 20 %-ынан аспайтын мөлшерде өңірдің ерекшелігін ескеретін қосымша индикаторлар енгізілуі мүмкін.

      64. Орталық мемлекеттік органдардың облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына Түйінді ұлттық индикаторлар картасында тиісті өңірге бекітілмеген индикаторларды енгізуге бастама жасауына жол берілмейді.

      65. Ресми статистикалық ақпарат қалыптастырылмайтын нысаналы индикаторлар болған кезде орталық мемлекеттік органдар есептеу әдістемелерін әзірлейді және оларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бір ай мерзімде бекітеді.

      66. Өңірдің ерекшелігін есепке алу үшін жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына ресми статистикалық ақпарат қалыптастырылмайтын нысаналы индикаторлар енгізілген жағдайда жергілікті атқарушы орган есептеу әдістемелерін әзірлеп, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органымен келісу бойынша бекітеді.

      67. Облыстың даму жоспарында нысаналы индикаторлар облыстың даму жоспарына қосымша түрінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар бөлінісінде келтіріледі.

      68. Даму жоспарына қосымшаға жалпы облыс бойынша нысаналы индикаторларды және олардың мәндерін түзетпейтін өзгерістер енгізілген жағдайда бұл өзгерістер мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісілмейді.

      69. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары жергілікті атқарушы органның және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда) орналастырылады.

      70. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары мазмұнының дұрыстығы мен толықтығы үшін жауапкершілік облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму бағдарламасын әзірлеуші облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жүктеледі.

      71. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау арқылы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары іске асырылады.

      72. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған, мерзімдері, орындаушылары, аяқталу нысандары, оны іске асыруға қажетті шығындары айқындалған нақты іс-қимылдар жиынтығы.

      73. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын тиісті аумақтың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірге әзірлейді және ол облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары бекітілгеннен кейін бір ай мерзімде облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.

      74. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын мониторингтеуді тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар ұсынатын іске асырылу барысы туралы ақпараттың негізінде олардың іске асырылуы туралы есептерді қалыптастыру жолымен және қоғамдық мониторинг қорытындыларын ескере отырып, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы жүргізеді.

      75. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары және оның іске асырылуы туралы есеп заңнамада белгіленген тәртіппен жариялануға тиіс.

      76. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына:

      1) республикалық бюджет туралы заңдарды және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жаңа заңдары қабылданған не оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген;

      2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құжаттары қабылданған не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

      3) мемлекеттік органның функциялары, құрылымы немесе әкімшілік-аумақтық құрылыс өзгерген;

      4) Президенттің және (немесе) Үкіметтің тапсырмаларын іске асыру қажет болған жағдайларда өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

7-тарау. Ұлттық компаниялардың даму жоспарлары

      77. Ұлттық компанияның даму жоспары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында айқындалатын елдің стратегиялық мақсаттарымен өзара байланыста қызметтің стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен нәтижелер көрсеткіштерін айқындайды.

      78. Ұлттық компанияның даму жоспары акциялары (қатысу үлестері) ұлттық компанияға заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындау құқығын беретін осы заңды тұлғалардың даму жоспарлары ескеріле отырып әзірленеді, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі және оны Үкімет бекітеді.

      79. Ұлттық компаниялардың даму жоспарларын іске асыру ұлттық компаниялардың бес жыл мерзімге арналған іс-шаралар жоспарларын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.

      80. Ұлттық компаниялар даму жоспарларының іске асырылуын мониторингтеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 14-тармағында мониторинг жүргізу үшін белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырады.

8-тарау. Өзге жоспарлау құжаттары

      81. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарында көзделмеген міндеттерді шешу немесе жүйелі өзгерістерді жүзеге асыру қажет болған жағдайларда Президенттің және Президент Әкімшілігі басшылығының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары бойынша мемлекеттік органдар заңнамада жүктелген өкілеттіктерді, функциялар мен міндеттерді іске асыру шеңберінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кірмейтін өзге де құжаттарды: тұжырымдамаларды, ұлттық жобаларды, мемлекеттік бағдарламаларды, доктриналарды (стратегияларды), кешенді жоспарларды, Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды әзірлей алады.

      82. Жүйелі өзгерістерді негіздеу және нақты саланы/аяны дамыту тәсілдерін айқындау үшін мақсат қою және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында айқындалған бағыттарды іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар қажеттілігіне қарай саланы/аяны дамыту тұжырымдамаларын әзірлейді.

      83. Үкімет құрылымына кіретін мемлекеттік органдар әзірлейтін тұжырымдамаларды Үкімет не мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.

      Президентке есеп беретін мемлекеттік органдар әзірлейтін тұжырымдамаларды Президент не оның уәкілеттік беруімен Президент Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.

      Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленетін тұжырымдамаларды Президент не оның уәкілеттік беруімен Үкімет бекітеді.

      84. Ұлттық жобаларды Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар ұлттық деңгейдегі аса маңызды міндеттерді шектеулі мерзімдерде шешу мақсатында әзірлейді және оларды Үкімет бекітеді.

      85. Мемлекеттік бағдарламалар негізінен дамудың идеологиялық, нормативтік аспектілерін қозғайтын және елеулі қаржы ресурстарын бөлуді талап етпейтін жекелеген саясаттарды іске асырудың мақсаттарын, міндеттері мен тәсілдерін айқындау мақсатында әзірленеді және оларды Президентпен келісу бойынша Үкімет бекітеді.

      86. Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар халықтың және экономиканың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін елдің орнықты инфрақұрылымдық қаңқасын құруға бағытталған және Үкімет бекітетін жедел іс-қимылдар жоспары болып табылады.

      87. Доктриналар (стратегиялар) белгілі бір мәселе сала (ая) бойынша көзқарастар жүйесін, саяси қағидаттардың, даму пайымдары мен тәсілдерінің жиынтығын айқындайды және оларды Президент бекітеді.

      88. Кешенді жоспарлар жекелеген маңызды салалық даму мәселелерін жедел шешу үшін іс-шаралар жиынтығын қамтитын іске асыру сипатындағы құжат болып табылады, Президенттің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша әзірленеді және оларды Үкімет бекітеді.

      89. Қабылданған тұжырымдамалардың, ұлттық жобалардың, доктриналардың (стратегиялардың), кешенді жоспарлардың тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.

      90. Тұжырымдамаларды, ұлттық жобаларды, доктриналарды (стратегияларды), кешенді жоспарларды әзірлеу, іске асыру, түзету және мониторингтеу тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

9-тарау. Өтпелі ережелер

      91. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған салаларды/аяларды дамыту тұжырымдамалары, ұлттық жобалар олар аяқталғанға дейін қолданылады.

      92. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі енгізілгенге дейін қабылданған өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарлары, өңірлік даму мәселелері жөніндегі жоспарлар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларына интеграцияланады.

      93. Ақпараттық жүйелер функционалының мүмкіндіктерін қолдану бөлігінде осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 23, 24, 37-тармақтарының ережелері олар пайдалануға әзір болған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.