"Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 703 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларында және олардың мөлшерлерінде:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендияларды, сондай-ақ ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган тағайындайтын мемлекеттік атаулы стипендияларды тағайындау және төлеу тәртібіне қолданылмайды.";

      26 және 27-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендия мынадай мөлшерде белгіленеді:

      1) даярлаудың педагогикалық бағыттары және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 41898 (қырық бір мың сегіз жүз тоқсан сегіз) теңге;

      2) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттары бойынша білім алатын студенттерге – 67200 (алпыс жеті мың екі жүз) теңге;

      3) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерге – 67200 (алпыс жеті мың екі жүз) теңге;

      4) интерндерге  – 75890 (жетпіс бес мың сегіз жүз тоқсан) теңге;

      5) магистранттарға – 97024 (тоқсан жеті мың жиырма төрт) теңге;

      6) "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымында білім алатын магистранттарға – 181250 (жүз сексен бір мың екі жүз елу) теңге;

      7) докторанттарға  – 217500 (екі жүз он жеті мың бес жүз) теңге;

      8) даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша докторанттарға – 217500 (екі жүз он жеті мың бес жүз) теңге;

      9) даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111579 (жүз он бір мың бес жүз жетпіс тоғыз) теңге;

      10) мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық айлықақысының деңгейінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендияның мөлшерінен төмен емес;

      11) техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32681 (отыз екі мың алты жүз сексен бір) теңге.

      27. Техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттердің мемлекеттік стипендиясы – 31422 (отыз бір мың төрт жүз жиырма екі) теңге.".

      2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов