Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.01.2024 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Өнеркәсіптік саясат туралы" 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
| Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2022 жылғы 17 мамырдағы № 310 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) дерекқор – тұжырымдамалық құрылымға сәйкес ұйымдастырылған деректер жиынтығы, ол осы деректердің сипаттамаларын, сондай-ақ олардың объектілері арасындағы өзара байланыстарды сипаттайды;
2) Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесі – өнеркәсіптің даму жай-күйі туралы ақпаратты көздейтін ақпараттық жүйе (бұдан әрі – жүйе);
3) жүйені пайдаланушы – Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесінде тіркелген және оның ресурстары мен құрамдастарын өнеркәсіптік саясатты іске асыруға байланысты рәсімдер мен операцияларды автоматтандырылған түрде орындау үшін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
4) Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесінің объектісі – Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесіне кіретін ақпарат, ақпаратты өңдеу процестері, ақпараттық ресурстар, функционалдық және ақпараттық сервистер;
5) Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесінің субъектісі – Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесінің объектілерін нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін пайдаланатын жүйені пайдаланушы.
2-тарау. Жүйені құру
3. Жүйе өнеркәсіптік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету, өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілеріне ұсынылатын қолдау туралы хабардар ету және өнеркәсіптің жай-күйі мен оның даму болжамы туралы ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру үшін қажетті ақпаратты жинау және өңдеу процестерін автоматтандыру мақсатында құрылады.
4. Жүйені құру:
1) жүйені құру және дамыту мәселелері жөніндегі стратегияны және іс-шаралар жоспарын қалыптастыру;
2) жүйеге қойылатын функционалдық және техникалық талаптарды айқындау;
3) жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті, оның ішінде деректерді қалыптастыру және өңдеу бөлігінде ұйымдастырушылық-өкімдік және әдістемелік құжаттарды бекіту;
4) жүйе субъектілерінің оны құру және жетілдіру саласындағы іс-қимылын үйлестіру;
5) жүйемен интеграциялануға жататын ақпараттық ресурстардың тізбесін қалыптастыру;
6) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын ақпараттық жүйелерді құру және дамыту тәртібін сақтау есебінен қамтамасыз етіледі.
3-тарау. Жүйені жүргізу
5. Жүйені жүргізу бизнес жүргізу процесін оңайлату мақсатында өнеркәсіптің жай-күйі туралы ақпараты қалыптастыруды және онымен алмасуды, өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілеріне өзекті ақпарат беруді, сондай-ақ өнеркәсіптік саясат бойынша болжамдау және шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік органдарды толық және анық ақпаратпен қамтамасыз етуді көздейді.
6. Жүйені жүргізу мүдделі мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік сектормен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.
4-тарау. Жүйені сүйемелдеу
7. Жүйені сүйемелдеу жаңғыртуды жүргізбей және қосымша функционалдық талаптарды іске асырмай әрі оның тұтастығын сақтау шартымен жүйенің ақауларын түзету, түрлендіру және жою жөніндегі іс-шараларды көздейді.
8. Жүйені сүйемелдеу жөніндегі жұмыстарды үйлестіру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес қамтамасыз етіледі.
5-тарау. Жүйенің жұмыс істеуі
9. Жүйенің жұмыс істеуі мыналардың:
1) жүйенің мәліметтерін автоматтандырылған түрде жинауды, сақтауды, өңдеуді, қорытуды жүзеге асыру, сондай-ақ оларды белгіленген тәртіппен жүйені пайдаланушыларға беру;
2) жалпыға қолжетімді ақпаратты интернет желісінің ашық кеңістігінде (ашық деректер нысанында) осыған неғұрлым ыңғайлы, осындай түрде жарияланған ақпараттың барынша маңызды құндылығын қамтамасыз ететін бейнеде орналастыру;
3) жүйенің субъектілері арасында мәліметтермен ақпараттық алмасу есебінен қамтамасыз етіледі.
10. Жүйенің интерфейсі мемлекеттік және орыс тілдерінде жұмыс істейді.
6-тарау. Жүйені пайдалану
11. Жүйені пайдалану жүйені пайдаланушыларға функционалдық және ақпараттық сервистерге қолжетімділік беруді көздейді.
12. Жүйе мынадай:
1) өнеркәсіптік саясаттың іске асырылуы;
2) өнеркәсіп салаларының дамуы туралы статистикалық деректер;
3) өндірістік қызметпен байланысты бағыттардың даму нәтижелері;
4) өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың іске асырылып жатқан шаралары;
5) өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың іске асырылуы туралы ақпаратты;
6) жүйеге кіретін функционалдық және ақпараттық сервистердің тізбесіне сәйкес өзге де ақпаратты қамтиды.