"Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 тамыздағы № 866 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 405 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 тамыздағы № 866 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі (бұдан әрі – шекаралық кеңістік) – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) және Қазақстан Республикасының ішкі сулары және аумақтық сулары бар шекаралық аймақтың сыртқы шектеріне дейін оған шектесіп жатқан Қазақстан Республикасының аумағы, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындардың аумақтары, өз шегінде уәкілетті органдар шекаралық қызметті жүзеге асыратын балық аулау аймағы, континенттік қайраң, сондай-ақ олардың үстіндегі әуе кеңістігі;

      2) ерікті жасақ – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі (бұдан әрі – Шекара қызметі) аумақтық бөлімшесінің құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – құрылымдық бөлімше) өкілдерінің басшылығымен ерікті және жария негізде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын Қазақстан Республикасы азаматтарының тобы;

      3) ерікті жасақшы – Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу бойынша өз еркімен өзіне алған міндеттерді Шекара қызметі құрылымдық бөлімшесі өкілдерінің басшылығымен орындайтын ерікті жасақ мүшесі;

      4) Шекара қызметінің штаттан тыс қызметкері – Шекара қызметі құрылымдық бөлімшесінің өкілдері ұзақ мерзімді міндеттерді шешу үшін немесе қажеттілік туындаған кезде ерікті негізде Мемлекеттік шекараны қорғауға тартатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      5) шекара қызметінің кітабы – Шекара қызметі бөлімшесінің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын көрсететін есептік құжат.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Мемлекеттік шекараны қорғауға ерікті негізде қатысатын адамдардың іс-қимылын үйлестіру және тиімділігін арттыру мақсатында шекара маңындағы аудандардың (қалалардың) әкімдіктері жанында құрылатын шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңестерінің шешімдерімен ерікті жасақтар құрылады және олардың басшылары тағайындалады.

      Ерікті жасақтардың басшылары осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген мән-жайлардың біреуі туындаған жағдайға дейінгі мерзімге ерікті жасақшылар қатарынан тағайындалады.

      Ерікті жасақтардың басшылары өз қызметін Шекара қызметі құрылымдық бөлімшелері басшылығының бақылауында жүзеге асырады, оларға есеп береді.

      Ерікті жасақтардың басшылары Шекара қызметінің құрылымдық бөлімшелері өкілдерімен бірлесе отырып, шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғау іс-шараларын жоспарлау, ұйымдастыру және оларға ерікті жасақтардың мүшелерін тарту мәселелері бойынша міндеттерді шешуге қатысады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Адамдардың Мемлекеттік шекараны қорғауға жеке қатысуы Мемлекеттік шекараны, Мемлекеттік шекара режимін, өткізу пункттеріндегі режимді, шекаралық режимді, ішкі және аумақтық сулар режимін, балық аулау аймағы режимін және континенттік қайраң режимін бұзудың өздеріне белгілі болған фактілері мен әрекеттері туралы хабарлау жолымен Шекара қызметі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдеріне жәрдем көрсету арқылы көрініс табады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов