"Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 513 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі туралы ережеде:

      12-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) сот-сараптама қызметі саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;";

      14-тармақта:

      16) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 57-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "57-1) Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушылары лицензияларының мемлекеттік тізілімін жүргізу;";

      мынадай мазмұндағы 61-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "61-1) Бірыңғай электрондық сауда алаңы операторының қызметін бақылауды жүзеге асыру;";

      65) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "65) алименттер мен жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қабылдауға байланысты жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қағидаларын және мөлшерін бекіту;";

      70) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "70) жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту;";

      73) тармақша алып тасталсын;

      114) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "114) "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 5-тармағында, 39-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда сыйақы мөлшері мен оны төлеу шарттарын белгілеу;";

      мынадай мазмұндағы 114-1), 114-2), 114-3), 114-4) тармақшалармен толықтырылсын:

      "114-1) мәдениет, жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау салаларындағы мүдделі уәкілетті органдармен келісу бойынша туындыларды пайдаланудың кейбір түрлері үшін авторлық сыйақының ең төмен мөлшерлемелерін бекіту;

      114-2) мәдениет, жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау салаларындағы мүдделі уәкілетті органдармен келісу бойынша орындаушылар мен фонограмма жасаушыларға сыйақының ең төмен мөлшерлемелерін бекіту;

      114-3) туындыларды пайдаланудың кейбір түрлері үшін авторлық сыйақының ең төмен мөлшерлемелерін қолдану жөніндегі нұсқаулықты бекіту;

      114-4) орындаушылар мен фонограмма жасаушыларға ең төмен сыйақы мөлшерлемелерін қолдану жөніндегі нұсқаулықты бекіту;";

      118) тармақша алып тасталсын;

      129) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "129) коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу бойынша тіркеуші орган іске асыратын қызметтердің монополияға қарсы органмен келісу бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметін ұйымдастыруды және үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органның шешімімен белгіленетін бағаларын келісу;";

      135) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "135) ішкі істер органымен бірлесіп сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жасау, жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 135-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "135-1) бизнес-сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру қағидаларын бекіту;

      136) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "136) бизнес-сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруды және жүргізуді орталықтандырылған жүзеге асыру және тіркеуші органдар мен өзге де мемлекеттік мекемелерге олар жүгінген кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей ақпарат беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда бақылау және қадағалау функциялары берілген мемлекеттік органдарға олардың сұрау салуы бойынша ақпарат беру;";

      148) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "148) құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін енгізу, жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық тексеру жүргізу тәртібі мен мерзімдерін, жылжымайтын мүліктің бастапқы және қайталама объектілеріне кадастрлық нөмір беру тәртібін, сондай-ақ құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізу үшін міндетті мәліметтер нысанын, жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының нысанын айқындау;";

      150) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "150) Қазақстан Республикасында құқықтық кадастрда жүйелі тіркеуді жүргізу мерзімдері мен тәртібін айқындау;";

      178) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "178) адвокат, заң консультанты көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегіне және құқықтық консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу қағидаларын және ақы төлеу мөлшерлерін бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 178-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "178-1) мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу құқығын растайтын құжаттардың тізбесін бекіту;";

      185) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "185) заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;";

      196) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "196) әділет органдарынан, азаматтық хал актілерін тіркеуден және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою;";

      204), 205) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "204) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі біліктілік беретін сот сараптамалары мен сараптамалық мамандықтар түрлерінің тізбесін әзірлеу және бекіту;

      205) сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 234-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "234-1) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша сот сарапшылары үшін кәсіби стандартты әзірлеу, бекіту, ауыстыру және қайта қарау;";

      257) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "257) саяси партия құру жөніндегі азаматтардың бастамашыл тобының, саяси партия мүшелерінің тізімдерінің дұрыстығын тексеру қағидаларын бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 258), 259), 260), 261), 262), 263), 264), 265), 266), 267), 268), 269), 270), 271), 272), 273) тармақшалармен толықтырылсын:

      "258) әділет органдарының цифрлық трансформациясын жүргізу;

      259) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік органдар қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу жөніндегі әдістемеге сәйкес қызметке функционалдық талдауды жүргізу;

      260) заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидаларын бекіту;

      261) мемлекеттік органдардың үлгілік функцияларын айқындау бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекіту;

      262) әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесін бекіту;

      263) нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту;

      264) құқықтық мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту;

      265) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидаларын бекіту;

      266) мемлекеттік жоспарлау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы уәкілетті органдармен бірлесіп ғылыми сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларын бекіту;

      267) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге елеулі үлес қосқаны үшін мемлекеттің ынталандыру қағидаларын бекіту;

      268) туу туралы куәліктердің үлгісін, ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін бекіту;

      269) туу туралы куәлікті қорғауға қойылатын талаптарды бекіту;

      270) заңнамалық актілердің уақытылы іске асырылуын, оның ішінде заңға тәуелді актілердің әзірленуі мен қабылдануын бақылау;

      271) Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін қалыптастыру, сондай-ақ оған мәліметтер енгізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту;

      272) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге елеулі үлес қосқаны үшін наградалардың тізбесі мен сипаттамасын, награда парағының нысанын бекіту;

      273) заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.".

      2. Осы қаулы оған қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов