"Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 13 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу және "Инвестициялық субсидия беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы № 764 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 13 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға арналған модельдік келісімшартта:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Инвесторға:

      1) инвестициялық жоба (оның ішінде инвестициялық басым жоба) бойынша инвестициялық преференциялардың мынадай түрлері беріледі:

      технологиялық жабдықты және оның жинақтауыштарын импорттау кезінде инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзіміне, бірақ осы инвестициялық келісімшартқа 2-қосымшаға сәйкес инвестициялық келісімшарт тіркелген кезден бастап 5 (бес) жылдан аспайтын мерзімге кедендік баж салудан босату;

      инвестициялық келісімшартқа 3-қосымшаға сәйкес тіркелген активтерге инвестициялардың көлеміне қарай технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерін импорттау кезінде 5 (бес) жылға дейінгі мерзімге кедендік баж салудан босату;

      жұмыс бағдарламасы бойынша тіркелген активтер пайдалануға берілген күннен бастап осы инвестициялық келісімшартқа 3-қосымшаға сәйкес шикізатты және (немесе) материалдарды импорттау кезінде 5 (бес) жыл мерзімге кедендік баж салудан босату;

      инвестициялық келісімшартқа 4-қосымшаға сәйкес жұмыс бағдарламасында көзделген тіркелген активтер пайдалануға енгізілген айдың 1 күнінен бастап қатарынан 5 (бес) жыл мерзімге шикізат және (немесе) материалдар импортын қосылған құн салығынан босату;

      мемлекеттік заттай грант: инвестициялық келісімшартқа сәйкес инвестициялық міндеттемелерін орындаған жағдайда ______ түрінде ________ құқығында кейіннен ______;

      2) инвестициялық басым жоба бойынша инвестициялық преференциялардың мынадай түрлерi берiледi:

      салықтар бойынша преференциялар:

      жаңа өндірістерді құру бойынша:

      инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған жылдың 1 қаңтарынан бастап және инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін 10 (он) жылдан кешіктірмей аяқталатын, инвестициялық келісімшартта көрсетілген басым қызмет түрлерін жүзеге асырудан алынған табыстар бойынша корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайту;

      инвестициялық келісімшарт жасалған айдың 1 күнінен бастап және инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан 10 (он) жылдан кешіктірмей аяқталатын жер салығының мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану;

      мүлік салығы халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және (немесе) қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бірінші актив және негізгі құралдар құрамында ескерілген айдың 1 күнінен бастап халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және (немесе) қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бірінші актив негізгі құралдар құрамында ескерілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан келетін 8 (сегіз) жылдан кешіктірмей аяқталатын мерзімге салық базасына 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеледі;

      жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша:

      инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт шеңберінде өнім шығаратын, соңғы тіркелген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап және инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт шеңберінде өнім шығаратын, соңғы тіркелген активтерді пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін 3 (үш) жылдан кешіктірілмей аяқталатын, инвестициялық келісімшартта көрсетілген басым қызмет түрлерін жүзеге асырудан алынған табыстар бойынша корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайту;

      инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшартта көзделген өнімді шығаратын, тіркелген активтерді кезең-кезеңімен енгізу кезінде жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша:

      инвестициялық жоба шеңберінде өнім шығаратын, тіркелген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап, инвестициялық жоба шеңберінде өнім шығаратын, пайдалануға берілген тіркелген активті енгізу жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін 3 (үш) жылдан кешіктірмей аяқталатын, инвестициялық келісімшартта көрсетілген басым қызмет түрлерін жүзеге асырудан түскен табыстар бойынша корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайту.";

      9-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) өз тарапынан мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап 5 (бес) жыл ішінде, ал құйма өнімді өндіруді қоса алғанда, машина жасау саласындағы инвестициялық басым жобалар бойынша инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап 20 (жиырма) жыл ішінде инвестордың құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) құрамынан шығуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.

      Осы тармақшаның ережелері мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің инвестордың құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі 50 пайыздан кем болатын квазимемлекеттік сектор субъектісі өз қызметін көмір қабаттарындағы метанды өндіру жөніндегі инвестициялық басым жобаны іске асыру шеңберінде жүзеге асыратын жағдайда қолданылмайды.";

      21-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Инвестициялық келісімшарт жасасқан инвестор жұмыс бағдарламасын іске асыруды аяқтағаннан кейін екі ай ішінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға аудиторлық есепті ұсынады, онда мыналар қамтылуға тиіс:";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Инвестициялық келісімшартқа қосымшаға өзгерiстер тараптардың келiсуi бойынша жылына екі рет енгiзiлуі мүмкін.";

      25-тармақтың екiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда көрсетілген инвестор инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялардың салдарынан бюджетке төленбеген салықтар мен кедендік баждардың сомаларын төлейді.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің құрылтайшы және (немесе) қатысушы (акционер) құрамынан шығуы жөніндегі талап орындалмаған жағдайда инвестициялық преференцияларды қолдану ол (олар) инвестордың құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) құрамынан толық шыққанға дейін бір жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.

      Тоқтатыла тұрған кезең ішінде инвестордың құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) құрамынан шығу жөніндегі талаптың орындалмауы инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға және бұрын берілген инвестициялық преференцияларды қайтаруға әкеп соқтырады.";

      45 және 46-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "45. Инвестициялық келiсiмшарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан инвестор өзiне мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай не инвестициялық келiсiмшарттың талаптарына сәйкес оның берiлген күнгi бастапқы құнын қайтарады.

      46. Мемлекеттiк заттай грантты қайтаруды инвестициялық келiсiмшарт жасасқан инвестор инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган инвестициялық келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiм қабылдағаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады.";

      49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. Инвесторды қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті органның жазбаша келісімімен жүзеге асырылады.";

      инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға арналған модельдік келісімшартқа 3-қосымшада:

      мынадай мазмұндағы ескертпемен толықтырылсын:

      "Ескертпе:

      технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерін импорттау кезінде кедендік баж салудан босату Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қызметтің басым түрлерінің тізбесіне сәйкес қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына тіркелген активтерге инвестициялардың мынадай көлемдеріне қарай айқындалатын мерзімдерге беріледі:

      1) бірлік мөлшері ағымдағы жылға арналған "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген бір миллион айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) дейін – 3 жылға;

      2) бір миллионнан бес миллион АЕК-ке дейін – 4 жылға;

      3) бес миллион АЕК-тен жоғары – 5 жылға.".

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Инвестициялық субсидия беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1120 қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 шілдедегі № 468 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин