Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 520 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 11-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2023 жылғы 30 маусымдағы
№ 520 қаулысымен
  бекітілген

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 11-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті, сондай-ақ Әлеуметтік кодексте айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскер (бұдан әрі – жұмыскер) – жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және жұмысты еңбек шарты бойынша тікелей орындайтын, кәсіптері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 23 мамырдағы № 170 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32568 болып тіркелген) бекітілген өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлер кәсіптерінің тізбесінде (бұдан әрі – тізбе) көзделген жұмыстарда зиянды жұмыстармен айналысатын жеке тұлға;

      4) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) зиянды еңбек жағдайлары – зиянды өндірістік факторлардың болуымен сипатталатын еңбек жағдайлары;

      6) зиянды өндірістік фактор – жұмыскерге әсер етуі ауыруына немесе еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне және (немесе) ұрпағының денсаулығына кері ықпал етуге әкеп соғуы мүмкін өндірістік фактор;

      7) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт – міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлға (зейнетақы төлемдерін алушы) талаптарын ұсынылған шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдай алатын қосылу шарты;

      8) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері тізбеде көзделген жұмыскерлердің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына агенттер меншікті қаражатының есебінен аударған ақша;

      9) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент (бұдан әрі – агент) – Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын жеке немесе заңды тұлға;

      10) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау – өндірістік объектілерді (өндірістік қызметті жүзеге асыратын цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын, сондай-ақ жұмыс берушілердің бөлек тұрған өзге де бөлімшелерін) оларда орындалатын жұмыстар қауіпсіздігінің жай-күйін, зияндығын, ауырлығын, қауырттығын, еңбек гигиенасын айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтерге сәйкестігін айқындау мақсатында бағалау жөніндегі қызмет.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.03.2024 № 228 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру тәртібі

      3. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын агенттер жұмыскерлердің пайдасына меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      4. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі Әлеуметтік кодекстің 250-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленеді.

      5. Агенттер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді ай сайын жүзеге асырады.

      6. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру кезінде жұмыскердің "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (бұдан әрі – Салық кодексі) көзделген барлық ай сайынғы табыстары ескеріледі.

      7. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асырған кезде:

      1) Салық кодексінің 319-бабының 2-тармағында;

      2) Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағында көрсетілген төлемдердің түрлері ескерілмейді.

      Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге арналған шығыстар агенттің еңбекақы төлеу қорына жатқызылады.

      8. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, оның ішінде берешекті аудару "Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 203 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14365 тіркелген) сәйкес айқындалатын төлемдерді тағайындау кодтары көрсетіліп, Мемлекеттік корпорацияның банк шотына жүргізіледі.

      9. Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары үш жұмыс күні ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына МТ-100 форматындағы электрондық төлем тапсырмаларымен аударылады.

      Мемлекеттік корпорация агенттерден келіп түскен, МТ-100 форматындағы төлем сомасына сәйкес келетін төлем тапсырмалары тобынан тұратын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғалардың тізімін бір мезгілде электрондық тәсілмен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жібереді.

      10. Агент:

      1) Әлеуметтік кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар үшін;

      2) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар үшін;

      3) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырмайды.

      11. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді агент "Төлемдер мен төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын ескере отырып, екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол ақшасыз тәсілмен Мемлекеттік корпорацияның банк шотына жүзеге асырады.

      12. Агенттер төлейтін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес шегерілуге тиіс.

      13. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары тізбеде көзделген еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда уақытша жұмыс істейтін ұйымдардың өндірістік, көмекші және қосалқы цехтары қызметкерлерінің пайдасына да төленеді.

      14. Кәсіптері тізбенің "Жалпы кәсіптер" бөлімінде көзделген жұмыскерлердің пайдасына, егер бұл кәсіптер тізбенің тиісті бөлімдерінде немесе кіші бөлімдерінде арнайы көзделмесе, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары олардың қандай өндірістерде немесе цехтарда жұмыс істейтініне қарамастан жүзеге асырылады.

      15. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау және міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қарау нәтижелері бойынша айына жұмыс уақытының кемінде 80 %-ы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің кәсіптері анықталған жағдайда жұмыс берушілер, жұмыскерлердің өкілдері, мүдделі мемлекеттік органдар еңбек жөніндегі уәкілетті органға оларды тізбеге енгізу бойынша негізделген ұсыныстар енгізеді.

      16. Өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижелерімен расталған зиянды еңбек жағдайлары жойылған жағдайда агенттер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді зиянды еңбек жағдайлары жойылған кезден бастап тоқтатады.