ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 1-бабының 136) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мыналар:
тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы;
тұрғын үй және (немесе) банктік бір қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізумен қоса тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізу; тұрғын үй және (немесе) банктік бір қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізумен қоса тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешегін ішінара немесе толық өтеу; ипотекалық тұрғын үй берешегін қайта қаржыландыру жолымен тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында екінші деңгейдегі банктер;
емделуге ақы төлеу мақсатында "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін нысаналы пайдалану жөніндегі уәкілетті операторлар болып айқындалсын.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мынадай қаулыларының күші жойылды деп танылсын:
1) "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында нысаналы пайдалану жөніндегі уәкілетті операторларды айқындау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы № 1 қаулысы;
2) "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында нысаналы пайдалану жөніндегі уәкілетті операторларды айқындау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы № 1 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы № 875 қаулысы.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |