"Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидаларын және (немесе) пайдалану тәртібін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 14 қыркүйектегі № 802 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

      "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидалары және (немесе) пайдалану тәртібі бекітілсін.

      2. "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидаларын және (немесе) пайдалану тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 24 қарашадағы № 835 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 802 қаулысымен
бекітілген

"Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидалары және (немесе) пайдалану тәртібі

      Осы "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидалары және (немесе) пайдалану тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес әзірленді және "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – "Қарағандышахтатарату" ЖШС) берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу және (немесе) пайдалану тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Зардап шеккен жұмыскер жоғалтқан, онда болған не ол анық иеленуі ықтимал болған табыс (кiрiс), сондай-ақ денсаулығына зақым келуінен туындаған шығыстар (дәрі-дәрмек сатып алу, медициналық тексерілу, оңалту, бөгде адамның бағып-күтуi, протез салғызу, банктердің, пошталардың көрсетілетін қызметтері және өзгелері), егер жәбiрленушi көмек пен күтiмнiң осындай түрлерiне мұқтаж деп танылса және оларды тегiн алмаса, өтелуге тиіс.

      2. Жұмыскер қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 940-бабында көрсетілген тұлғалар залалды (зиянды) өтетiп алуға құқылы.

2-тарау. Таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты пайдалану тәртібі

      3. "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға берілген, таратылған шахталар жұмыскерлерінің өміріне және денсаулығына келтірілген залалды (зиянды) өтеу сомалары осы Қағидаларға сәйкес республикалық бюджет есебінен өтелуге тиіс.

      Залалды (зиянды) өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргізіледі.

      4. Өтелетін жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) мөлшерi мертігуіне немесе денсаулығына өзгедей зақым келгенге дейiнгi не еңбекке қабілеттілігінен айырылғанға дейінгі орташа айлық табысқа (кіріске) қатысты жәбiрленушiнiң кәсiптік еңбекке қабiлеттiлігінен, ал ол болмаған кезде – жалпы еңбекке қабiлеттілігінен айырылуының дәрежесiне сәйкес пайызбен айқындалады.

      5. "Қарағандышахтатарату" ЖШС таратылған шахталардың жұмыскерлеріне төлейтін залал (зиян) сомаларын өтеу осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген таратылған шахталардың тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады, бұл сома инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне барабар жыл сайын ұлғайтылып отырады.

3-тарау. Таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу

      6. Залалды (зиянды) өтеу сомаларын есептеуді және төлеуді "Қарағандышахтатарату" ЖШС жүргізеді.

      7. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі (бұдан әрі – ӨҚМ) тиісті жылға бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес ай сайын 7-ші күнге дейін "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ны қаржыландыруды жүзеге асырады.

      8. "Қарағандышахтатарату" ЖШС залалды (зиянды) өтеудің есептелген сомаларын алушылардың шотына қолма-қол ақшасыз тәсілмен аударады.

      9. Залалды (зиянды) өтеу сомаларын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа мемлекеттеріне жіберу залалды (зиянды) өтетіп алуға құқығы бар жұмыскерлердің тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.

      "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға банктер, пошта бөлімшелері көрсететін қызмет шығындары қызметтер көрсету шарттарымен айқындалады.

      10. Бөлінген қаражат бойынша "Қарағандышахтатарату" ЖШС ӨҚМ-ға ай сайын келесі айдың 20-сы күніне дейін алдыңғы айдың есебін беріп тұрады.

      11. Таратылған шахталардың Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұратын залалдың (зиянның) өтемін алатын жұмыскерлері "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға тоқсанына бір рет (тоқсанның бірінші айының 10-ы күнінен кешіктірмей) жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін, сондай-ақ айына бір рет (айдың 5-і күнінен кешіктірмей) нақты тұрғылықты жері туралы мәліметтерді ұсынады.

      12. Пайдаланылмаған бюджет қаражатын қайтару Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  "Қарағандышахтатарату"
жауапкершілігі шектеулі
серіктестігіне берілген,
таратылған шахталардың
жұмыскерлеріне келтірілген
залалды өтеуге берілетін
қаражатты бөлу қағидаларына
және (немесе) пайдалану
тәртібіне қосымша

Таратылған шахталардың тізбесі

      1. Долинск.

      2. Дубовск.

      3. Майқұдық.

      4. Северная.

      5. Топар.

      6. Шерубай-Нұра.