"Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қызмет түрлерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 ақпандағы № 30 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 912 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қызмет түрлерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 ақпандағы № 30 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызмет түрлерін айқындау туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 696-1-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызмет түрлері айқындалсын.";

      көрсетілген қаулымен айқындалған бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қызмет түрлері осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
  2022 жылғы 17 қарашадағы
№ 912 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 2 ақпандағы
№ 30 қаулысына
қосымша

Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызмет түрлері

Р/с №

ЭҚЖЖ

Қызмет түрлері

1

2

3

1.

55.10.1*

Жол бойындағы белдеулерде орналасқан қонақүйлерді қоспағанда, мейрамханалары бар қонақүйлердің қызметтер көрсетуі

2.

55.10.3*

Ресми іс-шараларға арналған мейрамханалары бар қонақүй қызметтерін көрсету

3.

56.10.1

Жол бойындағы белдеулерде орналасқан объектілердің қызметін қоспағанда, мейрамханалардың кызметі және тамақ өнімдерін жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтер

4.

56.10.2

Мейрамханалардың қызметі және жол бойындағы белдеулерде орналасқан объектілердің тамақ өнімдерін жеткізу бойынша қызметтер көрсетуі

5.

56.21.0

Тапсырыспен дайын тамақ жеткізу және тамақтандырумен қамтамасыз ету бойынша өзге қызмет

6.

56.29.1

Елді мекендерден тыс жерде тамақтануды ұйымдастырудың өзге түрлері

7.

56.29.2

Жолаушылар пойыздарында тамақтандыруды ұйымдастырудың өзге түрлері

8.

56.29.9

Басқа топтамаларға енгізілмеген, тамақтануды қамтамасыз ету жөніндегі өзге қызмет

      * қонақүйлердің қызметтер (қонақүй қызметтерін) көрсетуін қоспағанда