"Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтарды жұмысын өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту және "Білім беру грантын беру

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 маусымдағы № 365 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 23 тамыздағы № 716 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 23.08.2023 № 716 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтарды жұмысын өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту және "Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 390 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту және "Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтарды жұмысын өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 1 маусымдағы
№ 365 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 30 наурыздағы
№ 390 қаулысымен
бекітілген

Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 22-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және маманды жұмысқа жіберу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе міндетін тоқтату, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары жұмыспен өтемеген жағдайда бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы – білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты және жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға қатысушылардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген тұлғалардың жұмыспен өтеу немесе өтемеген жағдайда бюджет қаражаты шығыстарының орнын толтыру жөніндегі өз міндеттерін сақтауын мониторингтеу мен бақылауды қамтамасыз ететін, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға;

      2) бейіні бойынша доктор – Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантура бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже;

      3) философия докторы (PhD) – Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша докторантура бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже;

      4) жас мамандар – Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары;

      5) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы –жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын және ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын жоғары оқу орны;

      6) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      7) халықты жұмыспен қамту орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға.

2-тарау. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа жіберу тәртібі

      3. Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгіленген және Қазақстан Республикасының ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтарына берілетін квота шегінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын педагогтік, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын (бұдан әрі – ЖЖБҰ) бітіргеннен кейін кемінде үш жыл тиісінше білім беру ұйымдарында, денсаулық сақтау ұйымдарында, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде, ветеринариялық ұйымдарда және меншік нысанына қарамастан ауылдық жерде орналасқан аграрлық бейіндегі ұйымдарда жұмыспен өтейді.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын және Заңның 26-бабы 8-тармағының 6) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖБҰ-ны бітіргеннен кейін оқыған жеріндегі өңірде кемінде үш жыл жұмыспен өтейді.

      5. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖБҰ-ны немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарды бітіргеннен кейін кемінде үш жыл білім беру ұйымдарында және денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтейді.

      6. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖБҰ-ны бітіргеннен кейін кемінде үш жыл меншік нысанына қарамастан ұйымдарда жұмыспен өтейді.

      7. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бейіні бойынша доктор бағдарламасы бойынша докторантурада білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары оқуды аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік органдарда немесе ЖЖБҰ-да немесе ғылыми ұйымдарда жұмыспен өтейді.

      8. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары оқуды аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ЖЖБҰ-да немесе ғылыми ұйымдарда жұмыспен өтейді.

      9. Осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ЖЖБҰ аяқтағаннан кейін өздері іс жүзінде оқыған уақытқа мөлшерлес мынадай:

      1) ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауысқан;

      2) мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқудан ақылы негіздегі оқуға ауысқан;

      3) ағымдағы немесе келесі оқу жылы ішінде кейіннен қайта қабылдау шартымен ЖЖБҰ-дан оқудан шығарылған жағдайларда осы тармақта көзделген мерзім шегінде жұмыспен өтейді.

      Жұмыспен өтеу мерзімі мынадай формула бойынша есептеледі:

      T = y / X * z,

      мұндағы:

      Т – айлармен жұмыспен өтеу мерзімі, күндерге бөлшектенбейді (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына жүргізіледі);

      y – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқудың айлармен нақты мерзімі, күндерге бөлшектенбейді (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына жүргізіледі);

      x – ЖЖБҰ-да оқудың айлармен жалпы мерзімі (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына жүргізіледі);

      z – Заңның 47-бабының 17-тармағында және осы Қағидаларда көзделген, бүкіл мерзім бойы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқып шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 36 айды құрайтын жұмыспен өтеу мерзімі.

      10. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа жіберу мақсатында оларды дербес бөлу жүзеге асырылады.

      11. Өз жұмысын құрамы бекітілген күннен бастайтын жас мамандарды дербес бөлу жөніндегі комиссиялар (бұдан әрі – бөлу жөніндегі комиссиялар) тұрақты жұмыс істейтін болып табылады және жыл сайын:

      1) медициналық мамандықтар бойынша ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін квота шегінде оқуға түскен азаматтарды және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, оларды жұмысқа дербес бөлу үшін – осы Заңның 47-бабы 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары оқуды аяқтайтын Қазақстан Республикасының тиісті ЖЖБҰ жанынан;

      2) ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін квота шегінде медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтарын және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа дербес бөлу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның жанынан құрылады.

      Бөлу жөніндегі комиссиялар туралы ережені білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар (бұдан әрі – уәкілетті органдар) бекітеді.

      12. Бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) қоспағанда, Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) бөлу жөніндегі комиссиялар жыл сайын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына:

      ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін квота шегінде;

      мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқуға түскен түлектердің санын, тұратын жерін, алған мамандығы мен оқу тілін көрсете отырып, ағымдағы жылғы түлектерді кейіннен жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарын ұсынуға өтінімдер жібереді;

      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ұсынылған өтінімдерге сәйкес бөлу жөніндегі комиссия мәлімдеген мамандықтар бойынша бөлу жөніндегі комиссияға:

      ауылдық квота шегінде оқыған азаматтар үшін ауылдық жерде орналасқан білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде не ветеринариялық ұйымдарда және меншік нысанына қарамастан аграрлық бейіндегі ұйымдарға;

      Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары үшін оқу орны бойынша өңірдегі педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша;

      мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша білім алған азаматтар үшін білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарына;

      мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған азаматтар үшін меншік нысанына қарамастан ұйымдарға кадрлар қажеттілігі туралы ақпарат береді.

      13. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген, ағымдағы жылы оқуды аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматтары 1 қыркүйектен кешікпей жолдама бойынша жұмыс орнына келеді.

      14. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы:

      1) Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары келгеннен кейін бір ай ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына жұмыс орны және көрсетілетін әлеуметтік көмектің түрі (бар болса) туралы мәліметтерді ұсына отырып, бөлуге сәйкес келгені туралы растауды жібереді;

      2) 2012 жылдан бастап жыл сайын 1 қыркүйекке қарай білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының жұмыс істейтін азаматтарының тізімдерін жібереді;

      3) Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыстан босату туралы мәліметтерді және растайтын құжаттарды білім беру саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      15. Мемлекеттік білім беру ұйымдары мен мемлекеттік медициналық ұйымдарға жұмысқа бірінші кезекте бөлінуге:

      1) жұбайы (зайыбы) бос жұмыс орнын ұсынған елді мекенде тұратын, жұмыс істейтін немесе қызмет өткеретін адамдардың;

      2) ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек болып табылатын адамдардың, сондай-ақ бос орынды ұсынған елді мекенде тұрақты тұратын, қорғаншы және қамқоршы болып табылатын адамдардың құқығы бар.

      16. Бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) ЖЖБҰ-да және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органда бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) бөлу жөніндегі комиссиялар құрылады;

      2) ЖЖБҰ, мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдар тиісті бос орындар болған жағдайда жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей уәкілетті органдарға ЖЖБҰ-дағы, мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдардағы кадрларға қажеттілік туралы өтінімдер жібереді;

      3) бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) бөлу жөніндегі комиссиялар жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей уәкілетті органдарға мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) даярлау бағдарламасы бойынша докторантураға түскен және ағымдағы жылы оқуын аяқтайтын адамдардың тізімдерін жібереді.

      17. Бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) дербес бөлу ұсынылған құжаттар бойынша және ЖЖБҰ-ның, мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдардың кадрларға қажеттілік туралы өтінімдеріне сәйкес уәкілетті органдар ұсынған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.

      18. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын дербес бөлу кезінде:

      1) тұрақты тұратын орны немесе бөлу қолайлы болатын елді мекен;

      2) түлек үлгерімінің орташа балы;

      3) жұмыс берушілердің өтінішхаттары;

      4) Заңда және осы Қағидаларда көзделген бірінші кезекте бөлу құқығын беретін жағдайлардың болуы;

      5) Заңда және/немесе осы Қағидаларда белгіленген, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босататын не жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындау мерзімін кері шегеретін жағдайлардың болуы ескеріледі.

      19. Мерзімді әскери қызметке түскен немесе шақырылған кезде Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарына қызмет өткеру уақыты жұмыспен өтеу мерзіміне есепке жатқызылмай, қызмет өткеру уақытына кейінге қалдыру беріледі.

      20. Бөлу сәтінде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда бөлу жөніндегі комиссиялар Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу мерзімінде жұмыссыз ретінде есепте болған уақытты есепке ала отырып, тұрғылықты жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталығында не "электрондық үкіметтің" веб-порталы немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге жібереді.

      21. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге жолдама алғаннан кейін оқуды аяқтаған жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей, жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін өтініш жасайды және Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі.

      22. Тұрғылықты жері бойынша өңірде Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген және жұмыспен қамту орталықтарында есепке алынған азаматтардың кәсіптік даярлығы мен мамандығына сәйкес келетін бос жұмыс орындары болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар жұмыс іздеп жүрген адамдарға "электрондық еңбек биржасы" ақпараттық порталында қамтылған еңбек нарығының базасы туралы деректерді ескере отырып, басқа өңірлерде жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады.

      23. ЖЖБҰ-да оқуын бір мезгілде аяқтаған ерлі-зайыптыларға бір елді мекенде орналасқан ұйымдарда жұмыс беріледі. Егер ерлі-зайыптылардың біреуі оқуын бұрын бітірсе, онда оны бөлу жалпы негіздерде жүргізіледі. Бұл жағдайда оқуын кейін аяқтаған жұбайы (зайыбы) жұбайының (зайыбының) жұмыс орны бойынша бірінші кезекте бөлінуге құқылы.

      24. Ағымдағы жылдың түлектерін бөлу жөніндегі комиссиялардың отырыстары жыл сайын ерте дегенде 1 маусымда күндізгі форматта немесе қашықтан өткізіледі.

      Заңның 47-бабы 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін бөлу жөніндегі тиісті комиссияларға берілген өтініштер негізінде бөлу жөніндегі тиісті комиссиялардың отырыстарына қатысуға жіберіледі.

      25. Бөлу жөніндегі тиісті комиссияға дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда Заңның 47-бабы 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің қатысуынсыз бөлінеді.

      26. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының бірнеше азаматын бір бос орынға жіберуге жол бермеу мақсатында оларды бөлу жөніндегі комиссиялар құрылған тиісті ЖЖБҰ-ның жұмысқа бөлінген, Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы азаматтарының алдын ала тізімдерін жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей білім беру саласындағы уәкілетті органға жіберуі арқылы алдын ала бөлу жүзеге асырылады. Осындай фактілер анықталған жағдайда Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын бөлу білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілгеннен кейін жүргізіледі, бұл ретте үлгерімнің орташа балы және ЖЖБҰ орналасқан жерінің болжамды бөлу орнына жақындығы назарға алынады.

      27. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген, ағымдағы жылы оқуын аяқтайтын Қазақстан Республикасының азаматтарын дербес бөлу тиісті бөлу жөніндегі комиссияның хаттамалық шешімімен жыл сайын 1 шілдеден кешіктірмей ресімделеді, оның негізінде ЖЖБҰ осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмысқа жолдамалар дайындайды. Бұл ретте Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын бөлу туралы оларды хабардар етуді ЖЖБҰ хаттамалық шешім қабылданған сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жұмысқа жолдамалар беру арқылы жүзеге асырады.

      Бөлу жөніндегі тиісті комиссияның хаттамалық шешімін отырысқа қатысып отырған бөлу жөніндегі комиссия мүшелерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімдеуге жол беріледі.

      28. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы азаматтарының жұмыспен өтеу мерзімі олардың жұмыс берушілермен еңбек шартын жасасқан күнінен бастап есептеледі.

      29. ЖЖБҰ және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жыл сайын 15 тамыздан кешіктірмей бөлу туралы хаттамалық шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына бөлу жөніндегі барлық материалдарды жібереді.

      30. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарымен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылған жағдайда, жұмыс беруші еңбек шарты бұзылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті растайтын құжаттарды ұсына отырып, бұл туралы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиісті жергілікті атқарушы органын хабардар етеді.

      31. Мыналар:

      мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға, магистратураға немесе докторантураға түспеген адамдар;

      мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін оралған адамдар;

      жұмыс берушінің таратылуы немесе қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы негіздері бойынша жұмыстан босатылған адамдар;

      жұмыс беруші бос жұмыс орындарын сақтамаған адамдар;

      бір бос орынға бірнеше жас маманның жіберілуіне байланысты жұмысқа қабылданбаған адамдар;

      әңгімелесуге жіберілмеген немесе бос мемлекеттік лауазымға орналасу үшін конкурстық іріктеуден өтпеген бейін бойынша докторлар;

      бөлінген жерге белгіленген мерзімде дәлелді себептермен (жас маманның немесе жақын туыстарының науқастануы, некеге тұруы және тұрғылықты жерін ауыстыруы, жұмыспен өтеу орнына уақтылы келуіне кедергі болған өзге де отбасылық және форс-мажорлық мән-жайлар) келмеген адамдар;

      дәлелді себептер бойынша, оның ішінде:

      уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру үшін жұмысқа қабылданған кезде негізгі жұмыскердің жұмысқа шығуына байланысты жұмыстан босатылуы (уақытша бос мемлекеттік лауазымға орналастыруды қоса алғанда);

      некеге тұруы және осыған байланысты тұрғылықты жерін өзгертуі бойынша бастапқы бөлінген жерде толық мерзімді өтемеген адамдар қайта бөлінуге тиіс.

      32. Осы Қағидалардың 31-тармағында көрсетілген адамдарды қайта бөлу бастапқы бөлу сияқты тәртіппен жүзеге асырылады.

      33. Осы Қағидалардың 31-тармағында көрсетілген адамдарды қайта бөлу жөніндегі материалдарды ЖЖБҰ және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бөлу жөніндегі комиссиялары қайта бөлу туралы хаттамалық шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына жібереді.

3-тарау. Өз бетінше жұмысқа орналасу, жұмыспен өтеу міндетінен босату және оны тоқтату құқығын беру

      34. Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босату бөлу жөніндегі комиссияның хаттамалық шешімімен мынадай санаттарға:

      1) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызмет өткеретін елді мекенде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда;

      2) I және II топтағы мүгедектерге;

      3) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға, магистратураға, докторантураға одан әрі оқуға түскен адамдарға;

      4) жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оларды өздері тәрбиелеп отырған адамдарға беріледі.

      35. Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген, оқытуға байланысты бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтемей, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттің тоқтатылуы:

      1) жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттерді орындауға байланысты;

      2) тиісті құжаттармен расталатын білім алушының (жас маманның) қайтыс болуына байланысты;

      3) жұмыспен өтеу мерзімі ішінде I және II топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда;

      4) Заңда және осы Қағидалардың 34-тармағында көзделген жағдайларда жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босатылуына байланысты басталады.

      36. Осы Қағидалардың 15, 20, 34 және 35-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар тиісті құжаттармен расталуға тиіс.

4-тарау. Жұмыспен өтемеген жағдайда бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу тәртібі

      37. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы азаматтарының жұмыспен өтеу немесе жұмыспен өтемеген жағдайда, бюджет қаражатының шығыстарын өтеу жөніндегі міндеттерін орындауының сақталуын мониторингтеуді және бақылауды қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына жүктеледі.

      38. Білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы өз құзыреті шегінде:

      1) жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттерінің орындалуын мониторингтеу мақсатында Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары бойынша дерекқор қалыптастырады және жүргізеді, ұсынылған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының және білім беру саласындағы уәкілетті органның көмегімен бөлу жөніндегі комиссиялар шешімдерінің орындалуына мониторинг жүргізеді;

      3) Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттерін бұзған жағдайда, олардың өздерін оқытуға байланысты бюджет шығыстарын өтеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

      39. Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтары Заңның 47-бабының 17-2 және (немесе) 17-3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өздерін оқытуға байланысты бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы арқылы бюджетке нақты жұмыс істелген кезеңге мөлшерлес өтейді.

      40. Жұмыспен өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шығыстарын өтеу мынадай формула бойынша нақты жұмыспен өтеген кезеңге мөлшерлес жүзеге асырылады:

      S1 = (z - d) * S / z,

      мұндағы:

      S1 – бюджетке қайтарылуға тиіс сома, теңгемен;

      d – айлармен нақты жұмыс мерзімі, күндерге бөлшектенбейді (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына жүргізіледі);

      z – Заңның 47-бабының 17-тармағында және осы Қағидаларда көзделген мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде толық мерзім оқып шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 36 айды құрайтын жұмыспен өтеу мерзімі;

      S – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде барлық оқу кезеңіне жұмсалған бюджет қаражатының сомасы.

  Маманды жұмысқа жіберу,
бюджет қаражаты есебінен
шеккен шығыстарды өтеу, өз
бетінше жұмысқа орналасу
құқығын беру, мемлекеттік білім
беру тапсырысы негізінде білім
алған Қазақстан
Республикасының азаматтарын
жұмыспен өтеу жөніндегі
міндетінен босату немесе
олардың міндетін тоқтату
қағидаларына
қосымша

Жұмысқа жолдама

      _________________________________________________________________ (ЖЖБҰ атауы) мамандығы және (немесе) білім беру бағдарламалары бойынша түлек _________________________________________________________________ (Т.А.Ә. (болған жағдайда)) _________________________________________________________________ дербес бөлу жөніндегі комиссияның ___________ № __________ шешімінің негізінде __________________________________________________ ретінде (лауазымы) _______________________________________________________ орналасқан (мекенжайы) _______________________________________________________ жіберіледі. (ұйым атауы) ЖЖБҰ басшысы Қолы ---------------------------------------------------------------------------- (кесу сызығы) Мен, ___________________________________________________________, (Т.А.Ә. (болған жағдайда)) __________________________________________________________ бітіріп, (ЖОО атауы) _____________________________________________________ орналасқан, (мекенжайы) ________________________________________________________ жұмысқа (ұйым атауы)_____________________________________________________ лауазымына жолдама алғанымды растаймын. 20 ___ ж ___ ________ түлектің қолы _________________________