"Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құру мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі № 824 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – серіктестік) құрылсын.

      2. "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу серіктестік қызметінің негізгі нысаналары болып айқындалсын.

      3. Серіктестіктің жарғылық капиталына қатысудың мемлекеттік үлесіне иелік ету және оны пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне берілсін.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) серіктестік жарғысын бекітуді;

      2) мемлекеттік тіркеу үшін серіктестік атынан құжаттарға қол қоюға, серіктестік органдары құрылғанға дейін қаржылық-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға және үшінші тұлғалар алдында оның мүдделерін білдіруге уәкілеттік берілген тұлғаны сайлауды;

      3) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында серіктестікті мемлекеттік тіркеуді;

      4) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:

      1) "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктер тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-211-жолмен толықтырылсын:

      "21-211. "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.";

      2) "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 387 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі туралы ережеде:

      Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 9-жолмен толықтырылсын:

      "9. "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.".

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов