Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 21.06.2023 № 492 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 9 шілдедегі № 489 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 сәуірдегі № 223 қаулысына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 9 шілдедегі № 489 қаулысымен бекітілген |
Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 225-2-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау тәртібін айқындайды.
2. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің мөлшері мың теңгеге дейінгі дәлдікпен дөңгелектенеді.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдік шартының талаптарына сәйкес экспортты қолдау функцияларын жүзеге асыратын ұлттық компания алдындағы оның сақтандыру төлемдері бойынша берешегін толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі;
2) салалық қорытынды – сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның экспортты қолдау функцияларын жүзеге асыратын тиісті ұлттық компанияның экспортын қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік берудің саланы дамыту басымдықтарына сәйкестігі тұрғысынан қорытындысы;
3) сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – шикізаттан басқа тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын дамыту және ілгерілету саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде сыртқы сауда қызметін реттеу саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау тәртібі
4. Тиісті жылға арналған экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасы:
жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемін;
бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ұсынған жоспарланатын қаржы жылына арналған үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындарды;
уәкілетті органның экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы ұсынысын негізге ала отырып қалыптастырылады.
5. Уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 сәуіріне дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы ұсыныс береді.
Уәкілетті органның ұсынысына оның оң салалық қорытындысы және экспортты қолдау функцияларын жүзеге асыратын ұлттық компанияның мынадай құжаттары:
1) құрылтай құжаттарының көшірмелері, сондай-ақ экспортты қолдау функцияларын жүзеге асыратын ұлттық компанияның мәртебесін растайтын құжаттар;
2) экспортты қолдау функцияларын жүзеге асыратын ұлттық компанияның соңғы үш жылдағы аудиттелген қаржылық есептілігі;
3) экспортты қолдау функцияларын жүзеге асыратын ұлттық компанияның даму стратегиясы;
4) рейтингтік есеп қоса беріледі.
6. Салалық қорытынды:
1) шикізаттан басқа экспортын осындай мемлекеттік қолдаудың мүмкіндігі мен орындылығын;
2) саланың жай-күйі мен оның дамуына әсер ететін проблемаларды;
3) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру мақсаттарының салада орын алып отырған проблемаларды шешуге сәйкес келуін;
4) экспортты қолдау функцияларын жүзеге асыратын ұлттық компанияға экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік берудің негізділігін және жетекшілік ететін сала мен экономиканың аралас салаларындағы (аяларындағы) болжамды әсерді (негізгі қатысушылар, олардың өзара іс-қимыл схемасы, экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік жөніндегі міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты пайдалану және қайтару схемасы);
5) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік жөніндегі міндеттемелердің орындалуын талап етуі мүмкін болжамды тәуекелдерді (сақтандыру, саяси, қаржылық тұрақтылық тәуекелдері) және оларды барынша азайту жөніндегі іс-шараларды;
6) ұлттық компания жүзеге асыратын қызметтің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының мақсаттарына сәйкестігін, оның ішінде тиісті салада көрсетілетін қызметтерге сұраныстың бар-жоғын, сондай-ақ экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік берудің болжамды түпкілікті нәтиженің болуын, экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беруді ұсынудың Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларына не актілеріне сәйкестігін;
7) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктің мөлшері мен қолданылу мерзімінің негізділігін;
8) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті қолданудан түсетін пайданың бөлінуін;
9) экономиканың аралас салаларына (аяларына) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті қолданудың болжамды мультипликативтік әсерін бағалауды қамтиды.
Салалық қорытындыға уәкілетті органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қояды және ресми құжаттар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделеді.
7. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жоспарланатын қаржы жылына арналған үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындар, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындар туралы ақпарат береді.
8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын төмендегі формула бойынша айқындайды және тиісті қаржы жылына арналған экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасы жөніндегі тиісті ұсыныстарды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді:
В2 < (ExGB * 0,15) – В1, мұнда
В2 – жоспарланатын қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемі;
ExGB – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемі;
В1 – жоспарланатын қаржы жылына арналған үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың көлемі.
9. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын нақтылау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет параметрлері өзгерген жағдайда, ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет нақтыланған кезде жүргізіледі.
Бұл ретте, осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген ақпарат ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Республикалық бюджет комиссиясының шешімі қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде беріледі.