"Қазимпэкс" республикалық орталығы" акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 261 қаулысы.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазимпэкс" республикалық орталығы" акционерлік қоғамы жарғылық капиталында мемлекеттің жүз пайыз қатысу үлесі бар "Қазимпэкс" республикалық орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – серіктестік) етіп қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. Серіктестік қызметінің негізгі бағыттары мынадай болып айқындалсын:

      1) өзге сымсыз телекоммуникациялық байланысты жүзеге асыру;

      2) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелер;

      3) жекеменшік жылжымайтын мүлікті жалдау және басқару;

      4) сыйақы үшін немесе шарттық негізде жылжымайтын мүлікті басқару;

      5) басқа топтамаларға енгізілмеген тауарлардың жекелеген түрлерінің немесе тауарлар топтарының саудасына маманданған агенттер қызметі;

      6) ақпараттық жүйелер мен деректер базасын сүйемелдей отырып, ақпараттық-әдіснамалық қамтамасыз ету.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп (келісу бойынша), Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) серіктестіктің жарғысын бекітуді және оны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркеуді;

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне серіктестіктің мемлекеттік қатысу үлесіне иелік ету және пайдалану құқығын беруді;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктерінің тізбесінде:

      "Астана қаласы" бөлімінде:

      реттік нөмірі 21-19-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-19. "Қазимпэкс" республикалық орталығы" ЖШС";

      2) "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне" бөлімінде:

      реттік нөмірі 242-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "242. "Қазимпэкс" республикалық орталығы" ЖШС".

      5. "Қазимпэкс" республикалық орталығы" акционерлік қоғамының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 7 тамыздағы № 619 қаулысының күші жойылсын.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов