"Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 тамыздағы № 689 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Мемлекет білім алу кезеңінде:

      1) жетім балаларға және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарының;

      2) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың, бала кезінен мүгедектігі бар адамдардың, мүгедектігі бар балалардың;

      3) көп балалы отбасылардан шыққан балалардың;

      4) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалардың, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалардың;

      5) жалпы және санаторийлік үлгідегі мектеп-интернаттарда, мектеп жанындағы интернаттарда тұратын балалардың;

      6) дарынды балаларға арналған мамандандырылған интернаттық білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балалардың;

      7) интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілерінің;

      8) денсаулық жағдайына байланысты бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша үйде немесе стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсететін, сондай-ақ қалпына келтіру емін жасайтын және медициналық оңалтуды жүзеге асыратын ұйымдарда ұзақ уақыт оқып жүрген балалардың;

      9) "Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамында білім беру гранты бойынша оқып жүрген студенттердің;

      10) білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқып жүрген студенттердің;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын өзге санаттағы азаматтардың шығыстарын ішінара өтейді.

      Осы Қағидалардың 5-тармағының 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген санаттағы азаматтарға мемлекет тамақтандыру құнының 80 пайызы мөлшерінде тамақтандыру шығыстарын өтейді (20 пайызы ата-аналардың төлемі есебінен жабылады).

      Осы Қағидалардың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген санаттағы азаматтар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқыған кезеңде олардың жатақханада тұру шығыстарын мемлекет жылына 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша белгіленген жиырма тоғыз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде өтейді.

      Осы Қағидалардың 5-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген және қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы), патронаттық тәрбиедегі, баланы қабылдайтын отбасылардағы адамдар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында оқыған кезеңде олардың жетім балаларға арналған күндізгі рацион құнының 40 пайызы мөлшерінде республикалық немесе жергілікті бюджеттер есебінен тегін ыстық тамаққа құқығы бар.

      Осы Қағидалардың 5-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген адамдарға мемлекет тамақтану құнының 100 пайызы мөлшерінде ыстық тамаққа кететін шығыстарды өтейді.

      Осы Қағидалардың 5-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген адамдарға мемлекет ыстық тамаққа кететін шығыстарды жергілікті бюджеттер есебінен жетім балаларға арналған күндізгі рацион құнының 40 пайызы есебінен өтейді.

      Тамақтану шығыстары жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша толықтай жергілікті бюджеттер есебінен жабылуы мүмкін.

      Орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылар және жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар осы қаулымен бекітілген әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек берудің мөлшеріне, көздеріне және түрлеріне сәйкес мектепте бір рет тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жіберген, шет елдердің техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарында оқып жүрген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмекті осы мемлекеттік органдар көрсетеді.";

      6-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) осы Қағидалардың 5-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген тұлғалар үшін – оқу орнына қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесі.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Осы Қағидалардың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларына орналасқан кезде мынадай растайтын құжаттардың бірін ұсынады:

      1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – қорғаншылық (қамқоршылық) туралы анықтаманың көшірмесі;

      2) ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәліктердің көшірмелері не жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымнан анықтама;

      3) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар үшін – мүгедектік туралы анықтама.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов