"Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 тамыздағы № 467 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 маусымдағы № 450 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 тамыздағы № 467 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 29 маусымдағы
№ 450 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 19 тамыздағы
№ 467 қаулысымен
бекітілген

Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары (бұдан әрі – Жоспар) "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Жоспар Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарына, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      3. Осы Жоспарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) авариялық жағдай – ядролық және радиациялық авариялық жағдайды қамтитын және адам денсаулығы мен қауіпсіздігі немесе өмір сүру сапасы, меншік немесе қоршаған орта үшін қауіпті немесе қолайсыз салдарды жеңілдету үшін жедел шаралар қабылдауды талап ететін штаттан тыс жағдай немесе штаттан тыс оқиға;

      2) аварияның туындау қаупі – адамдардың өмірі мен денсаулығына, олардың мүлкі мен қоршаған ортаға қауіп төнетін жай-күй;

      3) алаң аумағы – шекара периметрі шегінде пайдаланушы ұйымға, қоршауға не көрсеткішке іргелес аумақ;

      4) пайдаланушы ұйым – атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      5) радиоактивті заттар – құрамында радионуклидтер бар, кез келген агрегаттық күйдегі, шығу тегі табиғи немесе техногендік кез келген материалдар;

      6) радиоактивті заттардың заңсыз айналымы – ядролық материалдарды қоса алғанда, радиоактивті заттардың санкцияланбаған кез келген орын ауыстыруы, берілуі немесе саудасы;

      7) ядролық материалдар – бөлiнетiн (ыдырайтын) радионуклидтерден тұратын немесе оларды шығаруға қабілетті материалдар;

      8) ядролық және радиациялық авария – ядролық және радиациялық қондырғымен немесе салдарынан радиоактивті заттардың шығарындылары орын алатын және радиациялық сәулелену туындайтын қызметке байланысты авария;

      9) ядролық және радиациялық авариялық жағдай – ядролық тізбекті реакция немесе тізбекті реакция өнімдерінің ыдырауы немесе радиациялық сәулелену нәтижесінде бөлінетін энергия салдарынан нақты немесе солай деп қабылданатын қауіп орын алатын авариялық жағдай;

      10) ядролық және радиациялық аварияның әсер ету факторы – ядролық материалдар мен радиоактивті заттардың шығарындысы, сондай-ақ ядролық және радиациялық авария салдарынан алаң аумағының радиоактивті ластануы кезіндегі иондаушы сәуле.

      Жоспарда қолданылатын өзге ұғымдар Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау және атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасында пайдаланылатын ұғымдарға сәйкес келеді.

      4. Ядролық және радиациялық авариялардың негізгі көздеріне:

      1) радионуклидтер шығарып реактордың белсенді аймағын зақымдау;

      2) жабдықтың істен шығуы, реакторда немесе отын циклінің кәсіпорындарында өрт немесе жарылыс салдарынан радионуклидтердің шығарындысы;

      3) қоршаған ортаның радиоактивті ластануы;

      4) радиоактивті заттардың, ядролық материалдардың немесе құрамында радиоактивті заттар бар жабдықтың жоғалуы немесе ұрлануы;

      5) персоналдың және (немесе) тұрғындардың сәулеленуіне әкелетін жабдықтың істен шығуы немесе дұрыс пайдаланылмауы;

      6) ядролық материалдар мен радиоактивті заттарды тасымалдау кезіндегі авариялар жатады.

      5. Ден қою деңгейі:

      1) объектілік деңгей – алаң аумағында аварияға қарсы жоспарлауды және ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюды жүзеге асыратын пайдаланушы ұйымдар;

      2) аумақтық деңгей – тиісті аумақта аварияға қарсы жоспарлауды және ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар;

      3) республикалық деңгей – республикалық деңгейде аварияға қарсы жоспарлауды және ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен орталық атқарушы органдар.

      6. Ядролық және радиациялық авария кезінде ден қою мақсаттары:

      1) ядролық және радиациялық аварияның сипаты мен ауқымын бағалау;

      2) ядролық және радиациялық аварияның өрбуін болғызбау және ол туындаған жерде оның салдарын төмендету;

      3) персонал мен тұрғындарда детерминацияланған әсердің пайда болу жағдайларын болғызбау;

      4) адамдарды құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету;

      5) тұрғындарда сәулеленудің стохастикалық әсерінің өрбу жағдайларын болғызбау;

      6) тұрғындарда радиациялық емес зиянды әсер жағдайларының алдын алу;

      7) қоршаған ортаны және материалдық мүлікті қорғау;

      8) қалыпты әлеуметтік және экономикалық қызметті дайындау және қайта бастау;

      9) алдын алуға болатын доза деңгейіне жеткен кезде қорғау немесе авариядан кейінгі шараларды қабылдау болып табылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ядролық немесе радиациялық авария жағдайындағы құқықтары мен міндеттері

      7. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган:

      1) азаматтық қорғау іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу кезінде азаматтық қорғау күштеріне басшылық етеді;

      2) жедел резервтің материалдық құралдарын бөледі және пайдаланады;

      3) авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуді жүзеге асырады;

      4) төтенше жағдайды жою кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес ұйымдардың материалдық-техникалық ресурсын жұмылдырады;

      5) жергілікті атқарушы органдардың өтінішхаты бойынша табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың және оның салдарының алдын алу немесе оны жою жөнінде шаралар қабылдау үшін мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару туралы шешім қабылдайды;

      6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне төтенше жағдайдың және оның салдарының алдын алу, оны жою үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражатты пайдалану туралы ұсыныстар енгізеді;

      7) Қазақстан Республикасының Президентіне ядролық және радиациялық авария кезінде Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерінде төтенше жағдай енгізу туралы ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады;

      8) төтенше жағдай органдары мен бөлімшелерінің күштері мен құралдарының төтенше жағдай туындаған кезде әрекет етуге дайын болуын қамтамасыз етеді;

      9) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп эвакуациялық іс-шараларды, зардап шеккен тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады;

      10) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қалыптасқан ахуалға мониторинг жүргізеді;

      11) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес республикалық азаматтық қорғау қызметтеріне басшылық жасауды және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      12) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ядролық және радиациялық авариялардың алдын алу және оларды жою бойынша республикалық оқу-жаттығу өткізеді;

      13) Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады.

      8. Атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган:

      1) персоналдың, ядролық және радиациялық аварияның салдарын жоюмен айналысатын адамдардың ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар береді;

      2) халықаралық ұйымдармен және трансшекаралық мемлекеттердің қадағалау органдарымен ядролық және радиациялық авариялар туралы жедел хабарламалар алмасуды жүзеге асырады;

      3) қажет болған жағдайда халықаралық сараптама ұйымдарын тартып, аварияларға қарсы жоспарлау және радиациялық және ядролық аварияларға ден қою жөніндегі құжаттарға тәуелсіз ғылыми-техникалық сараптама ұйымдастырады;

      4) авариялық жағдай туындаған кезде Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану объектілерінің жай-күйін бақылайды, талдайды және бағалайды.

      9. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган халықтың мекендеу ортасының радиоактивті ластану деңгейін өлшейді, бақыланатын аймақтан тыс елді мекендер аумағында сумен жабдықтау көздерінен, топырақтан және тамақ өнімінен сынама алады.

      10. Көлік саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды, Қазақстан Республикасы көлік кешенінің қызметін үйлестіруді және реттеуді, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалануды жүзеге асыратын уәкілетті орган:

      1) ядролық және радиациялық авариялар салдарын жою үшін қажетті көлікпен қамтамасыз етуге байланысты барлық іс-қимылды үйлестіреді;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке меншіктегі көлік құралдарын тартады;

      3) ядролық және радиациялық авария салдарын жою, эвакуациялау іс-шараларын жүргізу үшін қажетті персонал мен жабдықты, материалдар мен техникалық ресурстарды тасымалдауды қамтамасыз етеді;

      4) ядролық және радиациялық аварияға ден қоюға және оның салдарын жоюға тартылатын теңіз, жерүсті және әуе жолымен келетін халықаралық күштер мен құралдарды қабылдауға әзірлікті қамтамасыз етеді;

      5) құрамына кіретін ведомстволық бағынысты ұйымдардың ядролық және радиациялық аварияларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін қажетті күштерді, құралдарды және материалдық-техникалық ресурстарды бірінші кезекте тасымалдауды, эвакуацияланатын (көшірілетін) тұрғындарды авариялық ден қою аймағынан әкетуді, сондай-ақ тасымалдауға тапсырыс берушілермен шарт негізінде қауіпті жүкті (радиоактивті қалдықтар мен заттарды) тасымалдауды орындауын қамтамасыз етеді;

      6) авариялық-құтқару жұмысын және эвакуациялау іс-шараларын жүзеге асыру үшін қажетті күштер мен құралдарды мемлекеттік жол шаруашылығының ведомстволық бағынысты ұйымдарының құрамына кіретін автомобиль жолдары арқылы тасымалдау үшін оларды күтіп ұстау және жөндеу жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.

      11. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоныстану аумақтарында қоршаған ортаға радиациялық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.

      12. Қорғаныс саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын уәкілетті орган:

      1) көлік саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды, Қазақстан Республикасы көлік кешенінің қызметін үйлестіруді және реттеуді, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалануды жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша жабдығы, персоналы және ядролық және радиациялық аварияға ден қою жөніндегі адамдары бар әуе кемелеріне қауіпсіз дәлізді қамтамасыз етеді;

      2) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның және облыстардың жергілікті атқарушы органдарының сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының қорғаныс саласындағы заңнамасына сәйкес ядролық және радиациялық авария салдарын жою басшысының қарамағына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қажетті күштері мен құралдарын мынадай міндеттерді орындауға қатысу үшін береді:

      ядролық және радиациялық авария салдарын жою жөніндегі жұмыс жүргізілетін аудандарға күштерді, құралдар мен материалдық ресурстарды жеткізу;

      жергілікті жерді және объектілерді арнайы өңдеу (дезактивациялау) жөнінде жұмыс жүргізу;

      төтенше жағдай аймағына кірудің және одан шығудың ерекше режимін ұстау;

      зардап шеккен тұрғындарға медициналық және өзге де көмек көрсету;

      3) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамалары, әскери бөлімдері мен мекемелері орналасқан аудандардағы радиациялық жағдайдың мониторингін қамтамасыз етеді.

      13. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі:

      1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша ядролық және радиациялық авария салдарын жоюға қатысу үшін келетін шетелдік күштер мен құралдарды Қазақстан Республикасының аумағына өткізуді қамтамасыз етеді;

      2) гуманитарлық көмегі бар көлік құралдарының және олармен бірге жүретін жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріне кезектен тыс кіруін қамтамасыз етеді;

      3) ядролық және радиациялық авария салдарын жою үшін жіберілетін авариялық-құтқару қызметтеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуге жәрдем көрсетеді.

      14. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган ядролық және радиациялық авария аймағына жеткізілетін, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін қажетті тауарларды кедендік декларациялауды қамтамасыз етеді.

      15. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті орган атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның хаты негізінде ядролық және радиациялық авария салдарын жоюға көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасына келетін шетелдік мамандарға (персоналға) қажеттілігіне қарай Қазақстан Республикасының визасын ресімдеуге жәрдем көрсетеді.

      16. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жүйесіне басшылық жасауды, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган:

      1) тұрғындарды авария және авариялық-құтқару жұмысы мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу туралы құлақтандыруға және хабардар етуге қатысады;

      2) радиоактивті ластану аймағының қоршалуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға қатысады;

      3) радиоактивті ластану аймағына белгіленген өткізу пункттері арқылы кіру қауіпсіздігін ұйымдастырады;

      4) уақытша көшірілетін тұрғындарды жинау, тіркеу пункттерінде, аралық көшіру пункттерінде және эвакуацияланғандарды орналастыру орындарында, сондай-ақ операцияларды басқару командалық пунктінде, ауруханаларда және халықты хабардар ету орталығында оқыс оқиға кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетеді;

      5) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерімен бірлесіп азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган күштерін бірінші кезекте өткізу мақсатында эвакуациялау іс-шараларын жүргізу кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін және оны реттеуді, сондай-ақ маршруттарда, өткелдерде, ластанған жерлерде қозғалысты реттеуді қамтамасыз етеді;

      6) эвакуациялау лектерімен бірге жүреді;

      7) эвакуацияланатын тұрғындарды орналастыру орындарында тіркеуді және мекенжай-анықтамалық жұмысты, эвакуацияланатын тұрғындарды, шығын мен зардап шеккендерді есепке алуды жүргізеді;

      8) санитариялық-қорғаныш аймағының күзетілетін периметрін және оның аумағына белгіленген өткізу пункттері арқылы кіруді ұйымдастырады;

      9) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен, атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен, пайдаланушы ұйымдармен өзара іс-қимыл жасап, айғақтардың сақталуын қамтамасыз етеді және ядролық және радиациялық авариялардың себептерін тексеру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.

      17. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде тұрғындарды радиоактивті ластану фактісі, оны жою барысы және тұрғындардың жүріс-тұрыс қағидалары туралы ақпараттандыруға жәрдем көрсетеді.

      18. Орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган:

      1) орман алқаптарын радиоактивті ластану жағдайында пайдалану туралы ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады;

      2) орманды күзетуді, қорғауды, молықтыруды және орман өсіруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді, радиоактивті ластануы мүмкін аймақтарда өзінің функционалдық қарауындағы мемлекеттік орман қоры аумағында орман пайдалануды реттейді.

      19. Ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган ядролық және радиациялық авария жағдайында ластанған аумақтарда ғарыштан Жерді қашықтан зондтау құралдарын пайдаланып, ғарыштық мониторингті қамтамасыз етеді.

      20. Жергілікті атқарушы орган:

      1) тұрғындарға, персоналға және авария салдарын жоюға тартылған адамдарға көмек көрсету үшін ден қоюдың бүкіл уақытына орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарын, сондай-ақ жедел медициналық көмек қызметтерін тартады;

      2) жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай кезінде авария аймағындағы ластану салдарын жою, сондай-ақ облыс аумағындағы қоршаған ортаны оңалту жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асырады;

      3) зардап шеккендерді эвакуациялауды жүзеге асырады;

      4) азаматтарды қорғауды және қоршаған ортаны иондаушы сәулелену әсерінен қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға қатысады;

      5) ядролық және радиациялық аварияны жоюға, шектеуге және (немесе) оның салдарының ауырлығын төмендетуге қатысады;

      6) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегіндегі радиациялық жағдай туралы хабардар етеді;

      7) радиациялық жағдайдың жай-күйін бағалайды;

      8) көшпелі тамақтандыру пункттерін ашуды қамтамасыз етеді;

      9) қолда бар автожуу станциялары мен стационарлық мекемелер (моншалар, кір жуатын орындар) базасында көлікті дезактивациялауды және тұрғындарды санитариялық өңдеуді жүзеге асыруды ұйымдастырады;

      10) көшірілген тұрғындарды орналастыру орындарын айқындайды, оның тыныс-тіршілігін, оның ішінде уақытша тұрғын жайларды (шатырларды, жылжымалы және құрастырмалы үйлерді) тұрғызуды ұйымдастырады;

      11) ядролық және радиациялық аварияны жою, эвакуацияланатын тұрғындарды авариялық ден қою аймағынан әкету жөніндегі жұмысты жүргізу үшін қажетті күштерді, құралдар мен материалдық-техникалық ресурстарды тасымалдауды бірінші кезекте жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;

      12) тұрғын үй-жайларға радиоактивті заттардың түсуін болғызбау мақсатында оңайлатылған әдістермен және қолда бар құралдармен үй-жайларды герметизациялауды ұйымдастырады;

      13) радиоактивті ластану аймақтарында тиісті режимді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады (бақылау-өткізу пункттерін, уақытша эвакуацияланатын тұрғындарды жинау пункттерін және орналастыру орындарын жабдықтау, орналастыру орындарына қозғалыс маршруттарында уақытша эвакуацияланатын тұрғындарды жан-жақты қамтамасыз ету);

      14) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп ядролық және радиациялық аварияны жою күштерін азық-түлікпен, ыстық тамақпен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.

      21. Жеке тұлғалар:

      1) "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес радиациялық қауіпсіздікке;

      2) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 18-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ядролық және радиациялық авариялар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларға қатысуға;

      3) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 18-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес ядролық және радиациялық авария туындаған жағдайда өмірін, денсаулығын және жеке мүлкін қорғауға;

      4) "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 1-тармағына сәйкес ядролық және радиациялық авария салдарынан денсаулығына келтірілген зиянды және мүлкіне келтірілген залалды өтетуге құқылы.

      22. Жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын сақтауға және пайдаланушы ұйымның аумағында "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес осы ұйымның лауазымды адамдарының талаптарын орындауға міндетті.

      23. Пайдаланушы ұйымдар:

      1) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына азаматтық қорғауды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      2) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 16-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес өз объектілерінде болған авариялардың, оқыс оқиға мен өрттің себептері мен мән-жайын анықтау жөнінде жұмыс жүргізуге;

      3) "Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ақпаратты алуға құқылы.

      24. Пайдаланушы ұйымдар:

      1) аварияға қарсы іс-шаралар жоспарларына сәйкес ядролық және радиациялық аварияның салдарын жою үшін материалдық және қаржы ресурсының резервін құрады және ұстайды;

      2) аварияға қарсы іс-шаралар жоспарларына сәйкес ядролық және радиациялық авариялардың салдарын шектеу және жою бойынша кідіріссіз әрекет етеді;

      3) персонал мен тұрғындарды ядролық және радиациялық авария салдарынан қорғау жөнінде шаралар қабылдайды;

      4) ядролық және радиациялық авария жағдайында бастапқы радиациялық мониторинг жүргізеді;

      5) ядролық және радиациялық авария жағдайында бақылау, хабардар ету, байланыс және олардың іс-қимылын қолдау жүйесін құрады;

      6) ядролық және радиациялық авариялардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі барлық қажетті іс-шаралар кешенін өз қаражаты есебінен жүргізеді;

      7) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарын және Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарын ядролық және радиациялық аварияның туындағаны туралы хабардар етеді;

      8) ядролық және радиациялық авария кезінде зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдайды;

      9) радиоактивті ластану ошағын оқшаулау және радиоактивті заттардың қоршаған ортаға таралуын болғызбау жөнінде шаралар қабылдайды;

      10) ядролық және радиациялық авариялардың өрбуін және ядролық және радиациялық авария кезінде радиациялық ахуалдың өзгеруін талдайды және болжам дайындайды;

      11) персоналдың сәулеленуінің жеке авариялық дозаларын бағалау жөнінде және халықтың авариялық сәулелену деңгейін бағалау (есептеу арқылы) жөнінде шаралар қабылдайды;

      12) ядролық және радиациялық аварияларға қарсы ден қою бойынша бірлесіп әрекет ету жөніндегі құжаттарды әзірлейді және мүдделі мемлекеттік органдармен келіседі;

      13) аварияға қарсы оқу-жаттығу іс-шараларының жоспары мен графигін әзірлейді және бекітеді;

      14) төтенше жағдайды жою жөніндегі аварияға қарсы іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және бекітеді;

      15) алу деңгейі жоғары ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін физикалық қорғауды қамтамасыз етеді;

      16) жергілікті жер мен объектілерді арнайы өңдеу (дезактивациялау) жөніндегі жұмысты жүргізеді;

      17) ұйымдардың басшылары ұйымдардың жұмыскерлерін, авариялық-құтқару қызметтерін, кезекші диспетчерлік қызметтерді және төтенше жағдай таралатын аймақта тұратын тұрғындарды объектілік деңгейде хабардар ету жүйесін іске қосу арқылы хабардар етеді;

      18) азаматтық қорғаудың мамандандырылған объектілік құралымдарын құрады, жасақтайды, жарақтайды және әзірлікте ұстайды.

3-тарау. Ядролық және радиациялық аварияларға әзірлік және ден қою жөніндегі әрекеттер мен іс-шараларды басқару тәртібі

      25. Жоспар атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның шешімімен:

      1) ядролық және радиациялық аварияның әсер ету факторлары авариялық ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғы орналасқан алаң аумағы шегінен тыс шыққан немесе шығу қатері болған жағдайда;

      2) басқа мемлекеттің аумағында орын алған, әсері немесе әсер ету қатері Қазақстан Республикасының аумағына таралатын трансшекаралық ядролық және радиациялық авариялар кезінде қолданысқа енгізіледі.

      26. Пайдаланушы ұйымдар аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірлейді және бекітеді, онда оқыс оқиғалар және авариялар мен олардың салдарын жою кезінде ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғының радиациялық қауіптілік санатына сәйкес персоналға, тұрғындарға және қоршаған ортаға ықтимал әсер етуін барынша азайту бойынша әрекет ету мен іс-шаралар тәртібі көзделеді.

      Алаң аумағында ядролық және радиациялық авария болған жағдайда аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларына сәйкес пайдаланушы ұйымдар туындаған аварияны жоюға дереу кіріседі. Пайдаланушы ұйымдар ядролық және радиациялық авария салдарына ден қою және оны жою үшін қолда бар жабдықты пайдаланады.

      Әсер ету факторларының алаң аумағынан тыс шығу қатері жоқ алаң аумағындағы ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюды пайдаланушы ұйымдар жүзеге асырады.

      27. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілдері төтенше жағдайды жою штабының басшысына ядролық және радиациялық авария салдарын жоюға қатысатын адамдардың радиациялық қауіпсіздігі бөлігі жөнінде ұсынымдар және авария салдарын жою әдістерін қолдануға болатыны туралы мәселені енгізеді.

      28. Ядролық және радиациялық авария әсерінің трансшекаралық аспектілерін қозғайтын ден қою жөніндегі іс-қимылдар азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен, сыртқы саяси қызмет жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      29. Ядролық және радиациялық авария немесе оған ден қою шаралары басқа мемлекеттердің қоршаған ортасына теріс әсер етуі мүмкін болған жағдайда бұл мемлекеттерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасының талаптары сақталып, тиісті деңгейде хабарлама жіберіледі.

      30. Ядролық және радиациялық авария кезінде тұрғындарға қауіпті төтенше жағдай факторларының туындау қатері, қажетті қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратқа кедергісіз қолжетімділік беріледі, бұл ретте азаматтардың өмірін, денсаулығы мен жеке мүлкін қорғау қамтамасыз етіледі.

      31. Ядролық және радиациялық авария салдарынан жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған ортаға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану, азаматтық қорғау саласындағы заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

4-тарау. Ядролық немесе радиациялық авария және оның салдарын жою жағдайында ұйымдар мен мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру

      32. Ядролық және радиациялық авария жағдайында мынадай шаралар қабылданады:

      1) пайдаланушы ұйымдар кәсіпорын персоналы мен тұрғындарды қорғау, аварияны оқшаулау және оның зардабын жою жөнінде шаралар қабылдайды;

      2) жергілікті атқарушы органдар ядролық және радиациялық аварияны объектілік және (немесе) аумақтық аварияға жатқызады, ядролық және радиациялық аварияның таралу ауқымын және аймағын айқындайды;

      3) жергілікті атқарушы органдар мен пайдаланушы ұйымдар ядролық және радиациялық авария туралы ақпарат алынып, оның ауқымы айқындалғаннан кейін аварияға қарсы іс-шаралар жоспарларын дереу қолданысқа енгізеді және ядролық және радиациялық авария салдарын жою бойынша бірінші кезектегі іс-қимылды жүзеге асырады.

      33. Ядролық және радиациялық аварияны оқшаулауды және оның салдарын жоюды:

      1) объектілік деңгейде – пайдаланушы ұйымдардың күштері мен құралдары;

      2) аумақтық деңгейде – жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері және Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының аумақтық бөлімшелері;

      3) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының күштері мен құралдары жүзеге асырады.

      34. Ядролық және радиациялық аварияның туындау қатері туралы немесе туындаған кезде ақпарат:

      1) пайдаланушы ұйымдардан – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына, атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органға, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының аумақтық органдарына;

      2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органынан және Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының аумақтық органдарынан – тиісті ведомствоның орталық аппаратына;

      3) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органнан – Қазақстан Республикасының Үкіметіне беріледі.

      35. Ядролық және радиациялық авария туралы ақпарат қолда бар барлық байланыс арналары арқылы мынадай уақыт сипаттамасымен:

      1) ядролық және радиациялық аварияның туындау қатері немесе туындауы туралы шұғыл ақпарат, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары, хабардар ету жүйесі арқылы халықты хабардар ету – дереу;

      2) ахуалдың өрбуі және салдарды оқшаулау және жою жөніндегі жұмыс барысы туралы нақтыланған ақпарат – келесі 30 (отыз) минут ішінде;

      3) нақтылаушы деректер – авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілетін кезеңде 2 (екі) сағат сайын;

      4) анықтамалық ақпарат – анықтамалық ақпарат сұратылған кезден бастап 1 (бір) сағаттан кешіктірмей беріледі.

      36. Радиациялық қауіптілік туралы ескерту жазбаларын, таңбалауды және арнайы белгілерді қамтитын сыртқы белгілері бар радиоактивті заттар табылған кезде жергілікті атқарушы органдар мынадай іс-шаралар жүргізеді:

      1) радиоактивті заттар табылған жерге бөгде адамдардың кіруін шектеу жөнінде шаралар қолдану;

      2) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілдерін дереу хабардар ету және олардың радиоактивті заттар табылған жерге келуі. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілдері сәулелену деңгейінің нақты көтерілгенін тексеру, радиациялық бақылау және оған адамдарды жіберу бойынша арнайы қағидалар енгізілетін бақыланатын аймақ шегін айқындау және ден қою қажеттігін растау бойынша бастапқы іс-қимылдарды жүргізеді. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жүйесіне басшылық жасауды, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органның өкілдері адамдарды бақыланатын аймаққа жібермеу жөніндегі іс-қимылды, сондай-ақ заңға қайшы қызметтің ықтимал белгілерін және оны жүзеге асыруы мүмкін тұлғаларды анықтау мақсатында қажетті жедел-тергеу әрекетін жүзеге асырады;

      3) тиісті аумақта деңгейдің жоғары болуы расталған кезде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі немесе әкім орынбасары төрағалық ететін бастапқы ден қою және оқиға орнын тергеп-тексеру жөніндегі жұмыс тобы құрылады, оған азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның, атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, ұлттық қауіпсіздік органдарының және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жүйесіне басшылық жасауды, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің өкілдері қосылады;

      4) жоғарыда көрсетілген уәкілетті органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылғаннан кейін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілдері жергілікті жерді, радиоактивті заттарды радиологиялық қарап-тексеруді қоса алғанда, жедел ден қою шараларын жүзеге асырады, оның барысында гамма-сәулелену экспозициялық дозасының қуатын өлшеу жүргізіледі, радиоактивті альфа мен бета ластанудың болуы, сондай-ақ нейтрондық сәулелену деңгейі тексеріледі;

      5) бастапқы қарап-зерттеу нәтижесі бойынша азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің өкілдері радиоактивті заттар табылған жердегі радиоактивті заттардың түрін, сипаттамасын, олардың орналасқан жерін, персонал мен тұрғындарға дозалық жүктеме қалыптасуының ықтимал жолдарын қамтитын радиациялық ахуалдың негізгі параметрлері туралы тұжырымдар, сондай-ақ радиоактивті заттарды тұрғындар мен қоршаған орта үшін қауіпсіз сақтау орнына дереу тасымалдау жөнінде ұсыным (қажет болған жағдайда) дайындайды;

      6) радиоактивті заттарды тасымалдауға мемлекеттік лицензиясы бар ұйым қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес алынған радиоактивті заттарды құжаттық ресімдеуді және тасымалдауды жүзеге асырады;

      7) алынған радиоактивті заттар табылған жерден тасымалданғаннан кейін жұмыс тобы радиоактивті заттар табылған жерде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы шешім қабылдайды, ықтимал радиологиялық салдар туралы тұжырымдар мен ұсыныстар дайындайды, бұл туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі хабардар етіледі.

      37. Заңға қайшы болуы мүмкін қызметтің заттай және өзге де дәлелдемелерін жоюға жол бермеу мақсатында азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның, атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері өкілдерінің барлық әрекеттері Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жүйесіне басшылық жасауды, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органның қажетті жедел-тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын өкілдерімен міндетті түрде келісіледі.

      38. Радиоактивті заттардың заңсыз айналымы фактісі бойынша тергеуге дейінгі тексеру аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешіледі.

      39. Атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган радиоактивті заттардың заңсыз айналымы анықталғаны туралы ресми хабарламаны Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің заңсыз айналым бойынша халықаралық дерекқорына жібереді.

      40. Тиісті санаттағы радиоактивті заттарды анықтау кезінде заңсыз айналым жағдайын зерттеу және тергеп-тексеру жөніндегі барлық рәсімдер жүргізілгеннен кейін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы 1994 жылғы 26 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепілдіктерді қолдану туралы келісімге сәйкес радиоактивті заттарды есепке қою рәсімі жүргізіледі.