"Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 маусымдағы № 906 қаулысына өзгеріс

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 наурыздағы № 227 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 492 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 21.06.2023 № 492 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы маусымдағы № 906 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 203-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесінде:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау қағидалары";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне (бұдан әрі – Бюджет кодексі) сәйкес әзірленді және үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау тәртібін белгілейді.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Тиісті қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимиті осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимитіне, валюталарды айырбастаудың есептік бағамын ескере отырып, жоспарланатын қаржы жылында ішкі нарықтағы үкіметтік қарыз алу және сыртқы нарықтағы үкіметтік қарыз алу есебінен республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландырудың жалпы көлеміне сүйене отырып қалыптастырылады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жергілікті атқарушы орган борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстардың көлемі тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттің меншікті кірістері мен жалпы сипаттағы трансферттер сомасының он пайызына тең мөлшерден аспауға тиіс.";

      6-тармақ алып тасталсын;

      7, 8 және 8-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің тапшылығын қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа түсетін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы түрінде, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бағдарламаларды, саланы (аяны) дамыту тұжырымдамаларын, ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа түсетін мемлекеттiк бағалы қағаздар шығаруы түрінде, "Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңында айналысқа түсетін ұлттық валютадағы мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруы, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде "жасыл" жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан ұлттық валютада қарыз алуы түрінде қарыз алуды жүзеге асырған кезде борыш лимиті:

      1) жергілікті бюджеттің меншікті кірістерінің және жалпы сипаттағы трансферттердің сомасын;

      2) жоспарланған қаржы жылында өз қарыздарына дербес қызмет көрсету және оларды өтеу мүмкіндігін ескере отырып қалыптастырылады.

      8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 желтоқсанына дейінгі мерзімде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын қаржы жылына арналған лимитін белгілейді.

      8-1. Жергілікті атқарушы органдар борышының лимитін нақтылау бюджет параметрлері өзгерген жағдайда республикалық бюджетті тиісті қаржы жылы ішінде нақтылау кезінде жүргізіледі.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті қаржы жылына арналған лимиттерін осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша айқындайды және мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті қаржы жылына арналған лимиті бойынша тиісті ұсыныстарды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.";

      Ережеге 1-қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышындағы мәтін мынадай редакцияда жазылсын:

  "Үкіметтік борыштың және
  жергілікті атқарушы орган
  борышының лимитін,
  мемлекеттік кепілдіктер мен
  мемлекет кепілгерліктерін беру
  лимиттерін айқындау
  қағидаларына
  1-қосымша";

      Ережеге 2-қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      Ережеге 3-қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышындағы мәтін мынадай редакцияда жазылсын:

  "Үкіметтік борыштың және
  жергілікті атқарушы орган
  борышының лимитін,
  мемлекеттік кепілдіктер мен
  мемлекет кепілгерліктерін беру
  лимиттерін айқындау
  қағидаларына
  3-қосымша".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 17 наурыздағы
№ 227 қаулысына
қосымша
  Үкіметтік борыштың және
жергілікті атқарушы орган
борышының лимитін,
мемлекеттік кепілдіктер мен
мемлекет кепілгерліктерін беру
лимиттерін айқындау
қағидаларына
2-қосымша

Жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттерін айқындау формулалары

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын кезеңге арналған лимиті мынадай формулаға сәйкес айқындалады:

      Lslg = Dlg + RtogchLg * k – Plg, мұнда

      Lslg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының жоспарланатын қаржы жылындағы лимиті;

      Dlg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылының басындағы борышы.

      Бұл ретте тиісті қаржы жылы ішінде бюджет параметрлері нақтыланған жағдайда Dlg-ге жоспарланған қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы жергілікті атқарушы орган борышының нақты көлемі қолданылады;

      RtogchLg – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның жоспарланатын қаржы жылындағы жергілікті бюджеттің меншікті кірістері мен жалпы сипаттағы трансферттердің сомасы бойынша болжамды деректері.

      Бұл ретте тиісті қаржы жылы ішінде бюджет параметрлері нақтыланған жағдайда жалпы сипаттағы трансферттердің бекітілген деректері ескеріледі;

      k – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы үшін түзету коэффициенті 0,1;

      Plg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында борышты өтеуге жұмсалатын қаражатының көлемі.

      2. Айқындалатын борыш лимиті мына талапқа сәйкес келуге тиіс:

      В2 ≤ RtogchLg * к, мұнда

      B2 – бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның жоспарланған қаржы жылындағы тиісті жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығындардың жоспарланатын көлемі бойынша болжамды деректері.