1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мынадай нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. "Қылмыстық істерді апелляциялық тәртіппен қарау тәжірибесі туралы" 2003 жылғы 19 желтоқсандағы № 13 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы № 18; 2015 жылғы 10 сәуірдегі №1; 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):
1) 8-тармақта:
мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
"Кассациялық саты үкімнің және барлық кейінгі қаулылардың күшін жойғаннан және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жіберген соң істі қарау ҚПК-нің 41-46-тарауларының нормалары сақталып, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша жүзеге асырылады.";
екінші, үшінші және төртінші абзацтар тиісінше үшінші, төртінші және бесінші абзацтар болып саналсын;
2) 9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Істерді апелляциялық сатыда қарау кезінде соттың құрамы ҚПК-нің 52-бабының екінші бөлігіне сәйкес айқындалады.
Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деген айыптау бойынша сотқа берілген адамның әрекеттері сот үкімімен қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс ретінде сараланса, онда қылмыстық іс апелляциялық сатыдағы сотта алқалы түрде қаралуға жатады.";
3) 15-тармақта:
екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Апелляциялық сатыдағы сот ҚПК-нің 431-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 6), 7), 8), 9), 10) тармақтарында көзделген шешімдерді қабылдау кезінде қаулы шығарады. Апелляциялық сатыдағы сот ҚПК-нің 431-бабы бірінші бөлігінің 4), 5) тармақтарында көзделген шешімдерді қабылдаған кезде ҚПК-нің 46-тарауының талаптарын сақтай отырып, жаңа үкім шығарады, онда бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жоюдың себептері мен негіздері келтіріледі. Апелляциялық үкімнің қарар бөлігі бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жою туралы шешімді жазудан басталады.";
мынадай мазмұндағы төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші абзацтармен толықтырылсын:
"Апелляциялық сатыдағы сот сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында процестік келісімді жасасу кезінде ҚПК-ні бұзушылықтарды анықтағанда (айыпталушының өз еркімен келісім жасасуға ниетінің жоқтығы, жәбірленушілердің келісімінің болмауы, белгіленген мерзімнің, жазаның, түрі мен мөлшерінің заң талаптарына сәйкес келмеуі және тағы да басқа) үкімнің күшін жою және анықталған бұзушылықтарды жою үшін қылмыстық істі прокурорға жіберу туралы уәжді қаулы шығарады.
Прокурор процестік келісімді жасасу кезінде жіберілген бұзушылықтарды жойғаннан кейін іс бірінші сатыдағы сотқа қарау үшін жіберіледі.
Апелляциялық сатыдағы сот мынадай қылмыстық-процестік заңның бұзылғанын: үкімді соттың заңсыз құрамы шығарғанын, сотталушының немесе жәбірленушінің ана тілін немесе өзі білетін тілді не аудармашының қызметін пайдалану құқығы бұзылғанын және судьяның үкімге қол қоймағанын анықтаған жағдайда үкімнің күшін жояды және істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді.
Апелляциялық сатыдағы сот, егер іс мәні бойынша қаралмаса, сот қаулысының күшін жоюға және істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуге құқылы.";
төртінші, бесінші, алтыншы абзацтар тиісінше сегізінші, тоғызыншы, оныншы абзацтар болып саналсын;
4) 21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Айыптау шегінде санкциясы неғұрлым қатаң жазаны көздейтін қылмыстық заңның басқа нормасы (бап, бөлік, баптың тармағы) қолданылатын жағдайларды аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану деп есептеген жөн. Қылмыстың ауырлығын немесе жеңілдеуін анықтау кезінде ҚК-нің тиісті бабында көзделген қылмыстық жазаның мөлшерін, түрін, сондай-ақ қылмыстық-құқықтық маңызы бар өзге де мән-жайларды бағалау қажет.
ҚПК-нің 442-бабының екінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешімдерді, егер осы негіздер бойынша прокурор өтінішхат келтірсе немесе жекеше айыптаушы, жәбірленуші, олардың өкілдері шағым берсе ғана, қабылдауға құқылы.
ҚПК-нің 442-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздермен соттың үкімі өзгертілген кезде апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығарады.
Айыптау шегінде неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолданған кезде апелляциялық сатыдағы сот ҚПК-нің 431-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес айыптау үкімінің күшін жояды және жаңа айыптау үкімін шығарады.";
5) мынадай мазмұндағы 21-1-тармақпен толықтырылсын:
"21-1. ҚПК-нің 440-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер ақталған адамның кiнәсiздiгiне, ақтау негіздеріне немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң мәнiне дау айтылмаса, ҚПК-нің 436-бабында көрсетілген қылмыстық-процестік заң елеулi түрде бұзылды деген уәжбен ғана ақтау үкiмiнің күшi жойылуы мүмкін емес.
Бірінші сатыдағы соттың қағидаларымен жүргізілген сот талқылауының нәтижелері бойынша ақтау үкімінің күші жойылғаннан кейін апелляциялық сатыдағы сот сотталушының кінәсіздігі туралы түйінге келген жағдайда, ҚПК-нің 431-бабы бірінші бөлігі 5) тармағының негізінде ақтау үкімінің күші жойылып, жаңа ақтау үкімі шығарылуы мүмкін.";
6) 26-тармақтың он үшінші абзацындағы "сот шығындарын бөлу туралы" деген сөздерден кейін ", Жәбірленушілерге өтемақы қорына өндіріп алынған соманың мөлшері туралы" деген сөздермен толықтырылсын;
7) 28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"28. ҚПК-нің 442-бабында көзделген өкілеттіктерді негізге ала отырып, апелляциялық сатыдағы сот жәбірленушінің, жекеше айыптаушының шағымы, прокурордың өтінішхаты болған кезде үкімге азаматтық талап қою, процестік шығындарды өндіріп алу және Жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлеп төлем жасау бөлігінде өзгерістер енгізуге негіздер болған кезде неғұрлым қатаң жаза тағайындауға немесе қосымша жаза қолдануға құқылы.
Апелляциялық саты, егер зерттеуді талап етпейтін негіздерді анықтаса және бұл туралы жекеше айыптаушы, жәбірленуші, олардың өкілдері шағымында немесе прокурор өтінішхатында көрсетсе не осы өзгерістер сотталған адамның жағдайын нашарлатпаса, рақымшылық жасау актісін дұрыс қолданбаудың, алдыңғы үкім бойынша шартты түрде соттаудың күшін жоюға, наградалар, контрабандалық заттар, мемлекеттік бажды өндіріп алу және басқалар туралы мәселені шешуге қатысты тиісті өзгерістерді сот үкіміне енгізуге құқылы.";
8) 34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"34. Апелляциялық үкімдер, қаулылар шығаруды ҚПК-нің 444-бабының қағидаларын сақтай отырып, жүзеге асыру қажет.
Судья (судьялар) кеңесу бөлмесінен отырыс залына оралған соң сот актісінің кіріспе және қарар бөліктері жария етіледі, одан кейін төрағалық етуші қабылданған шешімнің мәнін түсіндіреді, ол туралы сот отырысының хаттамасында белгі қойылады.
Үкім, қаулы жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді. ҚПК-нің 477-бабының үшінші бөлігіне сәйкес апелляциялық үкімді орындау кезінде туындайтын күмәндар мен түсініксіздіктерді сот актісін шығарған сот қарайды.
Апелляциялық сатының үкімі мен қаулысын орындауға енгізу ҚПК-нің 445-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.";
2. "Қылмыстық істер жөніндегі сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қараудың кейбір мәселелері туралы" 2018 жылғы 29 маусымдағы № 9:
1) 1-тармақтың бесінші абзацындағы "қорытындысында" деген сөз "өтінішхатында" деген сөзбен ауыстырылсын;
2) 2-тармақта:
екінші сөйлем мынадай редакцияда жазылсын:
"ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3), 5), 6) және 7) тармақтарында көзделген негіздер бойынша өтінішхаттар үкімді, қаулыны шығарған сотқа беріледі.";
мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
"ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 4) тармағында көзделген жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы арыздар, хабарламалар прокурорға беріледі.";
3) 4-тармақтағы үшінші және төртінші абзацтар алып тасталсын;
4) 5, 6, 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы іс жүргізуді қайта бастау екі сатыдан: жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғаудан және өтінішхатты қараудан тұрады.
Судья жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхат сотқа келіп түскен кезде он тәулік ішінде өтінішхаттың ҚПК-нің 499-бабының талаптарына сәйкестігін тексеруге және ҚПК-нің 504-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген шешімдердің бірін қабылдауға міндетті.
Апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарда өтінішхаттың ҚПК-нің 499-бабының талаптарына сәйкестігін тексеруді тиісті соттың судьясы жеке-дара жүргізеді.
Судья өтінішхатты соттың іс жүргізуіне қабылдау және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы қаулыны шығарған кезде, қылмыстық істі талап етіп алдыртады және түскен соң оны қаулымен сот отырысында қарауға береді. Қаулының көшірмесі өтінішхат берген адамға жіберіледі.
Өтінішхат қоса берілген құжаттармен бірге оны берген адамға, егер:
ол ҚПК-нің 499-бабының талаптарына сәйкес келмесе не үкімде көрсетілген дәлелдемелерге дау айтылса;
оған ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3), 5), 6) және 7) тармақтарында көзделген негіздерді растайтын сот актілері немесе өзге де актілер қоса берілмесе;
онда ҚПК-нің 500-бабында көрсетілмеген және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға жатпайтын сот шешімдерін қайта қарау туралы мәселе қойылса;
оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған нақ сол негіздер бойынша нақ сол тарап берсе, қараусыз қайтарылады.
Өтінішхатты қайтару судьяның хатымен жүзеге асырылады.
Өтінішхатты қайтаруға негіз болған кедергілер жойылғаннан кейін адам нақ сол сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатпен жалпы негізде сотқа қайта жүгінуге құқылы.
6. Судьяның жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы қаулысы, оған қоса берілген құжаттармен және қылмыстық іспен бірге түскен кезде сот өтінішхатты іс жүргізу қайта басталған не прокурордың өтінішхаты келіп түскен күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірілмейтін мерзімде ашық сот отырысында қарауға тиіс.
Сот отырысына арыз беруші, оның өкілі, қорғаушы, прокурор, процеске өзге де қатысушылар және сот отырысына сот шақырған өзге де адамдар қатысады. Сот талқылауының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған жоғарыда аталған адамдардың келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі келтірмейді.
Қажет болған жағдайда сот жеке адамның (адамдардың) сот отырысына келуі міндетті деп тануға құқылы, ол туралы қаулы шығарылады.
Сотталған адам сот талқылауына өзі қатысуы немесе бейнебайланыс арқылы қатысуы мүмкін.
Қарсылық білдіру мен өтінішхаттар қаралғаннан кейін сот отырысында бірінші болып сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау негіздері туралы өтінішхатты баяндайтын арыз беруші не сотқа тиісті өтінішхатпен жүгінген кезде прокурор сөз сөйлейді, одан кейін сот - сот отырысына келген басқа адамдардың сөздерін тыңдайды, жүргізілген тексеру немесе тергеп-тексеру нәтижелері бойынша арыз беруші, прокурор ұсынған материалдарды зерттейді.
Сот талқылауы ҚПК-нің 347-бабында көзделген тәртіппен хаттама толтырылып не ол аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріліп және жазбаша нысанда қысқаша хаттама толтырылып жүргізіледі. Хаттамаға ескертулер беру және оларды қарау ҚПК-нің 348, 348-1, 349-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
7. Бірінші сатыдағы соттың сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға қатысты іс жүргізуді қайта бастау туралы өтінішхатты осы соттың үкімді, қаулыны шығарған судьясы сот отырысында жеке-дара қарайды.
Егер жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы іс жүргізу қозғалған сот актілерін апелляциялық сатыдағы соттар алқалы түрде шығарса, онда сот шешімдерін қайта қарау алқалы түрде жүзеге асырылады, егер істі апелляциялық сатыдағы сот жеке-дара қараған жағдайда, судья жеке-дара қарайды.";
5) 8-тармақ алып тасталсын;
6) 10-тармақ мынадай мазмұндағы екінші, үшінші, төртінші, бесінші алтыншы және жетінші абзацтармен толықтырылсын:
"Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы қаулыны сот кеңесу бөлмесінде шығарады. Сот қаулының толық мәтініне қол қойылғаннан кейін сот отырысының залына оралып, оны жариялайды.
Соттың заңды күшіне енген үкімінің және өзге де сот актілерінің күші жойылған жағдайда істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарайтын сот мына: 1) іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы; 2) қылмыстық істі прокурорға жаңадан тергеп-тексеруге жолдау туралы; 3) қылмыстық істі үкімді шығарған бірінші сатыдағы немесе апелляциялық сатыдағы сотқа істі мәні бойынша жаңадан қарау үшін жолдау туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша шығарылған бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың қаулысына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды сотталған адам, ақталған адам, жәбірленуші немесе олардың заңды өкілдері мен қорғаушылары, сондай-ақ прокурор тиісті жоғары тұрған сотқа қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулік ішінде, ал күзетпен ұсталып отырған сотталған адам – оған қаулының көшірмесі тапсырылған күннен бастап сол мерзімде беруі мүмкін.
Он бес тәулік өткен соң берілген шағымдар, прокурордың өтінішхаттары, наразылықтар қараусыз қалдырылуы тиіс.
Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты мәні бойынша қарау қорытындылары бойынша бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың шығарған қаулылары олар шығарылған күннен бастап он бес тәулік өткеннен кейін, ал егер оларға шағым жасалса және оларды жоғары тұрған сот күшінде қалдырса, онда жоғары тұрған сот қаулы шығарған күні заңды күшіне енеді.
Егер сот немесе прокурор жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы өтінішхат бойынша оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдаса және оның күші жойылмай, заңды күшіне енсе, онда оны нақ сол бір негіздермен басқа адам қайтадан берсе де, іс жүргізу қозғалмайды.";
7) 12-тармақ алып тасталсын;
8) 13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау қорытындылары бойынша шығарылған бірінші сатыдағы соттың қаулыларына шағымдар, прокурордың өтінішхаттары қаулыны шығарған сот арқылы келтіріледі. Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау қорытындысы бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысына шағымдар, прокурордың наразылықтары тікелей кассациялық сатыдағы сотқа бұл туралы апелляциялық сатыдағы сотты хабардар ете отырып жолданады.
Сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау қорытындысы бойынша шығарылған бірінші сатыдағы соттардың қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарауды облыстық және оған теңестірілген соттар апелляциялық іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырады және шағым, өтінішхат бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.
Жаңадан ашылған мән-жайларға бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы өтінішхат бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулыларына шағымдарды, прокурордың наразылықтарын қарауды кассациялық сатыдағы сот, оларды алдын ала қарамай, қылмыстық істі талап етіп алдыртып, тікелей жүзеге асырады.
14. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы соттың қаулысы бар кассациялық сатыға берілген өтінішхат алқалы түрде қаралуға жатады және оны қарау қорытындысы бойынша қабылданған қаулы түпкілікті болып табылады, ол жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді және одан әрі шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.".
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Ж. Асанов |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |